Балаларға арналған халық өлеңдері

 
Жалпы дамыған елдер өміріне көз жіберсек, фольклорлық жанрлардың бірінен соң бірінің балалар репертуарына біртіндеп көшіп жатқандығын байқауға болады. Мәселен, кәдімгі ертегі. Шығу тегі жағына келсек, бұл ересектер фольклорының көнеден келе жатқан күрделі де, негізгі жанрларының бірі. Бірақ ол бүгін таза балалардың сүйіктісіне айналып кетті емес пе? Бүгінгі сәбидің ойлау жүйесі бір кездегі адамзаттың балаң кезіндегі ойлау жүйесімен көп жағдайда сәйкес шығып жатады. Міне, осы тұрғыдан келгенде балалар шығармашылығы мен ересектер мұрасының арасына қазіргі кезеңде шек қоюға тырысудың өзі шартты мәселе. Бұл шарттылық шынтуайтына келгенде кез келген ғылыми зерттеудің мүддесіне байлансты бой көтереді. Сонымен зерттеушілер балалар фольклорын саралау кезінде көп жағдайда шығармалардың авторы мен орындаушыларына мән беріп, оларды “балаларға арналған үлкендер шығармалары”, “үлкендер репертуарынан балалар аузына көшкен шығармалар”, “таза балалар шығармашылығы” деп үш топқа бөліп қарастырып келеді. Бұл негізінен генетикалық(шығу тегі) принципті басшылыққа алудың нәтижесінде пайда болған саралау еді. Оның олқылығы сонда, көптеген шығармалардың шығу тегін, кімдер орындайтындығын тап басып айту қиын еді. Оның үстіне тақырып, мазмұндық, функциялық, поэтикалық құрылым жағынан келгенде бұлайша жіліктеу ғылыми сараны қанағаттандыра алмайтын.
Кейінірек В.А.Василенко шығармаларды атқаратын міндетіне(функция) қарай жіктеп, “ойын әрекеттіріне байланысты шығармалар”, “ойын әрекеттерінен тыс шығармалар” деген топтау үлгісін көрсетті. Орыс балалар фольклорын көптен бері зерттеп жүрген белгілі ғалым М.Н.Мельников өзінің “Орыс балалар фольклоры” атты кітабында аталмыш мәселені зерделей келіп, балалар мұрасын “Әлпештеу поэзиясы”(пестования), “тұрмыстық(бытовой) фольклор”, “ермектік(потешный) фольклор”, “ойындық фольклор” деп төрт топқа бөлуді ұсынады.
Сол сияқты балалар фольклорын өзінше кіші әлем ретінде тұтастай бөліп алып, әдебиеттанудағы классикалық саралау үлгісімен “лирикалық, эпикалық, драмалық” деп жіктеушілер де бар. Бірқ мұнда да толық айқындалмаған, пікірталасқа қарай жетелейтін тұстар жетерлік. Тұтастай алғанда балалар фольклорын іштей топтап, жанрлық түрлерге саралауға біржолата қалыптасқан, айнымас ұстам әзірге орныға қойған жоқ. Бұл жалпы, бүлдіршіндер мұрасының өзіндік табиғатының аса күрделілігінен болса керек. Балалар фольклорын іштей саралауда назар аударып, есте ұстайтын шарттар мыналар болмақ. Оның алғашқысы — шығармаларды кім шығарып, кімдердің орындайтындығын және қалай орындайтындығы. Мәселен, бесік жырын ата-аналар шығарып, негізінен солар орындайды. Көптеген шығармалар балаға байланысты әдет-ғұрып, салттар негізінде болып келеді. Ал мазақтамаларды балалар өздері шығарып, өздері орындайды. Осыған орай бұл шығармалар түрлі топтарға жіктелмек. Екінші ескеретін мәселе шығармалардың атқаратын қызметі. Бұл шарт балалар фольклорын іштей саралауда маңызды міндет атқарады. Мәселен, бесік жырын да, алдарқату жырын да ересектер орындайды, бірақ екі шығарманың атқаратын міндеті екі басқа. Бірі -–баланы тыныштандырып, ұйықтатуды мақсат етсе, бірі алдандырып, көңілін сергітуді мұрат тұтады. Немесе, тақпақ пен драмалық ойындардың қай-қайсысын болмасын балалар өздері орындайды, бірақ шығармалардың міндеті әр түрлі. Сондай-ақ шығармаларды саралауда балалардың жас ерекшелігін де ескерген жөн. Мәселен, ата-аналар сәбилерге олардың табиғатына лайық шығармалар айтса, келе-келе бала әрбір жанрлық түрді жас ерекшелігіне қарай біртіндеп игереді. Төртінші ескеретін негізгі шарттың бірі — шығармалардың поэтикасы. Яғни шығарманың тақырыптық, мазмұндық, сюжеттік, композициялық құрылымы, сөз саптасы, тіл кестесі т.т. Фольклортанушы К.Ісләмжанұлы осы шарттар бойынша қазақ балалар фольклорын мынандай топтарға жіктеп, ішкі жанрлық түрлерге бөледі:
1. Әлпештеу поэзиясы(бесік жыры, сәбилік ғұрып жырлары, мәпелеу жырлары, уату-алдарқату жырлары)
2. Жеткіншектер поэзиясы(маусымдық жырлар, арнау-тілек өлеңдері,балалар өлеңдері:тақпақ, сұрамақ, қызықтама, өтірік өлең,мазақтама)
3. Ойындық фольклор(ойын өлеңдері: тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақ, балалар айтысы,ойынға байланысты жырлар: ойынға шақыру, қаламақ, санамақ, драмалық ойындар).
Әлпештеу жырлары. Әлпештеу поэзиясына жатқызылатын жырларды шығарушылар да, орындаушылар да — ересектер. Ол жырлар сәбидің шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап оны бағып-қағуға арналған түрлі салт-дәстүлерді сүйемелдейді. Ата-ананың, қалың жұртшылықтың сәбиге деген сүйіспеншілігі, арман-тілегі жыр тілімен өрнектеледі.
Бесік жыры. Бесік жырларын дәстүрлі бесік жырлары және суырып салма бесік жырлары деп екі топқа бөліп қарастырған жөн. Дәстүрлі бесік жырына ұзақ жылдар бойы айтылып әбден қалыпқа түскен жырлар жатады. Бұл жырлар тікелей балаларға арналған. Жырдың негізгі мазмұны баланы ұйықтатуға тыныштандыруға, оның жарқын болашағына ақ тілек білдіруге құрылады. Суырып салма бесік жырлары адамның жеке басындағы, тұрмыстағы, тарих пен қоғамдағы түрлі оқиғалардың әсерінен туып тарап отырған. Бала тербетіп отырған адам бесік жырының дәстүрлі нұсқасын пайдалана отырып, өз ой толқынысын, күйініш-сүйінішін сыртқа шығарады. Бесік жыры көбінесе тілек айту мәніне құралады да, жыр айтушы бөбектің келешегіне сенім артып, қуанышқа бөленеді. Үміт тілек: — Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жауға тиісіп, Батыр болар ма екенсің? Бармақтарың майысып, Түрлі ою ойысып Ұста болар ма екенсің? Бата тілек(сенім арту): Ала биең құлындап, Алатауға сыймасын» Қара биең құлындап, Қара тауға сыймасын…Ақылыңмен батыл бол, ғайынмен тату бол. Бағаналы таудай бол, Шағалалы көлдей бол. Халық педагогикасының бұл саласы ғасырлар бойы бала тәрбиесіне өз өрнектерімен әсер етіп, қазіргі көркем әдебиет нұсқаларымен дамып келеді.
Сәбилік-ғұрып жырлары. Бөбек туғаннан кейін жеті-сегіз айдан соң, әуелі еңбектеп(еңбектеудің де әр түрлісі бар) содан кейінірек қаз-қаз тұрып, қаз басып жүре бастайды. Бала тәй-тәй басып жүре бастаған кезде, тұсау кесу рәсімі жасалып, тұсау кесу жыры айтылады. Сонымен баланың алғаш бесікке бөленуі, қырқынан шығуы, тіс жаруы, құйрық басып отыруы, тілінің шыға бастауы, қаз тұрып, тәй-тәй басуы т.б. сәттері түрлі ырым-жоралғылармен атап өтіледі. Осыларға орай тілектер айтылады. Мұндай тілек өлеңдерде халық түсінігінің түрлі көріністері, діни наным-сенімдерге байланысты салт-дәстүрлері бой көрсетеді. Солардың бірі – «Тұсау кесу» жыры баланың апыл-тапыл басқан алғашқы қадамына арналып айтылады. «Тұсау кесудің» ырғақты интонациясы мен сөзі баланың бір басып, екі басып барып жүрексініп қалатын аяқ алысына ыңғайланып жасалған. Тұсау кесу жырын балбөбекті күтушілер оның тұсауын кескенге дейін де айтып, оның тәй-тәй басып жүруіне қуаныш білдіріп, сүйеніш, жетекші іс-әрекет тәсілдерін қолданады.
Тұсау кесу жырының бұл түрі “тәй-тәй” деп аталады: Тәй-тәй, балам, тәй балғын, Жүре қойшы жай балғын, Қарыс сүйем Қаз бастың, Қадамыңнан айналдым Тәй-тәй-тәй! Жүре ғой жай! Қазақ балалар поэзиясында бірсыпыра ақындардың(Ж.Смақов, М.Әлімбаев т.б.) тұсау кесуге арналған жырлары бар. Мысалы, ақын Жақан Смақов Тәй-тәй бас, құлама, Құласаң жылама! деп баланы батылдыққа тәрбиелейді. Мәпелеу жырлары(пестушки). Мәпелеу жырлары халықтың баланы бағып-қағуға байланысты өмірлік тәжірибесінен туындаған. Сәби денесінің дұрыс жетілуіне қолайлы жағдай туғызу мақсатынан баланың аяқ-қолын созып, әр түрлі жаттығулар жасату – практикалық қажеттілік. Анасы бала құлағына жағымды сөзбен жаттығу әрекеттерін сүйемелдей өлеңдетеді. Өлеңнің ұйқасы мен ырғағы, көркемдік құрылысы дене жаттығуларын сүйемелдеуге ыңғайланған, сол әрекеттермен үндес шығып отырады. Мазмұны балаға жақсы тілектер тілеу сипатында болып келеді. Мәпелеу жырларына «Өс, өс, балам», «Сыламақ менен», «Ақ білек» және т.б. жатады
Уату-алдарқату жырлары(потешки). Уату-алдарқату жырларының әрқайсысының(«Қуырмаш», «Бөпем менің қайда екен?», «Бір дегенім білеу…» т.б.) мазмұнынан халық тұрмысының өзіндік ерекшеліктері танылады. Уату жырларының міндеті – тынышсызданған баланы алдандырып, сергітіп, көңілін басқа жаққа аудару. Уату-алдарқату жырлары – бала көңілін аулайтын ермек қана емес, үлкен тәрбие құралы. Сондай-ақ, саусақтарды ретімен жұмып, ретімен ашу да бала ұғымын жүйелілікке тәрбиелейді.
Жеткіншектер поэзиясы. Маусымдық жырлар. Қазақ балаларының маусымдық жырларын көктем мен жаз, күз бен қыс өлеңдері деп екіге бөлген жөн. Алғаш күн күркірегенде, алғаш жыл құсы келгенде, алғаш бие байлап, қымыз ашытқанда түрлі ырымдар жасалады. Міне, осындай көктем, жаз, күз, қыс құбылыстары балалар өлеңдерінен өз орнын тапқан. Көктем мен жазға арналған өлеңдер(«Жыл құсын көргенде», «Самалық, самалық», «Жазда» т.б.)қуанышты көңіл-күй әуендерімен ерекшеленсе, күз бен қыс туралы өлеңдерде(«Күзде», «Қыста» т.б.) сүреңсіз суық күндер, ауылдың сұрқай тіршілігі басым бейнеленеді. Арнау-тілек өлеңдері(заклички, приговорки). Арнау-тілек өлеңдерінің ішкі мазмұнына үңілсек, күнге, айға, табиғат құбылыстарына арналған жырлардан(«Айға»,«Күн шыққанда», «Жаңбыр жауғанда» т.б.) жалбарынудың, өтіне сұранудың нышанын байқаймыз. Ал жан-жануарларға арналған жырларда(«Балыққа», «Құртқа» т.б.) өтініштен гөрі бұйыра айту сарыны басымдау.
Балалар өлеңдері(тақпақ, сұрамақ). Жеткіншектердің күнделікті тіршілігінде жиі айтылып, кең таралған өлеңдер тобын шартты түрде балалар өлеңдері деп жеке топтауға болады. Тақпақ(«Торғай», «Қарға», «Сауысқан» т.б) – шағын көлемді шығарма. Тақпақта дыбыстық үйлесімдер жарасымы анық байқалады. Мазмұны балалардың таным-түсінігіне, күнделікті тірлігіне етене жақын болып келеді. Сұрамақ(«Қарға, қарға, қарғалар», «Ауылың қайда?», «Бақа» т.б.) диалогқа құрылып, екі баланың кезектесіп айтуына ыңғайлы болып келеді. Өлең құрылысы да ойнақы, жеңіл, шымыр ұйқасқа құрылады. Айтыс түрінде келетін өзгеше қызық формасы да(«Қой мен ешкінің айтысы») бар.
Қызықтама(прибаутки). Қызықтамалардың(«Түлкі, түлкі, түлкішек», «Түйе, түйе, түйелер» т.б.) ең басты ерекшелігі, өлеңдік баяндауға құрылатындығы. Олардың сюжеті үнемі тізбекті болып келеді. Бұл өлеңдерді балалар ынталана тыңдап, тамашалап қана қоймай, оның астарындағы юморды да түсіне білуі шарт.
Мазақтама(дразнилки). 6-12 жас аралығындағы балалар бір-біріне ат қойып, айдар тағуға, кез-келген жағдайда бір-бірін келемеждеуге ыңғай тұрады. Және ол келемеждерін көбінесе өлең жолдары арқылы білдіреді. Балалар мазақтамаларын мазмұны, тақырып объектісі жағынан балалар атына ұйқастырылған(рифмованные прозвища) мазақтамалар және бала бойындағы, мінезі мен әрекетіндегі түрлі кемшіліктерді күлкі етуге арналған сайқымазақ мазақтамалар деп екі жікке бөлуге болады. Мазақтаманың негізгі мақсаты – баланың мінін көрсетіп, сынау, оны тәрбиелеу. Ал балалардың бірін-бірі мазақтауы кезінде орынсыз пайдаланып, бір-бірінің арына тиіп, ызаландырып жасытуы мүмкін. Ондайда оларға үлкендік, салиқалық кеңес керек.
Ойынға байланысты жырлар. Балалар ойынының поэзиялық өрнегіне, фольклорлық мән-мағынасына тоқталатын болсақ, екі үлкен жікке бөліп саралауға болатын тәрізді. Оның алғашқы тобына балалардың қимыл-қозғалыс ойындарына, ойынның басталуына, жүргізілуіне, аяқталуына байланысты айтылатын, яғни, ойынға байланысты өлеңдер, екінші жікке өлең-ойындар жатады. Екінші жағдайда балалар өлең сөзін ойынға айналдырады, сол арқылы тапқырлық, ұтқырлық сияқты ой жарысына түседі. Әрекетке құрылған рольді ойындардың(ролевые игры) құрылысында өлең сөз ерекше белсенді қызмет атқарады. Ойынға байланысты келетін өлеңдердің әрқайсысының өзіне тәуелді функциясы, соған орай мазмұны мен өзіндік ерекшеліктері бар. Осы сипаттарына қарай бұл өлеңдерді фольклоршылар мынадай ішкі жанрлық түрлерге жіктеп жүр: Ойынға шақыру өлеңдері. Қаламақ. Санамақ. Драмалық ойындар.
Ойынға шақыру(голосянки). Ойынқұмар ауыл балалары өз серіктерін іздеп бірін-бірі ойынға шақырады. Балалар көп жағдайда бір-бірін өлеңмен де шақырады. Ол өлеңдерді балалар жеке-жеке де, хормен де дауыстап айта береді. Өлеңнің мазмұны көбіне баланы ызаландырып, шамына тиіп қалайда ойынға шығаруды көздейді(«Айдағаным торпақ, ала тайым жортақ. Кім ойынға шықпаса, қоян жүрек қорқақ», «Әуеде ұшқан алты қаз, атайын десем оғым аз. Егер ойынға келмесе, пәленшенің басы таз», «Сәуле бізбен дос, қолы күнде бос. Добын ала шығады, дарбазасын жаба шығады»).
Қаламақ(жеребьевки). Балалар ойынының басталуында да өлеңнің атқарар рөлі зор. Көпшілік ойындардың ойнау шарты бойынша балаларға екі топқа бөлінуге тура келеді. Мұндай жағдайда балалар әр түрлі тәсілдер қолданады. Осындай тәсілдің бірі – қаламақ арқылы жіктелу. Ойын алдында балалар екі жетекші сайлайды, содан соң екі-екіден жұптасып, өздеріне жасырын ат қояды. Сол жасырын ат бойынша екі жетекшіден кезек-кезек қалауын сұрайды. Мысалы, «аспандағы жұлдыз керек пе, судағы құндыз керек пе?» деп сұрайды. Жетекшінің бір «судағы құндыз» немесе «аспандағы жұлдыз» дейді. «Құндыз бала» немесе «жұлдыз бала» сол жаққа шығады. Осылайша олар екі топқа бөлінеді.
Санамақтар(считалки). Санамақтар балалар ойындарын бастауда басты рөл атқарады. Бұл жанрдың тәлімдік мәні өте зор. Ең алдымен ұйқасты өлеңдер баланың поэзияға құмарлығын арттырып, әдемі сөйлеуге дағдыландырады. Жаттау қабілеттерін, танымдық ой-өрісін дамытады. Санамақ тәртібін бұзбай айту баланы сергектікке, байқампаздыққа, турашылдыққа баулиды. Санамақтар көп жағдайда «сен тұр, сен шық», «сен кір, сен шық» деген тәрізді белгілі тіркестермен аяқталады. Драмалық (рольді) ойындар. Ойын(«Айгөлек», «Ақсүйек», «Ақ серек, көк серек», «Үй артында қол ағаш», «Соқыр теке», «Асау мәстек» т.б. ) өлеңдерінің шартты белгісі – олардың орындалуының ойындық шартты әрекеттермен міндетті түрде қабысып келуінде. Өлең ойындар(песни-игры). Бұл топтағы жырлардың қимыл-қозғалыс ойындарымен байланысы жоқ. Ойын сөзге, өлеңге негізделіп құрылады. Балалар диалог арқылы сөз қақтығысына, ой жарысына түседі. Сөзбен ойнай жүріп тілдерін сындырып, қиялдарын ұштайды, білім-біліктерін байытады, түрлі дағдылар қалыптастырылады. Өлеңді сөз бен ойды ермек етуге негізделген бұл өлең-ойындардың құрамына мынадай жанрлық түрлерді топтастыруға болады: тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақтар, балалар айтысы.
Тәжікелесу(поддевки). Тәжікелесу – балалардың күнделікті тірлігінде кең тараған ермек өлеңдердің бір түрі. Олардың көлемі әр түрлі, көбінесе, ұйқастырылған тақпақ түрінде келеді. Мазмұнында балалардың бір-бірін келекелеп, қағытқан әзілі жатады. Тәжікелесулердің жасанды диалогқа негізделген тәжікелесулер(«-қасық деші – қасық – аузың сасық, -жәшік деші –жәшік –сенің әкең піркәшік» т.б. ), табиғи диалогқа негізделген тәжікелесулер («-немене – тегене -төмен қарай дөңгеле», «-мынау қандай ағаш? –қайың –сыбағаң дайын» т.б.), тәжіке-жұмбақтар(«-белі бүкір алысқа түкір –мылтық –аузыңа жүн тық, -даусы тырау-тырау, денесі қырау-сұрау – тырна –бас салып тырна»), тәжіке-сауалдар(-ақ па, қара ма? -ақ –бетіңе батпақ жақ –қара-басыңа шықсын жара –ат па, айғыр ма? Ат – арам қат – айғыр – міне алмай қайғыр), алдамшы тәжікелесулер(-ананы қарашы –қараттым, қараттым, қарғаның саңғырығын жалаттым, -алдадым, алдадым, қара суды жалдадым) деген түрлері бар. Тәжікелесудің сөздің мағынасын бұра сөйлеуге құрылған дәстүрлі формалары да бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *