Бұқар жырау Қалқаманұлы

Бұқар жырау Қалқаманұлы

Бірінші тілек тілеңіз,
Бір аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Ер шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкілсіз көйлек кимеске,
Төртінші тілек тілеңіз,
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз,
Бес уақытта бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз,
Алпыс басты ақ орда,
Ардақтаған аяулың
Күнінде біреуге
Тегіннен-тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз,
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз,
Сегіз қиыр шартарап
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз,
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңіткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Исі жұпар аңқыған,
Даусы қудай саңқыған,
Назыменен күйдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа.

***
Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ.

***
Қара құлам жүйрік деп,
Құланы жақтай бермеңіз,
Жебе тисе мерт болар,
Мерт болған соң ет болар.
Жаңғызға зорлық қылмаңыз,
Жағасынан алмаңыз,
Өзіңіздей жақсы сындарға,
Анау деген ат болар.
Қара құла арыса,
Майы қалың бесті артық,
Баласы жоқ қатыннан
Лақтаған ешкі артық.
Жалғыз туған жігіттен
Сырым тікен тал артық,
Жарлы болған жігіттен
Бесіктегі бала артық.

***
Ай не болар күннен соң
Күн не болар айдан соң,
Құлпырып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон
Шүберек болар тозған соң,
Еңсесі биік кең сарай
Мортық болар бүлген соң.
Төрде отырған қарт бабаң
Төресін жаңылар малдан соң,
Төркіндеген бикешің
Тіркеусіз о да қайтар малдан соң.
Доңғалақ арба жүре алмас,
Қос арысы сынған соң,
Жігіт жақсы бола алмас,
Алғаны жаман болған соң.
Қос, қос орда, қос орда,
Қосыла қонбас малдан соң,
Қоспақ өркеш сары атан
Қом жасамас майдан соң.
Төсі аршынды сұлуың,
Сілкіп төсек салмас малдан соң.
Байдың ұлы көрпелдес,
Шұбалаңқы тартады.
Айдап жүрген малдан соң.
Үлдемен басын ораған,
Семсермен шашын тараған,
Қиғаштап қасын қараған,
Күлгенде күрек тісі қасқайған,
Қынай да белін буынған,
Ол не болар ерден соң.

***
Ежелгі дос жау болмас,
Шірнеуіште хаты бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңлінде кірдің таты бар.
Ежелгі дос жау болмас,
Айтысқан оның серті бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңлінде тұтқыр кірі бар.

***
Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса үй кетер.
Жатқа тізгін бермеңіз,
Жаламенен бас кетер.
Жаманмен жолдас болсаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айрылмасқа серт етер.
Ит жүгіртіп, құс салсаң,
Киген тоның түлкі етер,
Сыпайы сырын білдірмес,
Ақырын ғана бүлк етер.

***
Көкте бұлт сөгілсе,
Көктеп болмас, не пайда.
Көкіректен жан шықса,
Қайтып келмес, не пайда.
Дін пұсырман болмаса,
Тіл пұсырман не пайда.
Қызда қылық болмаса,
Құр шырайдан не пайда.
Ерге дәулет бітпесе,
Шүлдірлеген қызыл тілден не пайда.
Мал араға түспесе,
Құр айтқаннан не пайда.
Байдан қайыр кеткен соң,
Мал да кетер, не пайда.

***
Алыстан қызыл көрінсе,
Манат емей немене.
Көтеріліп ұшқан соң,
Қанат емей немене.
Екі жақсы бас қосса,
Санат емей немене.
Қамшылатып жүгірген,
Шабан емей немене.
Айтқан сөзге түспеген,
Жаман емей немене.
Сұрағанда бермеген,
Сараң емей немене.
Кісі ақысын көп жеген,
Арам емей немене.
Іштегі сыр аллаға мәлім,
Сыртыңдағы қулығың,
Амал емей немене.
Сусағанда берген су,
Шекер емей немене.
Һәммәтсіз ерге біткен мал,
Бекер емей немене.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *