ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ЕҢБЕК НАРЫҒЫН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУДІ ЖЕТІЛДІРУ

Уайділда А.Ө. – ҚарМТУ магистранты (ГМУМ – 16 -1) Ғылыми жетекшісі – phD докторы Бокенчин К.К.

ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ЕҢБЕК НАРЫҒЫН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУДІ ЖЕТІЛДІРУ

Мемлекет еңбек ресурстарының экономиканың заңды секторына өтуі үшін қосымша ынталандыруларды қалыптастырады. Бүгінгі таңда қоғам мен мемлекетті дамытудағы адам капиталы факторына зор зейін қойылып келеді.
Осы тұрғыдан алғанда халықтың табысты да тұрақты жұмыспен көбірек қамтылуы қоғам орнықтылығының аса маңызды шарттарының бірі болып табылады, мұның өзі елдегі экономикалық және әлеуметтік ахуалға айтарлықтай дәрежеде ықпал етеді. Жұмыспен қамту проблемасы бүгінде әлемдік күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Мәселен, Халықаралық еңбек ұйымының көңіл көншітпейтін болжамына қарағанда алдағы төрт жылда планетадағы жұмыссыздар саны жылына шамамен үш миллионға көбейіп, алдын ала есептеу бойынша 2017 жылға қарай 211 млн. адамға жетеді екен, ал бұл өте ауыр салдарларға әкеп соғуы мүмкін. Мысалға Еуропалық одақты алайық. Бүгінгі таңда Грекияда, Португалияда, Испанияда, Италияда және Еуропаның басқа елдерінде болып жатқан жағдай – жұмыссыздықты туындататын экономикалық проблемалардың айқын салдарлары, бұл терең әлеуметтік және тіпті саяси дағдарысқа ұласып барады. Қазір елімізде жұмыспен қамтылмаған, бірақ жұмыс істеуге қабілетті халық саны 5% — дан сәл — ақ асады. Бұған білім деңгейін арттыруға, кәсіби кадрларды даярлау жүйесін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған, Парламент қабылдаған заңдар да септігін тигізді. Бұл мақсаттарға тек «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша ғана 2011 — 2012 жылдары республикалық бюджеттен 102 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Жұмыспен қамтудың іс жүзінде тиісті түрде қолданылып отырған және тиімділігі дәлелденген тетіктері мен құралдары сынақтан өткізілді. Бағдарламаның іске асырылуының бір жарым жылы ішінде оған 239 мың адам қатысты. Ағымдағы жылы халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаның барлық бағыттарын жүзеге асыруға 1,1 трлн. теңге бөлінді, бұл 110 мыңға жуық адамды қамтуға мүмкіндік жасайды, ал 2014 жылы 1,2 трлн. теңге бөлінеді. Мәселен, ағымдағы жылдың басында 102 мыңнан астам адам аталған бағдарлама бойынша әлеуметтік шартқа қол қойды, олардың ішінде 66% — ға жуығы жұмыссыздарды, 27%-ға жуығы өзін — өзі жұмыспен қамтығандарды құрады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан — 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «…біз еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету және еңбек төлемі саясатын жаңғыртуға тиіспіз» деп атап көрсетілген. Бүгінде былай деп айтуға болады, егер бұрын барлық негізгі іс — шаралар жұмыссыздықпен күреске бағытталған болса, енді халықты жоғары жалақысы бар, тиімділігі жоғары, инновациялық өндірістерде жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөнінде анағұрлым биік міндеттер қойылып отыр. Бұл өз кезегінде еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білікті мамандар даярлауды талап етеді. Мұның өзі бірінші кезекте Үдемелі индустриялық — инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін кадрлық әлеуетті ұлғайтумен байланысты болып отыр, оның шеңберінде 2010 — 2012 жылдары жалпы сомасы 2,1 трлн. теңге болатын 500 — ден астам инвестициялық жоба іске қосылып 57 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Демек, еңбек нарығы құрылымында оның неғұрлым тиімділігі мен икемділігіне қарай өзгерістер болып жатыр.
Мемлекет басшысы жұмыспен қамту саясатын еңбек нарығына, сондай — ақ жұмысқа қабілетті жұмыссыз халық үшін іс жүзінде жұмыс орындарын ашуға бағдарлап түзету қажеттігі жөнінде бірқатар міндеттер қойып отыр. Бұл бағытта «Жұмыспен қамту — 2020», Білім беруді 2020 жылға дейін дамыту, «Бизнестің жол картасы 2020», Үдемелі индустриялық — инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы сияқты стратегиялық бағдарламалар табысты жұмыс істеуде.
Еңбек нарығындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары келесілер болуы мүмкін:
— еңбек миграциясы үдерістерін реттеу, әсіресе иммиграция үдерісін;
— өндіріс пен ішкі жалпы өнім көлемінің құлдырауын жою негізінде халық табысының оңтайлы деңгейіне, еңбек ақыны реттеудің ұжымдық келісім шарттық жүйесінің дамуына, тұтыну бағаларына динамикасына сәйкес еңбек ақыны тұрақты индексациялауға қол жеткізу, еңбек ақының ең төменгі мөлшерін аз қамтамасыз етілудің құндық шекарасына дейін көтеру, қала және ауыл табыстары деңгейіндегі алшақтықты қысқарту;
— кәсіпорындарды қайта бағдарлау, меншік түрлерін өзгерту жолымен бар жұмыс орындарын барынша сақтау негізінде экономикалық мүдделер мен өндірістік қажеттіліктер басымдықтарын ескере отырып, жұмыс
орындары мен еңбек ресурстарының теңсіздігін жою;
— жоғары білікті мамандардың жұмыспен қамтылу жағдайларын жақсарту, кәсіпорындар тапсырыстары бойынша кәсіби даярлау тәжірибесін өрістету, кадрларды кәсіби даярлау мен қайта даярлау жүйесін ауыл шаруашылығының сандық және сапалық қажетті жұмыс күшінің шынайы мұқтаждықтарымен сәйкестендіру.
Аталған шаралар кешенін жүзеге асыру Қазақстанға «Қазақстан 2050» Стратегиясының басты мақсатына жетуге қуатты мемлекет, дамыған экономика және жалпыға бірдей еңбек мүмкіндіктері негізінде берекелі қоғам құруға мүмкіндік береді деп сенемін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *