Мақал-мәтелдер

Мақал-мәтелдер. Қазақ мақал-мәтелдері — ерте дәуірден қалыптасып, ауызекі сөйлеу тілімізде дамып келе жатқан жанр. Мақал мен мәтел — халықтың еңбек және әлеуметтік өмір тәжірбиесінен алынған білімнің жиынтығы. Мақалдар аз сөзге көп мағына сіңірген, тәрбиелік жағынан өсиет, ереже, этикалық, моральдық нормалар іспеттес. Көне дәуір ескерткіштеріндегі Қорқыт мұраларынан, М.Қашғаридің «Дивани лұғата-ат түрік», «Кодекс Куманикусте» қазіргі қазақ мақалдары жиі ұшырасады. Қазақ мақал-мәтелдері ХІХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап, баспа жүзінде жарық көре бастаған. Бұл істе орыс ғалымдары: В.В.Радлов, М.Терентьев, А.В.Васильев, Н.Н.Пантусов, В.Катаринский, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев т.б. елеулі жұмыстар жүргізді. Қазақтың мақал-мәтелдері бұдан кейін 1935,1951,1957 жылдары бірнеше рет жинақ болып жарық көрді.
Мақалдың мәтелден айырмашылығы. Мақал мен мәтел құрылысы, түрі, сөз қолданысы жағынан бір-біріне жақын және ұқсас келеді. Бірақ өзара айырмашылығы да бар. Басты айырмашылық – бұлардың мазмұнында. Қай мақалды алсақ та, оның мазмұнында өмірде болған елеулі оқиға, әңгімелер жатады. Мақал соларға берілген даналық қорытынды, тұжырымды түйін болып отырады. Мақалда дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей жүріп отырады. Мақалдың тағы бір ерекшелігі – оның құрылысында. Мақалдар, көбінесе, сөйлем түрінде келеді(«Тіл – қылыштан өткір», «Ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады»). Мәтелде мақалда кездесетін мазмұнды оқиғалы әңгімелер жоқ деуге болады. Мәтел айтайын деген ойын турасынан білдірмей, жанама түрде әр түрлі салыстыру, теңеу арқылы жеткізеді. Кейбір сөздерін тыңдаушының өзі аңғарып түсінер деген оймен әдейі қалдырып кетеді(«Көппен көрген ұлы той», «Құрыққа сырық жалғап», «Тілге тиек жасап», «Ханнан қазық, биден тоқпақ» т.б.). Бұл мәтелдің өзіне тән ерекшелігінің бір болып табылады. Мәтелдер, көбінесе, сөз айшығы, көркем теңеу, сөз образы ретінде қолданылады. Егер мақалда дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей келіп отырса, мәтелде бұл екеуінің бірі ғана болады.
«Мақалдар – нақыл, өсиет түрінде айтылатын философиялық ой түйіндері, сөз мәйегі. Мақалдар, көбінесе өлеңдік өрнекпен, сабырлы, салмақты ырғақпен айтылады, қара сөзбен, яғни шешендікпен айтылатын мақалдар да бар. Мақал, негізінен, екі бөлімнен(көбінесе екі тармақтан) құралады. Бірінші бөлімде пайымдау (айтатын ойдың түп негізі), екінші бөлімде ой қорытындысы айтылады. (Еңбек етсе, емесің). Тура мағынада (Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей), ауыспалы мағынада (От жақпаған үй – қорамен тең, адам кірмеген үй моламен тең) қолданылатын мақалдарды, көбінесе, халық шығарған. Жыраулар мен ақындар, ел басылары мен батырлар, зиялы адамдар шығарған(авторы белгілі) мақалдар мен мәтелдер де өте көп.
Мәтелдер, негізінен, тұжырым тұспалы өлеңде сыңар тармақты, қара сөзде нұсқалы сөз ретінде айтылады. «Өлең – сөздің патшасы», «Қызым, сған айтам, келінім, сен тыңда» т.б. Мәтелдер де тура мағынада «Қадіріңді білгенге жұмса» деп және ауыспалы мағынада «Тікен гүлін қорғайды» деп айтылады.» (Ә.Табылдиев. Қазақ этнопедагогикасы.Оқу құралы. А.Санат. 2001.17-б). Сонымен мақал — тура, нақтылы іске жасалған сөз түйіні(«Өнер алды – қызыл тіл», «Еңбек түбі – мереке», «Еңбегіне қарай өнбегі», «Ат- ер қанаты» т.б.) Ал мәтел көбіне ойды тұспалдап ишарлай, топшылау арқылы жеткізеді(«Соқыр тауыққа бәрі бидай», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда», «Шабан үйрек бірінші ұшар»,т.б.).
Мақал-мәтелдің тақырыптары. Мақал-мәтелдер мағынасы терең, сөзі ықшам да көркем, есте сақтауға жеңіл болатындықтан бала тәрбиелеу ісінде үлкен орын алады. Бала өсіруде, тәрбиелеуде халық өзінде бар барлық асыл сөз, даналық ойларын балаларға да арнады. Өз өмірінің ғасырлық тәжірибесінен алынған асыл ойларын мақал-мәтел етіп, үлгі-өнеге ретінде өмірінің жалғасы болатын баласына, немересіне қалдырып отырған. Мақал-мәтелдер балаларға терең ой салумен қатар оларды бейнелі сөйлеуге жаттықтырады, сөз байлығын дамытады. «Қазақтың мақал-мәтелдерінің көбірек қамтитын тақырыптары: елдік, ынтымақ, бірлік туралы мақал-мәтелдер. Елдік туралы мақал-мәтелдер: Туған жерге туыңды тік. Ит ттойған жеріне, ер туған жеріне. Өз елім — өлең төсегім. Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол. Отан – оттан да ыстық. Батырлық, ерлік туралы мақал-мәтелдер: Өжет адам өлімді жеңеді. Ер бір өледі, қорқақ мың өледі. Қару күшті емес, қару ұстаған күшті. Белдескеннің белін сындыр, тірескеннің тізесін бүктір. Қара бет болып қашқаннан қайрат көрсетіп өлген артық. Өнер-білім турлы мақал-мәтелдер: Өнерлі өрге жүзеді. Өнерді үйрен де, жирен. Ата көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер. Өнерліге өлім жоқ. Білекті бірді жығар, Білімді мыңды жығар. Төрт түлікке байланысты мақал-мәтелдер: Қойдың сүті – қоғасын, Қойды соққан оңбасын. Мал өсірсең қой өсір, Өнімі оның көл-гөсір. Есі кеткен ешкі жияр, Ешкісімен есін жияр. Нар жолында жүк қалмас. Екі аяқтыда бажа тату, Төрт аяқтыда бота тату. Ат ерінді келер, Ер мұрынды келер. Айғырды неден салсаң, Атты содан мінерсің. Сиыр сипағанды білмейді, жаман сылағанды білмейді. Егіншілікке байланысты мақал-мәтелдер: Жері байдың – елі бай. Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен. Екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас. Егін ексең тыңға, шықтым дей бер шыңға. Адамгершілікке байланысты мақал-мәтелдер: Жақсының жаттығы жоқ. Жақсыда кек жоқ, кектіде тек жоқ. Жаман болса туысың туыспай-ақ құрысын. Төсектің тарлығы – тарлық, көңілдің тарлығы – қорлық. Әлсіз ат сүріншек, ақылсыз адам еріншек. Тәні сұлу – сұлу емес, жаны сұлу – сұлу. Адам болар баланың кісіменен ісі бар, Адам болмас баланың кісіменен несі бар.» (Ә.Табылдиев. Қазақ этнопедагогикасы.Оқу құралы. А.Санат. 2001.18-19-б) Өнер-білім, оқу, ғылым жайын сөз қылғанда халық бұлардың адам баласына тигізетін пайдасы көп екендігін көрсетуден бастайды. «Оқыған озады, оқымаған тозады», «Білек сүріндіре алмағанды білім сүріндіреді», «Өнерліге өлім жоқ», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Өнерлінің өрісі ұзақ» деп халық өнер-білімді, оқу-ғылымды аса жоғары бағалайды. Білім алу жолының оңай еместігін «Оқу- инемен құдық қазғандай» деп түсіндіреді.
Тәрбие жайында. «Отбасында ата-аналар бала тәрбиесіне лайықтап іс-әрекет, пікірлесу, пікірсайыс кезінде өнеге көрсетіп, өсиет айтып: ана тілін алмасаң, арың кетеді; әке – тірегің, ана – жүрегің; бірінші байлық – денсаулық; сабыр түбі – сары алтын; еріншектің ертеңі таусылмайды; көзің ауырса, қолыңды тый, ішің ауырса, асыңды тый; іс істесең, ретін тап; ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар; бір үйдегі бәрің де бір-біріңе меймансың; ас ішсең аяғыңды жина; ашу – дұшпан, ақыл – дос; ерте тұрған әйелдің бір ісі бар, ерте тұрған еркектің ырысы бар; әке тұрғана бала сөйлегеннен без; әдептілік — әдемілік; қыз қылығымен жағады; бала — жақсы болса, бала, жаман болса – пәле т.б. мақалдарды жиі айтады. Баланың өмір тәжірибесі аз, сондықтан оған айтатын ақыл-насихат, өнеге-өсиет әрі әсерлі, әрі ойда қалатындай мәнді болу керек. Сол мәнді сөздер – мақалдар мен мәтелдерді орынды пайдаланған ата-ана ой қозғап, ақылға қонымды сөздер айту арқылы баланы тәрбиелейді және санасын арттырады. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей баланы ана тілін ардақтауға үйретіп, ой қисындарын сөз жүйесіне келтіре алу қабілетін дамыту үшін ата-ананың мақалдап сөйлеуінің мәні зор.
Мақалдың да мақалы бар, кейбір ескірген, қазіргі өмірге қолдануға қолайсыз, тіпті теріс тәрбиелейтін мақал-мәтелдерді пайдаланудан сақ болу керек. Ұлы Абай «жиырма тоғызыншы» сөзінде «Жарлы болсаң арлы болма», «Атың шықпаса, жер өрте, «Ата-анадан мал тәтті» т.б. зиянды мақал-мәтелдердің «құдайшылыққа, не адамшылыққа» жарамайтынын айтады»(Ә.Табылдиев. Қазақ этнопедагогикасы.Оқу құралы. А.Санат. 2001.20-б). «Жорғаның тері кетпес, еркенің көз жасы кеппес», «Есер баладан ерке бала жаман» деп баланы жас кезінен ерке, шолжың етпей өсіруді жақтайды. Балаға баласынып қарамау керектігін де әрқашан еске салады. «Балаңа байқап сөйлесең, ақылыңа көнер, байқамай сөйлеген көп ішінде өлер» деп баланың қалай өсуі алдымен ата-анаға байланысты екенін құптайды.
Жолдастық жайында. Жас жеткіншектерді мейірімді, кішіпейіл болуға, берілген уәде, айтқан серттен айнымайтын адал дос, жақсы жолдас болуға үйретеді. «Ат жаманы жолда қалдырар, жолдас жаманы қолда қалдырар» деп жаман адамның соншалық опасыз болатынын білдіреді.
Еңбек туралы. Халық баланы еңбек процесімен таныстыруды көздейді. «Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес» деп қай нәрсені болса да еңбексіз қолға түспейтінін сендіре айтады. «Еңбегі бардың өнбегі бар», «Еңбек түбі — мереке» деп халық адал еңбекті ардақтайды. «Еңбек түбі — зейнет» деп оның арты бақытқа, дәулетке, абырой-атаққа жетуге бастайтынын көрсетеді. «Еңбек етсең, емерсің», «Әлің бар да, еңбек ет, еңкейгенде — емерсің» деп оның қызығы мен рахаты алда екенін де ескертеді. Мақал-мәтелдер ақындардың өлең жолдары арқылы да таралуда. Қазақ мақал-мәтелдерінің пайда болуын түсіндіретін ертегі, аңыз, әңгімелер де(«Күшік пен мысық», «Аяз би», «Жан-жануарлардың жылға таласуы» т.б) бар. Бұлар «Сөздің – көркі мақал» екендігін айғақтайды.
2. Жұмбақтар. Қазақ фольклорының бір саласын – жұмбақтар құрайды. Оның көне жазба үлгілерін қыпшақ тілінің ескерткіші(ХІҮ) «Кодекс куманикус», М.Қашқаридың «Диуани лұғат-ат түрк» сияқты кітаптарынан кездестіреміз. ХІХ ғасырдың екінші жартысында П.М.Мелиоранский, Ә.Диваев, М.Иванов, А.Алекторов, М.Иванов, А.Лютш қазақ жұмбақтары мен жұмбақ айтыстарын сол кездегі газет-журналдар бетіне шығарып отырған. Жұмбақтардың қыр-сыры М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин еңбектерінде кеңінен сөз болады. Қазақ жұмбақтарының толық жинағы 1959 жылы ғана жарық көрді.
Қазақ жұмбақтарын мазмұны жағынан бірнеше үлкен тақырыптарға бөлуге болады: жаратылыс(Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды «күн»), адам(күндіз шайқасады, түнде айқасады «кірпік»), жасанды зат(шыркөбелек айналар, беліне жіп байланар «ұршық»), білім жайында(ұзын, ұзын, ұзын жол, ұшына жеткен бар ма екен, түбі терең қара су, түбіне жеткен бар ма екен, түбіне жетіп бұл судың, қанып ішкен бар ма екен? «оқу») және т.б. Бұл жұмбақтардың бәрі бір затты бір затқа ұйқастырып көркем сурет береді. Жұмбақ мереке, сауық үстінде айтылып қана қоймай, ой шығармасы түрінде де айтылады. Айталық, бір кезде даналықты, кемеңгерлікті жұмбақпен сынау әр жұрттың салтында болған. Оның ішінде шешен, дана болатын жігітті сынау — елдің ескі әдеттерінің бірі. Күйеу таңдаған ару қыздар да жігіттерді жұмбақ арқылы сынаған. «Кейде бүкіл бір ертек жұмбақтан тұрады. Әңгімелі әсем жыр, дастан атаулының талайының жұмбаққа соғып кететіні болады» деп жазады М.Әуезов. «Оларды(жұмбақтарды) адам баласының ой-өрісі, дүниетанымы, білім көлемі ұлғая беруіне көмектесетін, тапқырлыққа, білмегенді білуге, ізденуге ой салатын, соған ұмтылдыратын білімдік, тәрбиелік мәні бар халық шығармасы деп қараймыз» — деп түйеді ойын М.Ғабдуллин.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *