
Анахарсис
Орта Азия мен Қазақстан халықтарының шешендік өнерінің туу тарихын, оны жасаушылардың байырғы өкілдерінің өмірі мен өнегесін зерттеудің маңызы зор. Бұл ретте Орта Азия мен Қазақстан жерін ежелден мекендеген скифтердің батысқа ауып, Қара теңіздің солтүстік өңіріне барып қоныс тепкен бір ұлысынан шыққан ғұлама Анахарсистің шешеңдік сөздері айрықша бағалы. Оның сөздері бүгінде көне дәуір авторларының грек, латын тілдерінде жазылған, одан орыс тіліне аударылған еңбектері арқылы белгілі болғанымен, олардан Скиф даласының тыныс-лебі есіп тұрады. Ал скифтердің Орта Азия мен Қазақстан халықтарының, олардың ішінде қазақ халқының да қалыптасу процесінде үлкен орны бар ұлыстардың бірі болғанын ескергенде, скиф Анахарсистің шешендік толғамдары мен қанатты сөздерінің қазақ шешендік өнеріне қатысы туралы ғылыми мәселе бой көтеріп шыға келеді.
Анахарсис Скиф даласынан Эллада еліне біздің заманымызға дейінгі 594 жылы келеді. Оның шыққан ортасы, өмірі туралы алғашқы деректер Геродоттың «Тарихында» жазылған. «Ариапифаның сенімді кісісі, тыңшы Тимнен естуім бойынша, — деп жазады Геродот, — Анахарсис әке жағынан Скиф патшасы Идантирстің ағасы болып келеді. Сапаргапифтен – Лик, Ликтен – Гнур, одан Анахарсис туған» (Геродот. История в девяти книгах. ІҮ кітап, 76-бет). Геродоттың мәліметіне қарағанда, Анахарсистің Эллада еліне барып, мемлекет ісіне, даналыққа үйренуі – Скиф патшасының тікелей тапсырмасы бойынша болған іс. Анахарсис туралы көне дәуірдің Геродоттан кейінгі ғұламалары да ой айтқан. Олардың жалпы саны жетпіске жуықтайды. Олардың ішінде Эфор, Страбон, Диоген, Плутарх, Платон секілді телегей-теңіз білім иелері бар. Аталған ғұламалар Анахарсисті көне дәуірдің атақты данышпаны, сөз майталманы деп көрсетеді. Әсіресе, оның Солонмен достығы кең көлемде баяндалған, көне грек сөзшеңі, атақты мысалшы Эзоппен бір дастархан басында бір табақтан дәм татып, тіпті бірге шарап ішкені де хатқа түскен. Эфор Анахарсистің текті ортада туып-өскенін, әлемдегі атағы жер жарған жеті данышпанның бірі болғанын айта отырып, оның екі тісті якорь, ұста көрігін ойлап тауып, оларды алғаш жасап шығарғанын тілге тиек етсе, Страбон оның өз елінің кішіпейілділік, қарапайымдылық, әділдік сияқты жақсы қасиеттерін бойына терең сіңіргендіктен, эллиндер ортасында үлкен құрметке иеленіп, даңққа бөленгенін жазады. Диоген Лаэртский Анахарсис туралы жазбаларында оны Скиф елінің патшасы Гнурдың ұлы деп, шешесінің элладалық грек қызы екендігін көрсетеді. Анахарсис өз Отанында тамаша тәрбие алып, ана тілінде сөздің майын тамызып сөйлейтін сөз шебері деңгейіне көтеріледі. Сонымен бірге ол шешесінің үйретуімен грек тілінде жап-жақсы сөйлей білген. Анахарсистің ата-анасы жайында, өзінің жастайынан екі тілде сөйлеп өскені, Солонмен бірге жүріп, бірге тұрғандығы туралы Платон да осындай пікірде болған.
Диоген Лаэртский «Атақты философтардың өмірі, ілімі және сөздері туралы» деп аталатын еңбегінде көне грек философтарының данышпандар туралы пікірін талдай келіп, Пифагордың данышпан мен данышпандық жайындағы ойларына үлкен мән береді. Пифагордың айтуы бойынша, данышпан болу оңай нәрсе емес, данышпан болу Құдайдың ғана қолынан келмек, данышпандық та тек соның болмысына ғана лайықты. Диоген Пифагордың осы пікірін сараптай отырып, өзінше тұжырым жасайды. Құдай болмағанмен, Құдай берген қасиеттің арқасында данышпан қатарында саналған көне заманның жеті ОЙІІІЫЛЫНЫҢ ішінде скиф Анахарсисті алғашқылардың бірі ретінде атайды. Ал Лидия патшасы Крез Анахарсисті өз айналасындағы данышпандардың ең ұлысы деп білген екен. Шешен сөздің байырғы көсемдерінің бірі М. Т. Цицерон да Анахарсистің ақыл-ойын, ғылым мен білімге, өнерге деген көзқарасын өте жоғары бағалаған.
Анахарсистану саласында еңбектеніп жүрген ғалымдардың болжауынша, ол скиф және эллин халықтарының өмір-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, кәсібі туралы 800-ден астам шешендік сөз, толғау қалдырған. Сондай-ақ, антикалық дәуір әдебиеті нұсқаларында оның түрлі жағдайда, түрлі тақырыпта жазған 10 хаты сақталған. Дала данышпанының аталған еңбектері Еуразияның бірқатар ғалымдарының назарына ілігіп, тиісті бағытта қарастырылды, сарапқа салынды, И. В. Куклина, М, И. Ростовцев, А, М. Хазанов, А. И. Доватур,
М. В. Агбунов сияқты ғалымдар Анахарсистің өмірі мен шығармашылық мұрасын тарих, мәдениеттану ғылымдары тұрғысынан пайымдағанына қарамастан, олардың ізденістері мен қол жеткен нәтижелері дала данышпанының өмірін, ортасын, көзқарасын, танымын танудағы елеулі ғылыми табыстар еді.
Ел аузында сақталған аңыз мәліметтері, халықтық таным қазақ шешендік өнерінің түпкі негізін, қайнар-бастауын ноғайлы дәуірінде өмір сүрген Майқы биден таратады. Бұл пікірдің бірден-бір басты негізі – халық жадында ғасырлар бойы сақталып, бүгінгі күнге жеткен «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген қанатты сөз. Халық танымында хатталып қалған бұл ұғымды бүгінде сөз өнері туралы ғылым да жоққа шығармайды. Алайда, қазақ шешендік өнерінің қайнар-бастауын, оны жасаушылардың байырғы өкілдерін анықтау барысында Майқы биден арғы заманға көз салып, біздің заманымызға дейінгі ҮІ ғасырда жасаған скиф ханзадасы Анахарсистің сөз өрнегіне, өмірі мен өнеріне көңіл аудармайтын болсақ, оңда бұл қазақ шешендік өнерінің тарихы үшін де, оның байырғы өкілдерінің рухани мұрасы алдында да үлкен айып болар еді.
Қазақтың белгілі билері мен шешендері секілді Анахарсис те сөздің қадір-қасиетін ондағы ой-пікірдің қадір-қасиетімен өлшеген. Данышпанның танымында сөз өз бетімен тұрып жақсы да, жаман да бола алмайды: ой, ойдың жүйесі жаман болса, оны жеткізіп тұрған сөз де жақсы емес, егер сөз жүйесіндегі ой жақсы болса, онда сөздің өзі де жақсы. Сұлу айтылған сөздің мәні мен мағынасы таяз болса, бұл – ақылдың, ойдың мешеулігінің белгісі, ал сөздің мәні мен мағынасы терең келіп, оның айтылу реті бұзылып жатса, бұл – шешеннің сөйлеу өнеріне тән кемшілік.
Берілген ойлардың қазақ билері мен шешендерінің ойларынан ешқандай бөтендігі жоқ, тіпті скиф ханзадасының сөз сөйлеу, сөз саптау мәнері де қазақ билері мен шешендерінің сөз жұптау машығымен үндес келіп жатады. Көне дәуір ғұламаларының еңбектерінде Анахарсистің бірқатар шешендік сөздері сақталған. Солардың бәрінде де оның шешендік сөздерінің қазақ шешендік өнеріне қатысы анық көзге түсіп, көңілге қонып тұрады.
Афинада өмір сүрген атақты сөз зергері Лукиан Самосатский «Скиф немесе қонақ» атты шығармасында Скифиядан Афиныға келген Анахарсис пен Токсаристің өмірі жайында мәлімет қалдырған.
Анахарсистің даналық сөздерінің бірқатары оның Лидия патшасы Крез айналасындағы данышпандармен пікір алмасуы нәтижесінде туады. Скиф данышпаны кейде Крездің өзімен де ой таластырып, сөз жарыстырып отырған, Анахарсистің Солонмен алғаш кездесуі де оның тапқырлығына, шешендігіне куә болатындай әңгіме үстінде өтеді. Көне дәуір ғұламаларының еңбектерінде көрініс тапқан деректерге қарағанда, Токсарис Анахарсисті Афины ғұламасы Солонның үйіне алып келеді, Анахарсис Солонның қызметшісіне Солонмен жүздесу үшін, егер мүмкін болса, достасып, оған қонақ болуы үшін, Анахарсистің келіп түрғанын хабарлауды тапсырады. Солон бұл хабарды естіп, қызметшісі арқылы Анахарсиске кісі досты бөтен елден емес, өз елінен іздеп табатынын ескертеді. Сонда Анахарсис қызметшіге: «Олай болса, Солонның дос табуының да, достасуының да сәті түсіп тұр: мен өзге елден келсем, Солон өз үйінде, өз Отанында отырған жоқ па!» – деген сөзін Солонға жеткізуді бұйырады. Анахарсистің сөзінің орындылығына, ойының өткірлігі мен ұшқырлығына сүйсініп, разы болған Солон оны қабылдап, құрметті қонағы ретінде күтеді. Кейін келе бұлар араларынан қыл өтпес достарға айналады.
Мінбеге көтеріліп, былай деп айтатын боламын деген екен Солон: «Афиналықтар, мен сендер үшін әділетті заң жасадым, оны өздерің үшін де, мемлекет үшін де өте пайдалы деп есептеймін. Ал мына жат елдік азамат, Анахарсис скиф бола тұра, ақылға бай әрі дана. Ол менің көзімді ашып, ойымды байытты, көптеген пікірлерімді басқаша байымдауға көмектесті, толып жатқан кеңес беріп, білім мен пайдалы іске үйретті. Сондықтан да бұл азаматты ел үшін де, мемлекет үшін де құтты, қайырлы деп санап, оның мүсінін мыстан құйып, ең бір құрметті жерге халық қалаулыларымен қатар қойыңдар!» (Лукаин.Сочинения. т.2.М,, 1920. стр. 194).
Солонның бұл сөзінде шындық, тек қана шындық жатыр. Солон Анахарсистен Скиф даласының әдеті мен салтына, дәстүріне, тарихына қатысты мол мағлұмат алады. Анахарсис Солоннан афиналықтардың өмірі, мемлекет құрылысы, заңы туралы көп нәрсеге үйренеді. Солон мен Анахарсис арасындағы мұндай өзара түсіністік, сый-құрмет оларды жақындастыра түседі. Солон афиналық данышпандардың бас қосқан сейіл-серуенінен Анахарсисті қалдырмауды дағдыға айналдырады.
Бірде Крез патша данышпандарды қабылдап, байлығы мен салтанатын көрсетіп болған соң, әңгіме бастайды. Анахарсистің таным деңгейін, білім дәрежесін байқамақ ниетпен сөз арасында оған сұрақ қойып отырады. Бірде патша: «Жат біткеннің қайсарын кім деп ойлайсың?» – деп қалады. Сонда Анахарсис: «Жан біткеннің қайсары – дала тағысы, өйткені олар бас бостандығы үшін қайыспай жан қияды», — деп жауап береді. Әңгіме желісін одан әрі қарай созып: «Жат біткеннің әділеттісі кім болады?» – деген патшаға скиф ойшылы тағы да дала тағысының қасиеттерін негізге алып тіл қатады: «Жан біткеннің әділеттісі – дала тағысы, өйткені олар заңға табынбайды, табиғат талабын ғана мойындайды. Табиғатты Құдай жаратқан, ал заң – адам ақыл-ойының туындысы. Адам орнатқан заң тәртіптеріне табынғаннан Құдай жаратқан табиғат талаптарын мойындаған әлдеқайда әділетті, патшам».
Тәрбиесі де, ортасы да, ойлау жүйесі де басқа Крез патша Анахарсистің сөзін іштей місе тұтпай: «Данышпандардың данышпаны да сол сенің түз тағыларың болып жүрмесін?!» – деп, сұрағына әжуа, мысқыл араластырады. Патшаның көңілінде қандай құйын көтеріле бастағанына қарамастан, Анахарсис өз ойын қалауынша сабақтап, өз шындығын айтады:
«Иә, дәл солай. Өйткені табиғаттың, Құдайдың заңын адамдардың заңынан жоғары санау – данышпандықтың басты белгісі».
Анахарсис айтуы бойынша, жан біткеннің қайсары да, жан біткеннің әділеттісі де, жан біткеннің данышпаны да дала тағысы болып шығады. Бұл жерде далада туып-өскен, дала тәрбиесін алған әрі сол даланы жан-тәнімен жақсы көретін адамның көңіл-күйін аңғару қиын емес. Анахарсис өз көңіл- күйінен, елі мен жеріне деген ыстық сүйіспеншілік сезімінен туған сырды ой сарабына салып, соның нәтижесінде үлкен тұжырым жасайды, даналық пікір түйеді. Далада туып, далада өскен, бірақ қалада тұрақтаған ойшылдың сөзі мен ойы өзара үндесіп, үйлесіп жатыр.
Анахарсистің даналық, азаматтық, адамдық биік қасиеттерінің бірі оның Мисонмен тілдесу әдебі мен мәнерінен де анық байқалады. Диоген Лаэртский бұл екі данышпанның тілдесуін Крез патшаның асқан данышпан үшін белгілеген алтын кубогімен сабақтас баяндайды. Диоген Лаэртскийдің баяндауы бойынша, Крез өзінің сарай қызметкерлерінің бірінің қолына алтын кубок ұстатып тұрып, оны даналардың данасына ғана, данышпандардың данышпанына ғана тапсыруды талап етеді. Алтын кубок данадан данаға өтіп келіп, ақыры Анахарсиске жетсе керек. Анахарсис өз кемеңгерлігінен озып, өз даналығынан асып тұрған ұлыны айналасынан анық таба алмай, Тәңірге сөз салып, дүниеде өзінен данышпандығы асқан адамның бар-жоғын айтуды өтінеді. Сонда Тәңірі Анахарсиске одан данышпандығы озып тұрған ойшыл ретінде Мисонды атаған екен. Анахарсис Мисонды көріп, сөзін естіп, өзін сынамақ үшін жолға шығады. Анахарсис Мисонның ауылына жаздыгүні келеді. Мисон Анахарсисті далада, есігінің алдында соқаның тұтқасынан ұстап тұрған қалпында қарсы алады. Сонда Анахарсис: «Мисон, жер айдауға әлі ерте емес пе?» – депті. Бұған Мисон: «Сондықтан да жер айдауға дайындалуым керек», — деп жауап қайтарады.
Екі данышпанның тілдесуі мазмұны жағынан да, түрі жағынан да ешқандай ерекше белгілермен дараланбайды. Үстірт қарағанда, одан айтарлықтай ой таласын аңғару қиын. Шындығына келгенде, екі данышпан бір-бірін бір-бір ауыз сөзбен-ақ сынап тұр.
Анахарсистің сөз бастау, ой түю жүйесінде көне грек ойшылдарының тәжірибесі ескерілгендігін жоққа шығару орынсыз. Скиф данышпаны грек мәдениеті мен өнерін жете зерттеп, терең білген және оларға сын көзімен қараған. Мысалы, эллиндер ортасында нағыз өнерпаздар өнер жарыстырғанда, оларға нағыз өнерсіздердің төрелік жасауы Анахарсиске өте ерсі әрі әділетсіз көрінеді. Сондай-ақ ол той-тамашаға жиналған эллиндердің әдепкіде шарапты кіші кесемен ішетінін, тойған соң үлкен кесемен ішуге көшетінін де ақылға қонбайтындай қылық деп бағалаған. Ой жарыстыру мақсатында қойған сұрақтардың бірінде эллиндердің бір ақылгөйі адам бойындағы әрі жақсы, әрі жаман нәрсені көрсетуді сұрайды Анахарсистен. Анахарсис оған: «Адам бойындағы әрі жақсы, әрі жаман нәрсе біреу. Ол – тіл», — деп жауап қайтарады. Эллин данышпандарының тағы бірінің: «Кісінің жауы не?» – деген сұрағына ол скифше ойлап, скифше жауап береді: «Кісінің жауы – өзі». Елдің ортасына шығып күреске түскен балуандардың ісін көргенде, Анахарсис: «Эллиндер зорлық пен зомбылыққа қарсы заң шығарады да, төбелеске түсіп, зорлық-зомбылығын асырғандарға сыйлық береді», – деп таңқалған. Ал лай батпақ үстінде күресетін балуандардың күреске түсер алдында денесін әліп майымен майлап алып, содан соң бір-біріне естен таңғандай, есірік болғандай бұқаша бақырып, айбат шегіп ұмтылғанын көргенде, ол балуандардың мұндай күйін майдың әсерінен деп біліп, оны «Есірік майы» деп атапты. Достық туралы сөз болғанда: «Бірге татымайтын мың досың болғанша, мыңға татитын бір досың болсын», — деп табан астында суырып салып айтады. Маскүнемдікке салынбаудың жолын көрсетуді сұраған бір эллиндікке: «Маскүнемнің жексұрын кейпін үнемі көз алдыңда ұста», — деп кеңес береді. Шараптың пайдасы мен зияны жайында айтқан қанатты сөздерінің бірінде ғұлама: «Шараптың үш түрлі қасиеті бар: алдымен көңіліңді ашады: сонан соң ақылыңды алады; ақырында абыройынды төгеді», — деп толғайды.
Берілген сөздер Анахарсистің ойлау жүйесі мен сөйлеу әдебі дала мәдениетінің өлшемдеріне негізделгендігін толық аңғартады.
Анахарсистің әлеуметтік-этикалық көзқарастарын аңғартатын бірқатар ойлардың желісі оның хаттарында сақталған. «Афиналықтарға хатында» ол өзінің грекше жатық сөйлей алмайтынына көңілі толмайтынын айта келіп, былай деп жазады:»Кісі кісімен сөйлеген сөзімен дараланбайды, сөзімен даңқын да шығармайды, бір тілде сөйлейтін эллиндердің де бір-бірінен айырмашылықтары бары секілді, кісі бір-бірінен ойымен ерекшеленеді. Спартиат аттика тілінде таза сөйлей білмейді, бірақ оның ісі қандай даңқ пен мадаққа лайықты. Скифтер істің мәнін жете түсіндірген сөздердің қандайын да мансұқ етпейді, ал діттеген жеріне жетпеген, көздеген нысанасына дарымаған, ойды жеткізуге жарамсыз, мәнсіз лақпа сөзді мақтамайды. Егер сөз мағыналы айтылып, мағыналы іске асатын болса, онда ол жаман бола алмайды. Скифтер мағынасыз сөзді ғана бос сөз деп біледі».
«Медокке хатында» Анахарсис қызғаныштық пен қорқақтық туралы ойларын афинылықтар мен скифтердің тұрмыс-салтына байланыстырып баяндайды. «Қызғаныштық пен қорқақтық – оңбағандықтың басты көрінісі, —
дейді ол. – Өйткені қызғаншақтық дос-жаран мен өзге жұрттың артықшылығын көре алмаудан туатын дертке ұласады, ал қорқыныш бос сөзден үміт күттіретін бейшаралыққа ұшыратады. Скифтер мұндай адамдарды ұнатпайды, өзгенің артықшылығына сүйсініп, өзі де соған, сондай болуға ұмтылады. Ал қызғаныш, жек көру және басқа осындай оңбағанқылықтарды орталарынан жауды қуғандай айдап шығады».
Анахарсис екі хатында да скифтердің қызғаныш, қорқақтық туралы ұғым-түсініктерін барынша әділетті, орынды деп бағалап, оны эллиндердің түсінігіне белгілі дәрежеде қарсы қояды, сөз туралы эллиндердің ұғымынан скифтердің ұғымы әлдеқайда биік тұрғаны жайындағы пікіріне эмоциялық бай мазмұн дарытып сөйлейді.
Анахарсис «Аннонға», «Патша баласына», «Крезге» сияқты хаттарында байлықты, қамсыз тіршілікті мансұқ етеді. Өзі эллин жеріндегі жағдайы, тұрмыс-тіршілігі туралы жазғанда, қара жерді – төсек, табан терісін – етік, шекпенін көрпе етіп жүргенін, тамағы – сүт пен ірімшік, отқа қақталған ет, ал сусыны қара су екенін көрсетеді. Мұндай тіршілік кешуінің сырын ол патша баласына жолдаған хатында былай баяндайды: «Сенде флейта мен
әмиян болса, менде – садақ пен жебе. Сондықтан, өзінен өзі
көрініп тұрғандай, сен – құлсың, ал мен – еріктімін. Сенде дұшпан
көп, ал менде оның біреуі де жоқ. Егер күміс теңгелеріңді лақтырып тастап, садақ пен қорамсақ асынатын болсаң, сен де азат
азамат боласың».Анахарсис, осылайша, адамның жанының еркіндігін оның дүние-мүліктен, байлықтан азат болуымен тығыз байланыстырады.
Көне заманның ұлы ғұламаларының бірі Плутарх Анахарсистің даналық толғамдарында эллиндердің тұрмыс-салтын сынап қана қоймай, олардың тіршілігі мен кәсібіндегі бірқатар дағдылы істер мен әдеттерді сүйсіне мақтағанын көрсетеді. Анахарсистің сондай сүйсініп әрі таңғалып айтқан сөздерінің бірі эллиндердің ағаштан көмір алу кәсібіне байланысты. Эллиндердің далада ағаш жағып, оның шоғынан көмір жасағанын, көмірді үйге әкеліп отын ретінде пайдаланғанын көргенде, Анахарсис: «Эллиндердің бір ғажап жері – олар отынның түтінін далада қалдырып, отын үйге әкеледі» – деп айтқан екен. Скиф даласында туып-өскен Анахарсис үшін эллиндердің мұнысы таңғажайып, тамаша іс, асқан тапқырлық болып көрінсе керек. Эллиндердің көп қылығына сын көзімен қарағанмен, дала ғұламасы олардың жақсылығын жасырмай, ашық айтып, сүйінішін де ірікпей білдіріп отырған.
Эллиндер елінде Анахарсис ұлы данышпандармен бірге толып жатқан пікірталаста ой жарыстырған, ақыл салыстырған әңгімелерге қатысқан. Анахарсис қатысқан осындай әңгімелердің бірін Плутарх «Жеті данышпанның сауығы» деген атпен баяндаған. Плутарх сауық басталар алдында жеті данышпанның бірі Клеобулдың ақылды да көрікті, жұмбақ жұптауда алдына жан салмайтын сұлу қызы Евметиданың Анахарсистің шашын саусағымен тарап, оны еркелетіп, өзі де оған еркелеп тұрған сәтін суреттейді. Анахарсис пен Евметиданың арасындағы бұл жарастықтың мәнісі Фалестің сөзі арқылы былай ашылады: «Анахарсис – үлкен білім иесі, терең ойдың адамы. Ол қызға Скиф даласында адамдардың күнкөрісі, тұрмыс-тіршілігі жайында қызықты әрі әсерлі әңгімелер айтып отыр. Қыз да оны сылап-сипап, аялай жүріп, оның әңгімесін ықыласпен тындап, білімін толықтыруда».
Плутархтың бұл әңгімесінен Анахарсистің эллиндер елінде өзінің ақылымен, адамгершілігімен үлкен құрметке ие болғаны байқалады. Анахарсистің эллиңдер құрмет тұтқандай үлкен білімі мен терең ойы сауық дастарханы басындағы әңгіме үстінде ашылады. Сауық құрып отырған жеті данышпанның дастарханы басына флейташы келіп, сызылтып бір әсем әуен сазын тартады. Қыз басқа кісілердің дастарханы басына бұрылғанда, әсем әуен сазынан алған әсерден арыла алмай отырған Ардал Анахарсистен: «Скифтерден флейташылар бар ма?» – деп сұрайды. Анахарсис бұл сұраққа: «Бізде жүзім өспейді», — деп жауап береді. Ардал мұны місе тұтпай: «Ал Құдай ше, скифтерде Құдай бар ма?» — деп тақымдап қоймайды. Бұған орай: «Әрине, бар, — дейді Анахарсис. – Біздің Құдайымыз адамның да тілін түсінеді. Өздерін скифтен гөрі сөзшең, шешен деп санайтын эллиндіктер ғана Құдайдың құлағына адамның тілі емес, сүйек пен ағаштың үні көбірек ұнайды деп ойласа керек». Егер Анахарсистің осы жауабының астары мен тиісті сатыларын нақтылап, қарапайым жүйеге түсіретін болсақ, онда мынадай болып шығады: Скифияда флейта жоқ, өйткені онда шарап болмайды. Шарап болмайтын себебі – Скиф даласында жүзім өспейді. Басқаша айтқанда, Скиф даласында флейтаның болмауы онда шараптың болмауымен байланысты, шараптың болмауы жүзімнің өспеуімен байланысты. Анахарсис осы сатылардың бәрін тәптіштеп, сатылап түсіндіріп жатпай, құбылыстың түпкі мәнін, арғы төркінін бір-ақ айтады, сөйтіп, ойы мен сөзіне бірдей қанат бітіреді.
Жеті данышпанның сауық-сайраны үстінде әңгіме желісі бірнеше рет ауысады. Әңгіме бағыты патшаның атақ-даңқы мен абыройын асыратын қасиеттер жайына ойысқанда, жеті данышпанның әрқайсысы бір-бірден пікір айтады.
«Солон: Патшаның атақ-даңқы ол өз билігін халықтық билікке айналдырғанда ғана артады.
Биант: Оған қоса заңға бағынудың үлгісін бірінші өзі болып көрсететін болса.
Фалес: Өз ажалымен өлсе және асарын асап, жасарын жасап өлсе, билеушінің бақыты деген сол.
Анахарсис: Оған қоса барша жұртының ішіндегі жалғыз данагөй жалғыз өзі ғана болып жүрмесе.
Клеобул: Оның үстіне өзіне жақын жүргендердің сөзіне ермейтін болса.
Питтак: Қоластындағы жұрт одан қорықпай, ол үшін қорқатын жағдайға жеткен болса.
Хилон: Әкімнің ісі – өлетін нәрсе туралы ойлау емес, өлмейтін, өшпейтін нәрсені ойлау».
Анахарсистің сөзі қалған алты данышпанның ешқайсысының да сөзінен кем түсіп жатқан жок, қайта өзінен басқа алты дананың алты ауыз сөзіне ажар беріп, терен мағына дарытып тұр. Шынында да билеген жұртының ішіндегі жалғыз ақылды адам патшаның өзі ғана болса, онда оның атақ-даңқы мен абыройын, ақыл-парасатын кім танып, кім бағаламақшы…
Мемлекет, әділетті мемлекет туралы пікір жарысында да Анахарсистің ойы ерекше дараланады.
«Солон: Қай мемлекетте қылмыскерді жәбір көргендер ғана емес, олармен бірге жәбір көрмегендер де соттап, жазаға тартуға қатысатын болса, сол мемлекетте басқару ісі бәрінен жақсы, халық билігі бәрінен де күшті.
Биант: Қай елде заңнан зұлымнан қорыққандай қорқатын болса, халық билігі де сол жерде бәрінен мықты.
Фалес: Қай мемлекетте сіңірі шыққан кедей де, мұрнынан құты түскен бай да болмаса, сол мемлекет әділетті, бақытты.
Анахарсис: Әділетті мемлекет – ізгілікке барынша құрмет көрсетіп, зұлымдыққа барынша лағынет айтылатын, ал қалған қасиеттері тең түсіп жататын мемлекет.
Клеобул: Қай елде азаматтар заң сотынан гөрі ар сотынан қаттырақ қорықса, сол ел – ең бақытты ел.
Питтан: Қай елде ақымақ адамдардың билікке келуіне, ал ақылды адамдардың келмеуіне тыйым салынса, сол елден асқан бақытты ел жоқ.
Хилон: Қай мемлекетте заңды көбірек, шешендерді азырақ тыңдаса, сол мемлекет жақсы».
Анахарсис бұл жерде де кісілік, адамгершілік тұрғысының биіктігімен көзге түседі. Ізгілік туралы ұғымы да терең.
Көне дәуір авторларының еңбектерінде сақталған сөздеріне қарағанда, Анахарсис даналық деңгейінде сөз сөйлеп, сол биікте ой ойлап тұрса да, өте әсершіл, сезімтал болғанға ұқсайды. Әсіресе, ол өзінің шыққан тегіне, еліне қатысты айтылған көлденең сөздерге қайтарған жауабында қатты ширыққан күй аңғартады. Оның Крез патшаға жауап ретінде айтылған жоғарыдағы сөзінде психологиялық ахуал, эмоциялық мазмұн барынша анық көрініс тапқан. Плутархтың еңбектерінде де Анахарсистің ойы мен сезімі, ойлау және сезіну табиғаты шынайы берілген. Бұл ерекшелік Анахарсис пен грек мысалшысы Эзоп арасындағы әңгімелерде жаңа бір қырынан ашылады. Данышпандардың әңгімесі үй-жай күту үлгісіне ауысқанда, Эзоп күліп, былай дейді: «Үй-жайы барлар қатарына Анахарсисті қосуға болар ма екен… Онда үй де, жай да жоқ, оның үстіне, ол күннің өз шеңберімен аспанның біресе бір қиырына, біресе басқа бір қиырына сапар шегіп, қыдырыстап жүре беретіндігі жайында айтылып жүргеңдей, өзінің үй-жайының жоқтығын, дөңгелекті арба үстінде өмір сүретінін әжептәуір мақтан тұтады».
Эзоптың әзіл сөзіне Анахарсис шамданып, жан-тәнімен толқып жауап қайтарады: «Өйткені Құдай біткеннің ішіндегі жалғыз бостаны – сол: өзімен-өзі, еркін, ешкімге, ешнәрсеге тәуелсіз, бәрінен тыс және бәрін билеп-төстейді. Тек сен оның арбасының сұлулық пен ұлылық жағынан бәрінен де теңдессіз екенін ұмытып отырсың. Әйтпесе, әзіл мен күлкі үшін оның арбасы мен менің арбамды салыстырмаған болар едің».
Анахарсистің сөзінен оның жан шындығы, сезім бұлқынысы аңғарылуымен бірге, скифтердің күн туралы ұғым-түсінігі, сол арқылы олардың дүниетанымының ерекшелігі де көзге көрініп,көңілге жарығын түсіреді. Бір ғажабы, Анахарсис өзінің күн туралы ұғымымен да қазақ халқының байырғы дүниетанымына, дәстүрлі мәдениетіне жақын тұр.
Дала данышпанының аузынан шыққан бір қанатты сөз оның өз мүсініне қашалып жазылған екен. Онда: «Тіліңе, құлқыныңа, нәпсіңе ие бол» – дейді ол. Анахарсистің өзін қазақ қылу қиын екені рас. Ал мына сөзін қазақтың сөзі емес деп дәлелдеу одан да қиын.
Скиф данышпаньшың сөздері мен толғаулары өзінің ішкі жүйесі жағынан да, сыртқы ажар-көркі жағынанда мейлінше келісті. Оларда ой тереңдігі сезім шынайылығымен, сезім тазалығы ой алғырлығымен тығыз байланысты. Мұндай тектес құбылыстар қазақ шешендік өнерінің байырғы өкілдерінің қатарында қазақ даласынан Кіші Азия даласына ауып барған скиф ұлыстарының ортасынан шыққан Анахарсистің де өз орны барын көрсетеді. Қазақ шешендік өнерінің түп төркінін, шығу тарихын, сондай-ақ қазақ шешендік өнерін жасаушылардың байырғы өкілдерінің болмыс-бітімін анықтау ісінде Анахарсистің шешендік сөздері мен толғамдарының маңызы мен мәні жоғары. Сондықтан қазақ сөз өнерінің түп төркіні, ежелгі тарихы жайлы сөз бастағанда, Анахарсистің шешендік өнерін айналып өтуге болмайды.
Анахарсис өлер алдында мына сөздерді айтқан екен деседі: «Қызыл тілімнің арқасында жат елден аман кетіп едім. Отаныма келіп, көре алмаушылардың кызғанышынан мерт болдым».
Анахарсистің трагедиялық өлімінің себебін Геродот скифтердің әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен байланыстырады.Геродоттың баяндауына қарағаңда, Анахарсис Эллада елінде оқып, білім алып, мемлекет ісіне үйреніп, еліне қайтады. Еліне келе жатқан жолында Анахарсис Кизик деген ауыл адамдарының Құдай-Ана құрметіне құрбандық шалып, дүрілдетіп той жасап, ас беріп жатқанының үстінен шығады. Той рәсімінен Анахарсис те тыс қалмайды. Құдай-Анаға құлшылық білдіре тұрып, егер Отанына аман-есен жетер болса, Құдай-Анаға арнап құрбандық шалып, дәл осындай қараңғы күнді жарық қылғандай, тамаша той жасайтыны туралы іштей уәде етеді.
Скифияға келген соң, қалың орманды Гилей алқабында Анахарсис Құдай-Анаға берген уәдесін орындауға кіріседі. Анахарсиетің Құдай-Анаға көрсеткен құрметі аясында жасаған істерін, ғұрып-тәртіптеріне сай атқарған қызметтерін скифтердің біреуі көреді де, көргенін сол қалпында скиф патшасы Савлийге жеткізеді. Савлий болып жатқан жайды өз көзімен көрмек үшін Гилей орманына келеді. Анахарсистің Құдайға құрмет жасап, онымен тілдескендей күйде тұрғанын көргенде, Савлий қатты шошынады. Патша үрейленген күйде садағына оқ салады. Еліне, жеріне аман-есен жеткені үшін Кұдайына құлшылық етіп тұрған Анахарсис осылайша ойда жоқта өзінің туған бауырының қолынан атылған оқтан өлім табады.
Тірісінде туған Отанын жалындап сүйіп, оның қараңғылығына жаны күйіп арланған, күншілдікке, қызғанышқа, байлық пен билікке қарсы нешеме қанатты сөздер айтқан Сөз Атасы жарық дүниеден біздің заманымызға дейінгі ҮІ ғасырдың соңында осылай өтеді. (Ж. Дәдебаев)