Шеше мен бала
Ы.Алтынсарин
Шешесі қыз баласынан сұрады:
−Берген ақшамды қайда қойдың?
Бала:
−Біреуге бердім.
Шешесі:
−Кімге?
Бала:
−Бір тентек балаға бердім.
Шешесі:
−Мұнан былай тентек болма деп берген шығарсың?
Бала:
−Рас, әже, екінші рет тентек болма дедім. Құс та Құдайдың жәндігі ғой, әже?
Шешесі:
−Біз де, құс та, бөтен жан-жануардың бәрі де Құдайдың жаратқаны.
Бала:
−Әлгі бала Құдай-тағаланың жаратқан кішкентай құсын ұстап алып, сатайын деп жүр екен. Құс кісі аярлық болып, шиқылдап тұрды; сонда алып жүрген бала тұмсығын қыса береді, бишара құстың даусын Құдай-тағала есітеді деп, қорыққан шығар деймін.
Шешесі:
−Онда сен неғылдың?
Бала:
−Мен балаға ақша беріп, сатып алып, құсты ұшырып қоя берім. Менің ісім сауап емес пе?
Шешесі:
−Әрине, сауап, бишараларға қайырлы болғаның.
Бала:
−Ол бала, кім біледі, кемтарлықтан құсты сатуға жүрген-ау?
Шешесі:
−Мен де солай ойлаймын.
Сонда сөйлесіп отырған бала сіңлісіне қарап:
−Апаммен екеуіміз мана бәстесіп едік, ол балаға апам құсының бәсі не деп те сұрамай, ақшасының бәрін берді. Мен айтамын, құстың бәсі не деп сұрау керек еді – қайсымыздікі дұрыс?
Шешесі үлкен қызына қарап айтты:
−Сенің де бұл істеген ісіңді дұрыс демеймін. Егер тағы бір манағыдай бала жолықса, ақшаңның бәрін бастапқы балаға беріп қойдың, соңғыға не берер едің?
Үлкен қызы:
−Онда мен тағы да саған келер едім.
Шешесі:
−Егер менде де мал, ақша болмаса, қайтер едің?
Бала:
−Онда… – не дерін біле алмады.
Шешесі:
−Көбірек жақсылық етуге шамам келсін десең, әр нәрсеге күтімді болу керек, құстың бәсін сұрап, кемге бермеймін десе, сонда ақшаңның бәрін беру керек еді. Ол құстың өзі не құс екен?
Баласы:
−Мен сұрағаным да жоқ, әже, өзің айтушы емес пе едің, жақсылық жасаған адамның атын да сұрама деп.
Шешесі күліп:
−Солай, солай, шырағым, −деді.
Баласы:
−Әже, сен көрсең еді, құсты қоя бергенімде әуелі қуанғаннан тіпті ұша алмады. Сонан соң құсты сатқан баладан уәде алдым, екінші рет ұстама деп.
Шешесі:
−Қызым, жақсы іс етіпсің, мінеки саған тағы да теңге.
Қызы:
−Алла разы болсын, әже.
Шешесі:
−Шырағым, қозым, әрдайым осындай рахымды бол, саған мұның үшін Құдай рахым етер, − деді.