
Отбасы, шаңыраққа
Уа, құдайым!
Ұл берсең білікті қып бер.
Қыз берсең көрікті қып бер,
Келін берсең келісті қып бер.
Е, құдайым оңдасын,
Қызыр келіп қолдасын,
Бас аман, мал түгел боп,
Береке-бірлік орнасын!
Дастарқаның бай болсын,
Пейілің соған сай болсын.
Үй ішінде ұйым болсын,
Үйіңде күнде жиын болсын.
Биік болып мәртебең,
Топ ішінде сыйың болсын,
Ауызбірлік мықты боп,
Жаман жолдан тыйым болсын.
Қонақ күтер күйің болсын,
Алты бөлме үйің болсын.
Осының бәрін көтерер
Мықты дәулет -күйің болсын!
Аллаһу акбар!
***
Он сегіз мың ғаламды
Жаратушы бір Алла!
Жанұяңа бақ қонсын,
Дастарқаның ақ болсын.
Жас отауың басқа толсын.
Мың бір атты пәледен Алла сақта!
Жүз бір атты қатерден сақта.
Тілдінің тілінен сақта.
Жер бетіндегі бәле-жаланың
Бәрінен Алла сақта.
Бақ қонсын, қыдыр дарысын.
Өшпес дәулет орнасын,
Үйдегіні үйде сақта,
Түздегіні түзде сақта.
Жаратушы, жан Ием,
Әрқашанда бізді сақта.
Кедергі мен кеселден
Бір Алла өзің сақта!
Айтқанымды қабыл етсін бір Алла
Әумин! Аллаһу акпар!
***
Бір, құдайым оңдасын,
Оң жолыңа бастасын.
Үйіңді түрлі апаттан,
Құса-қайғыдан сақтасын!
Үміт артқан ұл-қызың,
Ел сенімін ақтасын!