Ертегі оқу. Ерекшелігі

Балабақшада балаларды ауыз әдебиеті үлгілерімен таныстырып, олардың рухани өмірін байыта түсу тәрбиешінің басты міндеті болып саналады. Балабақшаға арналған оқыту және тәрбиелеу бағдарламасында тіл дамыту сабағында ауыз әдебиетінің үлгілерін оқытуға баса назар аударған. Оқылған әрбір ертегі, мақал-мәтел, жұмбақтар арқылы балалардың ой-өрісін дамытуға, қиялын шарықтатып, тіл байлығын молайтуға ерекше мән берген. Халық ауыз әдебиетінің басты саласының бірі — ертегілер. Қазақ халқының тұрмыс-салтын, арман-үмітін, өткен өмірін кеңінен танытатын ауыз әдебиеті саласының бірі. Ертегілер өте ерте заманда тіпті жазу, сызу болмаған кездің өзінде-ақ туған. Жаратылыс құбылыстарын, табиғат сырын жетік білмеген, олардың неліктен болатынын толық түсінбеген адамдар әр нәрсені қиял еткен. Өздерінің ауыр еңбектерін жеңілдету жағын қарастырған.
Ертегілер мазмұны мен ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінеді.
1. Қиял-ғажайып
2. Хайуанаттар
3. Шыншыл
Қиялғажайып ертегілеріне жататын ертегілер ескі заманда туған. Ертегі адамдар өздерімен алысқан жаулары жайында, сол жауларды жеңу туралы қиялдап етегілер шығарған. Қиял-ғажайып ертегілерінің ішіндегі малшы, бақташылар жайындағылар да оқушыны, тыңдаушыны бірден баурап алады. Сондай ертегілердің бірі «Күн астындағы Күнекей қыз» туралы ертегі. Бұл ертегіде қарапайым бақташы шаруаның ғажайып ерліктері суреттелген. Ертегінің басты кейіпкері қойшы бала мал бағуды кәсіп еткен шаруа өкілі болып көрінеді. Ол өзінің үй-ішін, туған-туысқандарын адал еңбегімен асырайды. Одан кейінгі бөлімде ханды сынау мақсатында алтын мүйізді киікті ғана оған сыйға тартады. Хан оған ризашылық білдірмей оны неше түрлі қиын-қыстау жұмыстарға жұмсайды. Ертегінің соңында алтын мүйізді киікті, алтын мен алтын ағашты және күн астындағы күнекей қызды алған қойшы бала мақсат мұратына жетеді.
Қиял-ғажайып ертегілеріне «Ұшқыш кілем», «Ағаш ат», «Үш өнерпаз», «Жеті өнерпаз» және т.с.с. ертегілер жатады.
Хайуанаттар жайындағы ертегілер.
Ертедегі адамдар өздерінің күн көрісі үшін жануарларды пайдалану, қолға үйрету, асырау жайында түрлі ертегілерді ойлап шығарған. Хайуанаттар туралы ертегілердің көпшілігінде адамдар хайуанаттарды жаратушы, жарылқаушы керемет күш бейнесінде алып, соларға табынған. Мысалы, оларға мынадай ертегілерді жатқызуға болады, «Ақ қасқыр», «Жігіт пен қасқыр», «Сиқыршы» т.б
«Ақ қасқыр» ертегісінде адамдар қасқырды бір жарылқаушы күш деп түсінген, яғни қасқырдың адам баласына істеген жақсылықтарын суреттеген. Басында жылқысын іздеп шыққан жігіт көкжал қасқырдың қызына үйленеді. Қырық күндей үңгірде тұрады. Жігіт өзінің қасқыр енесінің көмегімен ханның барлық бұйрықтарын орындап, өлімнен құтылып мақсат мұратына жетеді. Осындай қызық оқиғаға құрылған «Ақ қасқыр» ертегісі адамдарды қасқырды жарылқаушы ие деп көрсетеді.
Ертегілердің келесі түрі — шыншыл ертегі.
Бұл ертегілердің өзіндік ерекшелігі кейіпкерлері халық өкілдері болып келеді және бұл ертегілерде таптың сипаты басым болады. Оған «Аяз би», «Тоғыз тоқылдақ, бір шіңкілдек», «Ұр тоқпақ» ертегілері жатады. Шыншыл және тұрмыс-салт ертегілерінің басты тақырыбы еңбек адамдарының өмірі, ісі болып келеді. Қарапайым адамдар өздерінің ақылдылығымен хандар мен байларды жеңіп отырады. Сондай ертегілердің бірі «Аяз би» ертегісі. Ертегінің негізгі идеясы шаруа адамның ісі мен ақылын көрсету. Ертегінің негізгі оқиғасы қазақ өмірінің шындығынан алынған және мәні зор тартыстардың төңірегінде құрылған. Яғни қанаушылық пен езілген адамдардың арасындағы таптық қарым-қатынастар, тартыстар терең суреттелген. Хандар мен уәзірлердің жауыздығын халық, ертегінің кейіпкері «Аяз би» арқылы әшкере етеді. Халықтың ойынша енді озбыр хандар емес қарапайым халықтың жағдайы жақсарады дейді.
Ертегілердің көншілігі, «ерте, ерте, ерте екен»,-деген сөздер арқылы тыңдаушыға жұмбақ оқиғамен басталады және ертегілер көбінесе қарасөзбен айтылады. Араларында өлең, ырғаққа құрылған үзінділер де кездеседі. Балабақшада ертегі оқу сабақта және сабақтан тыс кезде де жүргізіледі. Сәбилер тобында көлемі шағын ертегілер ауызша әңгімелеп беру тәсілі арқылы таныстырылады. Ал, ересектер тобында оқығанда тыңдату мен әңгімелеп беру қатар жүргізіледі. Ертегіні бастамас бұрын тәрбиеші ертегі оқып беретіндігін, не үшін ертегі деп аталатындығын балаларға түсіндіру керек. Содан соң ертегінің тақырыбы айтылып, мазмұн баяндалады. Күннің 2-жартысында айтылған ертегінің мазмұнын балалар қалай түсінгендерін байқау үшін сұрақ-жауап әдісін пайдаланады немесе ертегілерді кейіпкерлендіру жұмысын жүргізуге болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *