
Майқы би
Қас батырда ұйқы жоқ,
Қас сұлуда күлкі жоқ .
Күлкі қайдан болады,
Үйінде тұлдыр мүлкі жоқ .
Тамағыңнан жақын жоқ,
Майқыдан өткен ақын жоқ.
Мамада атың болмаса,
Еркегіңде тақым жоқ.
Серікке сенсең секемсіз,
Шын көңілде сақын жоқ,
Еттің бәрі қазы болмас,
Иттің бәрі тазы болмас.
Өзі қатты сараңдардың
Ешкімге айтар назы болмас.
Келіні кеу кемпір-шалдың
Көрер күні жазы болмас.
Жегжат берер бекер пұлдың
Көбі менен азы болмас.
Құлақ жарар шәңгіл әуен
Тыңдағандай сазы болмас.
Ұрыс көрген ұл мен қыздың
Мінезінің мәні болмас.
***
Еттің бәрі жал болмайды.
Бар сөз білген сал болмайды.
Күйгелектің тез күні өтер,
Ол қартайып шал болмайды.
Жапырақ жайған қызыл мия,
Саялайтын тал болмайды.
Қара көже күбідегі
Ас болады, бал болмайды.
Түйе түлік шыдамы мол,
Бір шөккен соң мал болмайды.
Науқас билеп кеткеннен соң,
Шал-шауқанда әл болмайды.
Тұрған іркіт тамақ қырнар,
Тамақ болар, мәл болмайды.
Ғақылы асқан зейінді ұл,
Басына іс түссе батпан.
Тәсіл табар, дал болмайды.
***
Қойдан қойдың несі артық?
Қос табақтық еті артық.
Қардан қардың несі артық?
Жылтыраған беті артық.
Маннан манның несі артық?
Бірі – алпауыт, бірі – шартық.
Аттан аттың несі артық?
Адымдап басқан ізі артық.
Қыздан қыздың несі артық?
Қылмыңдаған көзі артық.
Ерден ердің несі артық?
Ептеп айтқан сөзі артық.
Пұлдан пұлдың несі артық?
Тозғанда шұлғау, тозы артық.
Екі лақтан бір тоқты,
Шікірәдан қозы артық.
Жыпырлаған жұлдыздан
Жартыкеш болса да Ай артық.
Биік- биік жотадан,
Су сыйлайтын сай артық.
Митыңдаған есектен,
Күзелген бөдіс тай артық.
Қисусан салған ұлпадан,
Бір-ақ уыс жүн артық.
Тіршілік берген һәммеге,
Барлығынан күн артық.
***
Адам бақсаң, атаң бақ,
Көз жұмар сапар аттанып.
Сөз білген атаң ата-ақ.
Айтқаны қалар жатталып.
Түйе бақсаң, атан бақ,
Атаның туар айында.
Бие туар жылында.
Салмай жортқан жігіттен,
Салмай құлындаған бие артық.
Жүргенде шөп тілемес,
Тілесе де көп тілемес,
Жүргенде шөп тілемес,
Атыңнан атан түйе артық.
***
Сулы жерді таңламас,
Алма, өріктен шие артық.
Ексең, балам, ағаш ек,
Жеті жасар бала асырамайды,
Жеті жылғы ағаш асырайды.
***
Қонаққа аспа жауырын,
Таңдап бергей тәуірін.
Бипаз сөйле кеткенде,
Сипап жібер сауырын.
Жілік жесең біреуден,
Сақта оған жамбасты.
Басыңа іс түскенде,
Жамбастан ол танбасты,
Болмаса егер албасты.
***
Қонақ қойдан жуас-ты,
Май берсең де жей берер.
Жегжатыңан тай сұра,
Ең болмаса, қой берер.
***
Майға шылқа өзіңді,
Күнде тойсаң білерсің.
Аптада бір тоймасаң,
Тоңқалаң асып өлерсің.
Тыныштық бер балаға,
Қазымыр болма, шал болсаң.
Көз шырымын алған жөн,
Ақылың кетіп дал болсаң.
Шаруадан тыс қаларсың,
Бәрің бірдей сал болсаң.
Ақымақтық істей бер,
Ақылың жоқ мал болсаң.
***
Береке түбі – бірлік,
Жеңіліс түбі – шерлік.
Жеңіс түбі – ерлік.
Қуалай берсең шабанды,
Адымын жазып құнығар.
Қуалай берсең жаманды,
Батыр болып шынығар.
Қырдың гүлі азайса,
Тікенге қонар бұлбұл құс.
Тікен ада болған соң,
Құс та көзден бұл-бұл ұш.
***
Ауыр қайғы бөлісу –
Ағайынның парызы.
Ауыр жүкті көтеру –
Ақ атанның қарызы.
Сайрап жатар шешеннің,
Салып бір кеткен сара ізі.
Бәрінен де жаман-ды,
Ағайынның аразы.
***
Баршылық болса мал — жаның,
Көп ағайын көре алмас.
Жоқ болса, егер өзіңде,
Туысқаның бере алмас.
Танысаң қара егер де,
Оқи білсең, хат жақсы.
Жыласқанға өз жақсы,
Сыйласқанға жат жақсы.
Қара жаяу қалғаннан,
Жаман да болса ат жақсы.
Жауға салма жалғызды,
Тұқымы құрып кетер-ді.
Жаман болса қыз балаң,
Жеті атаңа жетер-ді.
Қатының жаман болса егер,
Қонағың сыйлы кетер-ді.
Келінің жаман болса ше?
Астынан танау міңгірлеп,
Күңкілмен күнің өтер-ді.
Ұл жаман болса ұрыншақ,
Сүргенің өмір бекер-ді.
Иттің — дағы тегі бар,
Тексіз болса ол шіркін,
Иесін де қабады.
Жақынның бәрін жатсынған,
Туысқан қайдан табады?!
… О, Тәңірім,табынам!,
Бесеуге бер береке,
О, Тәңірім, табынам!
Алауыз болса қамығам,
Біріге қалса шамығам,
Бесеуге бер, береке,
Арыс атам атынан,
О, тәңірім, табынам!
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Бесеу біріксе, берместі алады.
О, тәңірім, табынам.
***
Әлі заман өзгерер,
Өзгергенін көз көрер.
Мінгенің арба болар,
Бар құс қарға болар.
Жансыз арба ат болар,
Өз балаң өзіңе жат болар.
Темірден құс болады,
Ұрпағымның көргені сұс болады.
Адам басы ауырып дақ шатылар,
Базарыңда сұйылып сүт сатылар.
Еркек билік тұл болар,
Сиыр пұл болар.
Еркек жасып, и болар,
Қатын тұлданып, би болар.
Алғаның ғарабы болар,
Құттың қорабы болар.
Төсекке есеппен жатарсың,
Жыныс зарпын ақшаға сатарсың.
Иекке тиер қызыл аз болар,
Адам шаштан айрылып, таз болар.
Он бесте азуыңды аршырсың,
Тумысыңнан тамаққа таршырсың.
Баққаның өсек, сөз болар,
Тастан аяқ болар,
Балық саяқ болар.
Сары судан ас шығар,
Балаң өзіңе қас шығар.
Жер тақыр болар,
Жұрт пақыр болар.
Осындай қилы заман болар.
Енді төрт мың жылда,
Дүние тамам болар.
***
Халқыңды билеместен бұрын, өз ордаңды билеп ал.
Ордаңды жұмған жұдырықтай берік ұстасаң,
Халық ешқайда қашпайды.
Момынның ақысы зәлімге кетпес,
Кетсе де, ұжмаққа қолы жетпес.
***
Жаманнан жақсы туар,
Адам айтса нанғысыз.
Жақсыдан жаман туар
Бір жармаққа алғысыз.
***
«Кімнен кім туады?» деген сұраққа Майқы би былай деп жауап беріпті:
Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұңқар туады.
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақпас туады.
Таздан жарғақбас туады.
Сараңнан бермес туады.
Соқырдан көрмес туады.
Мылжыңнан езбе туады.
Қыдырмадан кезбе туады.
***
Би екеу болса, дау төртеу болады.
Құлаққа жағымсыз жаман сөз айтқанша,
Жүрекке жылуы бар отты сөз айт.
***
Парақор биге ісің түспесін,
Сараң үйге кісің түспесін.
***
Жаман еркек жар қадірін білмес,
Жайсыз әйел ер қадірін білмес.
Жетесіз жігіт ел қадірін білмес.