Дұшпаннан қалай құтылу туралы
Ей, перзентім, бірде-бір жанды өзіңе дұшпан етпеуге әрекеттен. Егер де бір кісі саған дұшпан бола қалса, сен одан қорықпастан, оның әшкере немесе құпия іс-әрекетінен хабарың болсын. Оған қарсы қолданатын шараларыңды ұқыптылықпен ұйымдастыр. Оның айла-әдісінен әрдайым хабарың болсын. Дұшпанның күш-қуатын, оның жоспарын білуге әрекет істе. Сонда ғана тұтқиылдан болатын кездейсоқ апаттан аман боласың. Ісің өрге баспай, күш-қуатың әлсіз болса, дұшпанға қарсы шаппай қорғана біл.
Өзіңді жауыңа мықты көрсет. Егер күшсіз болсаң да, сыртыңды күшті көрсетіп қайраттана біл, өзіңнің әлсіз екеніңді сездірме. Дұшпанның тәтті, жалған сөзіне көңілің алданбасын. Дұшпаның қанша жақсылық істесе де, одан қауіп-қатерсіз болма, әрдайым сақ бол. Екі нәрседен сақтанған жақсы: «бірі күшті – дұшпан, екіншісі – айлалы дос» деген екен.
Кішігірім дұшпанды да күшсіз, түкке тұрмайтын әлсіз, сорлы деп қарама. Оған мықты дұшпаныңнан артықтау мән бергін.
Ә ң г і м е. Есіткенім бар еді. Хорасанда Мұхаллап атты атақты қу болыпты. Бір күні ол жолмен кетіп бара жатып, бір қауынның ұрығына тайып жығылады. Ол тез пышағын қолына алып, жолда жатқан қауынның ұрығын пышақпен кескілей бастайды. Оның қызметкері: «Ей, Қожа, соншалықты қу деген атағыңмен баланың ісін істеп қауынның ұрығын пышақтауыңның жөні қалай, оныңыз ұят емес пе», – деді. Сонда Мұхаллап «мені жыққан осы қауынның ұрығы болған соң, оны пышақтамай нені пышақтаймын. Кім мені жықса, сол – дұшпаным. Демек, дұшпан әрқалай әлсіз болса да, оны сорлы екен деп ойламағын. Кімде-кім дұшпанын әлсіз деп ойласа, өзі әлсіз болады», – депті.
Дұшпаның сені жеңбей тұрып, сен оны жеңудің жолдарын ойлан. Егер дұшпаныңды жеңсең, оның әлсіздігін, бақытсыздығын айтып халыққа мақтанып сөз сөйлеме. «Күштілігімнен оның мүшкіл халіне рақымым келді» деме. Дұшпаннан гөрі досыңды көбейткін.
Егер мың досың болса да біреуін де өзіңе қарсы етіп қойма. Өйткені, мың досың саған дұшпандық ойламайды. Ал дұшпаның саған жамандық ойлаудан бір сәт те ойсыз болмайды. Халықтың ауыртпалығын көтеруді мойныңа алып, одан құтқаруды ар-ұжданым деп білгін. Әрбір адам өз қадірін білмесе, өзіне кесір келтірер. Дұшпан сенен күштілеу болса, оған сен дұшпанмын деме, дұшпаның әлсіз болса да, оның қулық-сұмдығынан сақ бол! Егер дұшпаның бас амандығын тілесе, ол қатал жауың болса да тілегін қабыл ет және оны өзіңе үлкен дәулет, ғанибеттілік деп біл.
Дос-дұшпандарыңмен абайлап сөйлес, жақсы яки жаман сөз айтсаң да, жауабын күтіп, әр сөзінің төркініне назар сал. Әрбір сөзді жұрттың бетіне жасырмай айт. Егер бетіне айта алмасаң, сыртынан айтпағын. Сөзді сыртынан айтуды «өсек» дейді. Сенің айыбыңды ашпаған адамның айыбын ашпа. Қай кезде болмасын, екіжүзділіктен сақтан, екі жүзді адамдардан аулақ бол. Шағымшылдан сақ бол. Өйткені, оның бір сағатта бұзған ісін бір жылда түзету қиынға соғады.
Қанша ұлық, қанша дәулетті адам болсаң да, өзіңнен күштімен керіспе. Данышпан Фашегурс1 он түрлі қасиетке ие болу үшін харекет етсең, бәледен құтыласың депті: оның бірі – өзіңнен ұлық күштімен ұрыспа, ожар мінезділермен алыспа, қызғаншақ-қызбалармен мәжілістес болма, надан адамдармен пікір-білім таласушы болма, монтаны екіжүзді адаммен дос болма, жалғаншы жанмен мәміле қылма, бақылмен сұхбаттас болма, көре алмайтын жаманмен, мінез-құлықты жандармен шарап ішпе, қатындармен бір жерде көп отырма, сырыңды ешкімге айтпа, абыройың төгілмесін. Егер бір кісі айыбыңды айтса, харекет етіп сол кемшілігіңді жөнде, біреуді орынсыз мақтама, уақыты келгенде оны жамандай алмайсың. Сол сияқты біреуді қатты жамандама, уақыты келсе, оны мақтай алмайсың. Кімнің саған ісі түсіп, мұқтаж болса, оған кінәңді айтып қорқытпа. Өйткені әрбір адам саған мұқтаж болмаса, сенің айтар кінәңнан да, күш-құдіретіңнен де қорықпайды.
Біреу саған мұқтаждығын айтып келген жағдайда бірден жанына жара салма, егер үлкен айып жасаған жағдайда да оны кешіргін және өзіңнен кішілерге аталар сияқты мейірімді болғын. Өйткені жастар – сенің байлығың. Олар – сенің барлық жұмысыңды бітіріп беретіндер. Егер егін майданы ойрандалса, өнімнен құр алақан қаласың. Бір істі екі адамға тапсырма. Өйткені үйдің қожасы екеу болса, үйің сыпырусыз қалады. Әрбір бұйрығың, әмірің орындалатын болсын.
Екі кісі серік болса, қазан қайнамайды. Егер бір адам саған іс тапсырса, сен сол істі орындау үшін өзіңе серік іздеме. Өзің абырой алатын істі өзің атқаруға тырыс. Барлық досың мен дұшпаныңа ұлық жанды, мейірімді болғайсың. Еліңнің айыбы үшін ашуланып, әр түрлі жарамсыз сөздерді ойыңа сақтаушы болма. Жұртқа істеген жақсылығыңды жалғастырып, дамыта түссең, жалпы елге деген даңқың жайылар.