Ғұмар Қараш
Педагогика
Балаға тәрбие берушілер, мүмкін болғанша, жастардан болуы керек, хатте егер қолдарынан келсе. Мен бала тәрбиешісінің бала болуын артық көрер едім. Осылай болғанда тәрбие беруші өзінің шәкіртіне ең жақын жолдас, ең сенімді сырлас болып, оның түрлі халдарымен ортақтасар, бөлісер еді.
Бойжеткен кісі менен баланың арасында ортақтық, бірлік тым аз, мұндай аралары шалғай жатқан екі жанның арасында бір-біріне жақындық, байланыс берік бола алмақ емес. Балалар қорқып, үлкендерге құрмет етіп, қызмет көрсетуі мүмкін, бірақ жаны сәйкесті шын көңілден сүю – ол бар уақытта болмайтын жұмыс. Балалар ешбір нәрсені өзінің талап етуі бойынша алмай, қажет болғандықтан ғана алулары тиіс. Баланың басқаларды өзіне ыңғайына ерттіру, дегенін қылдыру, ауаны мен тілеген нәрсесіне ешқандай жомарттық ету керек емес. Әрбір сұраған нәрсесін сол сұрағының себебін тексеріп, егер дұрысында солай керек болса, тоқтаусыз жауап беріп, басқа орындарда тың- даусыз қалдыру керек. Баланың әрбір істейтін ісі «Сен солай ет» деп айтылғаннан емес, ол нәрсені істеудің керектігінен болсын. Бұлай болғанда, баланың лұғат дәптерінде «бұйрық» (әмір) деген сөздер болмасқа тиіс, «борыш», «міндет» деген сөзден екі бастан солай. Бойы жетіліп, ақыл кіргенше балаларда ешбір салалы мағлұмат болуы мүмкін болмағандықтан, оларға ондай мәселелер хақында сөз қозғаудан әл келгенше сақтану қажет. Балаларда жаңылыс идея (тілек) бекіп алса, оны соңынан естен шығарту өте қиын. Балалардың істемеуге тиіс болған нәрселерді күн ілгері мынаны былай етпе деп тыймай, тек істеулеріне жол бермеу керек. Істеуге болатын нәрселерді сұраусыз, шартсыз алдарына бос қою кеpек. Әр нәрсеге рұқсат ету, яки тыю шарасы болғанда рұқсатыңыз ашық жүзбенен, тыйсаңыз көңілсіздікпен болсын. Қалай болғанда да тыйымыңыз өзгермейтін, аумайтын болсын. Бала 5-6-ға кіре тауы шағылатын ондай әуеннен тіпті бас тарта бастайды. Міне, осындай жолменен баланы шыдамды, көнбісті, жуас, қатты, өзіне тілеген нәрсесін ала алмағанда да сыр бермейтін шыдамды қылу жол. Адамның жаратылыс мінезі шарасыздан болатын нәрселерді қамықпай көтеру жағына бейім, кісінің еркіне қарысу жағында емес. Бұлай болғанда, мұнан артық жоқ деген сөз, егер жалғыз деп ойламаса, балаға бір уақытта да наразылық тудырмайды.
…Нашар тәрбие баланы өз тілегі мен сіздің тілегіңіз арасында шөре-шөре етіп қалдырады, һәм екеуіңіздің араңызда оған қайсысыңның қожалығың турасында бойлай талас шығарады. Меніңше, әр уақытта сіз оған қожа болудан, оның өзіне-өзі қожа болуы жүз рет артық ғажаптандырарлық бір нәрсе.
Әрбір уақытынан бұрын беріліп, олардың бастарына күштеп толтырылған нәрсе олардың жүректерінің терең түкпіріне залалды дақ салады.
Егер «мүмкін», «мүмкін емес» деген жалғыз ғана заң бойынша тілеген жаққа алып бара алмасаң, бала тәрбиесін түптеп көтере алмауың тиіс. Бұл екеуінің ешбірі де балаға белгілі болмауы себепті, оны кеңейтіп я қысып керегінше жұмсауға болады.
Баланы байлау, босату, тоқтату тек жалғыз керектің жүгені арқылы болсын, һәм баланы ешбір ашуландырарлық болмасын. Баланың сөйлемпаз болуы, тыңдаушыл болуы, ол жолда оларға кемшілік дағы түспек емес. Тағ- лымшылдық мінезінен пайда шықпайтынын күні ілгерілеген уақытта әспеттейді.
Шәкірттерге ауызша үгіт бермеңіз, пайдалы нәрсені өздері тәжірибе арқылы тапсын. Оларды еш те жазаламаңыз. Олар епті болудың не екенін білмейді. Оларды еш уақытта кешірім сұрарлық халге түсірмеңіз. Олар сізді жәбірлей алмайды. Істейтін ісі еш бір ахлақи негізге салынуы міндет болмаған жандардың әсері жаза саларлық жаманшылық қыларлық лайықсыз болуы мүмкін емес.
Бала үшін ғұмырдың ең қорқынышты шекарасы – туған уақыттан алып 12 жасқа толғанша. Бұл арада бұларға түрлі адасулар, һәм кемшілік дақтары түскіш болады.
Ол дақтарды кетіретін құрал ол күнде оларда болмағандықтан, соңғылықта тамырланып, бекіп үлгерген нәрселерді алып тастау өте қиын келеді. Олар өздеріне тиетін не бар әзірлік күштерін қолдарына түсіріп алмай тұрып, еш нәрсені бүкіл жанымен шындап істеуге күштелмесін, жан көздері ашылмай тұрып, олардың алдарына қойылған идеал шамын көрулері, ұшы-қиыры жоқ тұрмыс жарысында адаспай, сол шамға қарай жүрулері мүмкін емес. Ол шамды жетіскен ақыл, ең көргіш көздер үшін ғана қояды. Сонда ол анықталмай, күмілжі елестеп қана тұрады.
Осылай балаларға бастапқы берілетін тәрбие олардың көңілдеріне егу-сіңіру жолыменен емес, олардың таза жүректерін жаман дақтардан, кішкене ақылдан адасу кірлерінен сақтау жолымен болуы керек.
Дұрыстық деген нәрсе көп уақытта әдетке қарсы болады. Әдетте, «баланы бастан» деп мақал етіп, баланы бала жасамай, бір дегеннен дана жасағылары келіп, көп адам ерте бастан ұрысып, үгіттеп, қорқытып тәрбие етеді. Бұның залалдарын бірқатар айтып өттік. Балалардың жек көретін нәрселерін сүйдіру мақсатымен жекіріп, оларды қиындыққа салмаңыз. Әрбір жағымсыз нәрселерді ақыл, фәлсафа жолыменен жағымды көрсетуге тырысып күштеп беру оларға жиіркеншектік пайда қылады. Балалардың тәнін, сыртқы мүшелерін жоққа жегіп, күштерін арттырмаңыз. Әмме, олардың жандарын ауыр жұмысқа салудан мүмкін болғанша сақтаныңыз. Шет нәреселерден әсерленіп, ой-пікірлерін жұмысқа салудан сақтаңыз. Бұл арқылы көңілдеріне жамандық орнатуға кедергі болыңыз. Оларға жақсылық істеуді үйретіңіз. Асықпаңыз, жақсылықтың есепке құрылған, машина сияқты істелуіменен емес, жеміс болып істеліп жеміс беруіменен. Балалардың жетіп-пісуіне жол беріңіз… Асықпау туралы пікірдің бірі– баланың қамын, өзін-өзін танудың керектігі. Әр жанның хас сұлбасы болып, сол сұлбаға сәйкес басқарылуды қалайды. Сіздің тәрбие еткен еңбегіңіз орнына келіп, көңілдегідей жеміс беруі үшін осы жан сұлбасын күн ілгері танып, соған сәйкес басқаруыңыз тиіс. Басқаша болмайды. Ақылды, шебер тәрбиешілер! Бұл айтылған сөздер бойынша әуелі жаратылысты әзірлеңіз, шәкіртіңізді сөз қатпас бұрын күн ілгері жақсы сынаңыз, оның мінез-құлқының бастапқы ұрық тұқымы жарылып, көктеп өсуіне ерік беріңіз. Ешбір жақтан қыспаңыз. Осы жолменен оның жанының табиғи сурет сұлбасын танып алыңыз.
Әлде олай істегенде біраз уақыт босқа өтеді ғой деп ойлайсыз ба? Жоқ, олай емес, жан-жағыңа қарап, жай маңды байқап алып істелген жұмыста еш уақыт қателесу болмақ емес. Осы жолменен сіз қашан қымбатты уақыт жеткенше бір минут уақытты да босқа шығын қылмаудың жолын табасыз. Егер сіз жақсы білмес бұрын іс бастасаңыз, ол уақытта сіз көп орында қателесіп, кері қайтуға ұшырамақсыз. Бұлай асығыс қате басталғанда неғұрлым ілгері жүрсеңіз, соғұрлым мақсаттан қашықтай бермексіз.
Сіз айтарсыз: бұлайша бір дақ жолатпай баланы қайда сақтаймыз, әлде, оны айға не болмаса басқа бір кісі тұрмайтын аралға жібереміз бе? Әлде оны маңайдағы не бар адам баласынан, не бар нәрселерден аулақтандырамыз ба?..
Бұл қайсы айтылған сөздер күшті һәм жолды. Бірақ мен табиғи… тәрбиенің жолы жеп-жеңіл жұмыс деп бір уақытта да айтқаным жоқ. … бұл қиындықты мен мойындаймын, кім біледі, бәлки, бұлар, тіпті, жеңуге болмайтын да нәрселер болар, бірақ сонда шүбә жоқ, бір жеңуге, жоюға ыждаһат етсек… жеңбекпіз, жоймақпыз. Мен мақсатты ғана көрсетемін. Ол мақсатты әрбір тәрбиеші өздеріне жұлдыз етіп, бет қоймағы міндет. Мен айтпаймын ол жұлдызға еменде-семен жетіп, құлақ шекесінен алар деп, әмме соны берік айта аламын, кім ол жұлдызга қарай жүріп, неғұрлым жақындаса, соғұрлым пайдалы нәтижеге жетіседі.
Ғұмырда кісі жасап шығаруды үстіңізге алмас бұрын өзіңізді кісі жасауға, өзіңізде кісіге берерлік үлгі-өнеге болдыруға тырысыңыз. Тәрбиеңіздегі бала өсіп есейгенше оған жақын жанасатын не бар нәрселерді әзірлеп, тек ол көруге жарарлықтарын ғана көрсетіп тұруға уақыт бар… Сіз оларға кезінде қай дәрежеде құрметті болсаңыз, сол дәрежеде тәрбиеңіз маңызды болады.
Баланың мінез-құлқы түрліше болады: ұялшақ, жуас, қыз мінезді балалар болады. Оларды қауіп-қатерсіз-ақ көп уақыт міндетсіздікке сақтауға болады. Кейбір балалар жастан-ақ сойқан, ұрыншақ келеді, һәм бұл мінездері тез өседі. Бұндайлар ертерек ахлақи қағидаларменен таныстырылмаса, үйден ұзап шықпай-ақ шынжырға байланады.
…Ерікті тәрбие ететін үш жолдың екеуі қысқаша айтылып өтті. Енді үшіншісі туралы сөз болғалы отыр. Ол үшінші жол дегеніміз – үйрену жолы. Бұл осында жазылғанда үшінші болғаны сияқты, жұмыс жүзінде әсер беруін- де де үшінші орында тұрады. Бұл туралы педагогика Сократтың пікіріне құшақтасып қосылып кете алмас, ол айтады: «Игілік, жақсылық деген пән, оны былайынша пәндер сияқты үйрету, сабақ беру жолымен табуға бола¬ды», — деп. Педагогика бұдан гөрі Аристотельге жанасар, ол: «Игілік деген бәрінен биігірек әдет, сол үшін де оны жұмыстану, жаттығу жолыменен меңгертуге болады», — дейді. Бұныңша, сөз үйрену екінші дәрежеде есеп етілуге тиіс болады. Әрине, педагогика бар уақытта да қарама-қарсы болған, бұл екі жолдың бір шетіне шықпас, һәм бар уақытта үйренудің бұл турада ешбір әсері жоқ деп айтпас… Ақыл иесі мақұлық өзінің істейтін жұмысы һәм мінезі туралы пікір жүргізбей тұра алмайды…
Бұл үйрену жолында басты екі орынға көзді салу керек: бірі – тұрмыс жолдары туралы, екіншісі – ұяттың пайда болуы туралы. Тұрмыс жолдарын үйрену туралы жұмбақ мынау: адам өз тұрмысын әр турада табиғатқа, жаратылысқа, һәм айналадағы халықтың қоғамына сәйкес етуге негіздеуі тиіс… Еріктің тууына әсер беретін айырым-айырым себеп те, бұдан туатын түрлі-түрлі мінез-құлықтар, бұлардың бәрі балада ұшы-қиыры жоқ тексеруді, сынауды талап етеді. Үйренудің жұмбағы осы мың түрлі өрнектерден керектісін айырып алуға жәрдем ету, һәм адам баласының әрбір ісіндегі себепті және ол себептің әлгі іске қалай әсер етуін балаға білдіру. Адам баласының істерінің, мінездерінің түрліше болуының түпкі себептеріне тереңнен түсініп хабардар болып тұру, тура жолды табуға, адамшылықтың жетілуіне, мінездің тазалығына үлгі себеп. Жаңылыс жолға кірген залалды мінезге нашар еріктің, ұятсыз дақтың қанша әсері болса да, себебіне түсінбеу, пікірдің тайыздығы, бұ да сонша әсер береді: адам істейтін жұмысын ayдара қарап, ақтара сұрамай, көз жұмып істегендіктен, көбінесе өзіне я басқаларға зиян етеді. Айталық, адамда жастық күші бар, мұны ойламай жеңілдікпенен жұмсаудан адам кейде өзінің саулығын жояды, хатте бұнан өмірін беріп, төлеуге душар болады. Көп кісі бұны баста елең етпейтін кішкене ғана жұбаныш іс деп ойлайды…
Екінші жұмбақ – ұяттың пайда болуы… Түптің түбінде бұларды шешетін білім, ақыл емес, жақсы тәрбиелік ерік болады. Солай да болса, бұл туралы білімнің орны да жоғары: басқа орындардағы сияқты, мұнда жетік кең білім ерікке дұрыс жолды көрсетеді, бұл арқылы ерік өзінің жаратылысына сәйкесетін нәрселерді таңдап алады.
Кей мезгілде адам пікірі көпке дейін бір ананы, бір мынаны істеуге кірісіп жүрсе де, біріне де көңіл тоқтап таңырқай алмайды, ақырында бір жұмысқа тірелгенде көңілі жай тауып шаттанып, менің іздеп жүргенім осы еді дейтін шекке келеді. Дұрыс жолыменен сынау-тексеру, беріректе ашық көрсету ретіменен болған ақылдың жолбасшылығы ерікті мұндай адасулардан құтқарады…
Аяғында, үйрену тұрмыс ретінде адамға қайсы істі істеуі тиіс, қайсы істі істеуі тиіс емес екенін айырып, әрбір жұмысыңды сынап, бақылап тұратын бір күш, бір хал пайда қылады – мұны «ұят» деп, «көңіл тілегі» деп айтамыз. Орысша совесть дейді арабша «ұждан» деп жүргенімізді.
Бұл үйрену, үйрету жолы кім тарапынан істеледі һәм қай реуіште істеледі?
Шүбә жоқ, бұл жолды басқарушылар ата-аналар, мүғалімдер һәм басқа үйрету жолдары қалай болса – бұл да солай: баста көздеріне көрсетіп, бұдан соң мүмкін болғанша басқа да түсіндіру жолдарыменен реттеледі.
Ата-аналар бәрінен бұрын балалардың ахлақ мінездерін жақсы жолға қоюға бейім келеді. Олар балалардың кішкене уағынан-ақ … керегінен артық тәрбие беруге кіріседі. Олар әр нәрсені тексеріп, балаға себебін түсіндіріп, ерте бастан құяды: мынау жақсы, мынау жаман, мынаны істеуге болмайды. Бұдан соң балалардың көз алдында бо¬лып тұрған нәрселерден мысал көрсетіп, жақсы-жамандығын түсіндіріп, істеуге тиіс деп көрсеткен істің қарсы жағын да баяндап көрсетер. Үйрету реті баста бірте-бірте ашық баяндап кеңейтіп, олардың ығдиқатына сіңетін, қызықтыратын, тиятын, түзейтін сөздерменен болады. Бұл туралы ұрсу, жекіру, ретіменен үгіт беруден беріректе, тентектік еткен бала өзіне жаза күтіп тұрған кезінде я болмаса жаза тартып болысыменен үгіттеуден сақтану керек, бұндай халде берілген үгітті тудыратын нәрсені әрбір үгітке, жақсы сөзге жиіркенуден басқа еш неме емес. Тек ашу толқыны басылғанның соңында, тыныш уақытта ол уақиғаны қайтадан тексеруге болар. Беріректе баланың, яки үгіт берушінің сөзіне хас етіп айтылмай, құр шағын төңірегіндегі бір уақиғаға тіреп айтылса, онда әсерлірек болуы мүмкін: бала неғұрлым өзінің балалық намысына тиместей орында тексерілсе, соғұрлым жұғымдырақ келеді. Үйретудің екі түрлі жолында да бірі көрсетіп, бірі жаттай түсіндіріп, ақыл шегінің өсу шамасына қарай тұрмыстық мінез туралы жарыққа шыққан істерін де түптеп тексертуді қосу керек.