Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес
Мәлік Ғабдуллин
Ата-ананың қайсысы болса да баласына мықты денсаулық, бақытты шат өмір тілейді. «Балам ер жетіп, елінің ер азаматы, халқының мақтанышы, абыройы, зор адамы, қажырлы қызметкері» болса екен дейді. Бүгін бесікте жатқан нәресте ертең, ер жеткен соң, еліне қызмет етеді деп қуаныш білдіреді. «Мал бақ, адал кәсіп ет, ел-жұртыңды шапқыншы жаудан қорға» деген тілек-мүдде ананың әуенді ән-өлеңімен жыр болады.
… Ол сөздер халқыңды сүй, халқың үшін отқа түс – күймейсің, суға түс – батпайсың, әрқашанда халық пен бірге бол, бәрінен де халық мүддесін жоғары ұста, ел қорғауда және тұрмыс-тіршілікте халықты ер-азаматы, қамқоршы ұлы бол, халық үшін ерінбей еңбек ет! –дегенді білдіреді.
Бұдан халықтың өткен кездегі арманы мен тілегі айқын көрінеді. Ал осы арманға жету үшін не істеу керек? деген сұрауға халықтың берер жауабы да айқын. Өзінің көп ғасыр бойына өмірде сыналған тәжірибесіне сүйене отырып, «алдағы ұлы арманға жеткізетін дұрыс тәрбиелеу керек» дейді халық. «Баланы жастан», «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» деумен, халық баланы жасынан дұрыс жолға сала тәрбиелеу ісіне айрықша мән береді. Сонда ол баланың өсе келе «дүниеге кірпіш болып» қалануын, өмірде, қоғам тіршілігінде шын мәнінде қызмет атқара алатын ер азамат болып шығуын көздейді.
Ал баланы тәрбиелеу мақсатымен жүргізілетін тәрбиелік жұмыстар арман – мүдде, түрі мен әдісі жағынан тарам-тарам болып сан тақырыпқа бөлінеді. Солардың ішінен біздің сөз етіп отырғанымыз жас жеткіншекті батырлық, ерлік, патриоттық рухта тәрбиелеу жайы ғой. Бұл жөнінде халық баланы жастайынан батылдыққа үйретуді жөн көрген. Ал ол үшін халық баланы жастайынан өжет, пысық, қорықпайтын, үрейленбейтін, қиын жағдайда саспайтын, ақылға сала әрекет жасайтын, алған бетінен талмайтын, халық ісі үшін аянбай батыл қимылдайтын, керек болса жан қиюға дейін баратын, көппен бірге болатын және онымен бірге бірлесіп жұмыс істейтін, турашыл да әділ, табанда да ер жүрек, алдына қойған мақсатына жету жолында тәуекел етіп іске кірісетін етіп тәрбиелеуді ұсынады. Баланы жастайынан батырлық, ерлік рухта тәрбиелеу үшін өзінің қоғамдық тәжірибесінде көптеген әдіс амал қолданған.
Өткен кезде батырлар жыры бала тәрбиесі үшін мықты құрал болды дедік. Оның мысалын Қобыланды, Қамбар жайындағы әнгімелерден көрдік. Бұл жырлар халықтың ерлік, батырлық дәстүрін кейінгі жас ұрпаққа әдемілеп әңгімелей отырып, олардың санасына патриоттық сезімді сіңіріп, елдің ерлік, батырлар жыры жастардың батыр болуымыз үшін не істеуіміз керек?» немесе «қорқақ деп кімді айтамыз?»деген сияқты сұрауларына да нақтылы жауап беріп отырған. Сондықтан бұл жырлар ерте кезде халықтың бала тәрбиесі үшін ауызша шығарған кітабына айналған, осы кітабы арқылы өзінің жастарға ақыл-өсиетті, үлгі-өнеге сөздерін айтып отырған. Сөйтіп, батырлар жыры жастарға эстетикалық тәрбие берумен қатар, оларды батырлық, ерлік, патриоттық рухта тәрбиелеуде көп қызмет атқарар дейміз.
Жастарды тәрбиелеу ісі мектептің, ондағы қоғамдық ұжымдардың ғана міндеті емес, бұл ата-аналардың да міндеті. Сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеу мектептен немесе өндірістік ұжымда ғана жүргізіліп қоймайды, ол әрбір отбасының, әрбір ата-ананың белсене қатысуын керек етеді. Сондықтан жас жеткіншектің, соның ішінде өзінің туған баланың болашақта жақсы адам болып шығуын көздейтін, соған жаны ашитын ата-ананың бала тәрбиесінен сырт қалуға ешқандай да моральдық қақысы жоқ. Олай болса, жастарды тәрбиелеу ісін ата-аналар мен мектеп және ондағы қоғамдық ұйымдар бірлесе қолға алуы керек. Ол – бүгінгі таңдағы басты міндеттің бірі болып саналады.
Мектеп көлемінде жастарды тәрбиелеу жұмысына ата-аналардың араласуы, көңіл бөлуі, көмектесуі т.б. өз бетімен, қалай болса солай жүргізілмейді, ол мектеп ұжымымен бірлесе, келісе отырып істесу негізінде жүргізілуге тиіс. Жеке ата-аналар болсын, класстық, жалпы мектептік ата-аналар ұйымы болсын мектеп ұжымымен тығыз байланыс жасап, бірлескен күнде ғана алдына қойған мақсаттарына жетеді.
Жас ұрпақты батырлық, ерлік рухта тәрбиелеу, әр бір отбасының, әр бір мектеп пен өндірістік ұйымның және ондағы қоғамдық ұйымдардың басты мақсатының бірі екендігі белгілі. Бұл мақсатқа жету үшін мектеп көлемінде тәрбие жұмысының сан алуан түрін жүзеге асыру қажет болады. Ал оларды қалай ұйымдастыру керек деген мәселеде мектеп ұжымына ата-аналардың беретін көмегі өте көп. Соның бірі ата-аналардың ақыл-кеңесі, олардың өмірден алған тәжірибесі болмақ.
Демек, мектеп пен ата-аналардың бірлесе жұмыс істеуі, бір-біріне көмекші болуы жастарды тәрбиелеу ісі үшін аса керекті шарттың бірі дейміз. Соның бірі біз жас ұрпақты патриоттық, батырлық рухта тәрбиелеуге байланысты жүргізілген жұмыс тәжірибесінен де байқағанымыз бар.
Міне, осы айтылғандардың негізінде адамның патриот болуы, батыр болуы, ер болуы – бұл ұзақ уақыт бойына үзбей ерінбей, талмай жүргізілген тәрбиелік жұмыстардың нәтижесінде, тәрбие жұмысының сан алуан түрлерін қолдану негізінде болады.
Тәрбие дегеніміз баланың үстіне кигізе қоятын дайын киім емес. Тәрбие жұмысының мыңдаған түрі мен қыры бар. Олар өмірде, тәжірибеде сынала келе нәтижеге ие болады.
Сондықтан тәрбие мәселесі мектеп өмірінде ешқандай да маусымды, үзіліс дегенді білмейді, үздіксіз жүргізіліп отыратын процесс.
Сонымен, жоғарғы класс оқушылары мен соғысқа қатысқандардың бас қосу кештерін өткізу туралы педкеңес нақты шаралар көрсетіп, қаулы алды. Қаулыда осы аталған жұмысты жүзеге асыру ата-аналардың көмегінсіз болмайтындығын айтты. Сондықтан бұл жұмысқа ата-аналардан бірнеше адамның (оның ішінде осы еңбектің авторы да бар) қатысуы, көмек беруі сұралды. Кейін педкеңестің осы тілегін қабыл алған ата-аналар іске кірістік.
Біздің жұмысымыз класс жетекшілерімен әңгімелесуден басталды. Алдымен қай классқа бұрынғы майданға қатысушылардан кімді шақырамыз дегенді шешіп алдық. Содан кейін педкеңесте айтылған ұсыныстарға сәйкес шақырған қонақтармен сөйлесіп, олармен әрбір кластағы кездесу күндерін белгіледік. Мұның өзі біраз уақыт алды. Маған 8а класы тиді.Осы класта жүргізген біраз естелік-әңгімеге тоқтағым келеді.
8а класының оқушыларымен өткізген әңгімеміз Кеңес Армиясы күнінің қарсаңында, олардың сабақтан бос кезінде болды. Класс жетекшісі Серафима Филатовна жиналысты ашты да, бүгінгі кештің тақырыбын хабарлады.
Класта 36 оқушы бар екен. Бүгінгі жиынға бәрі түгелдей келіпті. Оқушылардың арасында ата-аналардан да біразы отыр. «Жиынымызды Кеңес Армиясының күніне арнаймыз және осыған байланысты майданға қатысқандармен бас қосып отырмыз» дегенде қысқа түрде Армиямыздың ерлік тарихын еске түсірдім. Содан кейін құрғақ болмасын деген оймен және балалардың тілектері қандай екенін білгім келді, «сұрауларың бар ма?»,-дедім. Бірнеше сұрау болды. Барлығының мазмұны –біреу:
-Батырлық істі қандай адам жасайды?-деп сұрайды.
-Біздің елімізде «батыр»деген атақ адамның дене құрылысына, ұлтына қарап берілмейді,-деп бастадым мен сөзімді.
-Мұндай жоғары атақ кеңес адамдарының қасиетті Отанымыз үшін жасаған ерлігі үшін беріледі. Мәселен, соғыс кезінде он бір мыңдай адам «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болды. Бұлардың бәрі де фашист басқыншыларын талқандап жеңу жолында, командованиенің айбынды бұйрығын орындауда басқалардан гөрі айрықша, үздік ерлік жасайды.
…Жүрегінде патриоттық сезімі, бойында намыс оты жоқ адам еш уақытта ешқандай ерлік жасай алмайды.
Ұжымда (қоғамда, ұйымда, отбасында т.б) қалыптасқан ережеге сол ұжым мүшелерінің міндетті түрде бағынуын тәртіп дейміз. Тәртіптің толып жатқан түрлері бар. Соның бірі – оқушылар тәртібі деп аталады. Мектепте қалыптасқан ережеге бой ұсынып, сол ережеде көрсетілген міндеттерді және мұғалімдер мен мектеп ұжымының тілек-талаптарын, сондай-ақ өзінің оқушылық борышын адал ниетімен мүлтіксіз орындау дегендер оқушының тәртібіне жатады. Бұл айтылғандарды толық орындаған оқушыны біз тәртіпті оқушы дейміз.
Балаларды тәртіптілікке үйреткенде, біз олардың жігерлі, белсенді, ұйымшыл болу жағын да ойластырамыз. Бала жасынан жігерлі, ұйымшыл болып тәрбиеленсе, өсе келе ынжық болмайды, қандай жағдайда жүрсе де жол табады, ақылмен, ақылға сала оған қарсы тұрады, оны қалай жеңу жолын біледі. Жасынан тәртіптілікке үйренген бала өсе келе ұқыпты, тиянақты, жинақы келеді. Мұндай адамда салақтық пен ұмытшақтық, өз міндеттеріне жалқаулыққа салыну, кездескен қиыншылыққа қарсы тұра алмай жігерсіздену т.б деген сияқты жарамсыз қасиеттер болмайды.
Демек, адамды жігерлендіріп, батыл ететін, алға қойған ұлы мақсатқа жетуге ұмтылдыратын, үлкен арманды орындап шығуға қанағаттандыратын, қысқасы, адамды нағыз адам ететін күштің бірі саналы тәртіп пен тәртіптілік. Бұл қасиет үздіксіз тәрбие арқылы адамның қанына сіңіп, бойына тарайды. Отбасында, мектепте жүргізілген саналы тәрбиенің нәтижесінде тәртіптілікке үйренген, соған дағдыланған бала ер жеткенде халықтың мақтаныш ететін нағыз азаматының өзі болады. Ол өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен орындауды басты міндеті деп, өмірдегі арман-мақсаты деп түсінеді. Мұндай адам жеке бастың мүддесінен гөрі халық мүддесін жоғары санайды.