Асанқайғы

Асанқайғы

Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа.
Ақың болса біреуде,
Айыбын тап та ала бер,
Ерегісіп ұрыспа!
Сенікі жөн болса да,
Атың шықпас дұрысқа.
Өзіңе біреу тимесе,
Кейін қарай жылыста.
Мінезі жаман адамға,
Енді қайтып жуыспа,
Тәуір көрер кісіңмен,
Жалған айтып суыспа.
Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа.
Ашу − дұшпан, артынан,
Түсіп кетсең қайтесің,
Түбі терең қуысқа!

***
Әділдіктің белгісі,
Біле тұра бұрмаса.
Ақылдының белгісі,
Өткен істі қумаса.
Жамандардың белгісі,
Жауға қарсы тұрмаса,
Залымдардың белгісі,
Бейбіттің малын ұрласа.
Надандардың белгісі,
Білгеннің тілін алмаса.
Шамаңша шалқып көре бер,
Қабірге әзір қоймаса.
Артыңда қалар атақ жоқ,
Тіріде даңқың болмаса.
***
Есті көрсең кем деме,
Бәрі тұйғын табылмас.
Қарындасың жамандап,
Өзіңе туған табылмас.
Адам әзіз айтар деп
Көңіліңді салмағыл.
Нәпсі алдаушы дұспанның
Насихатын алмағыл.
Бақыты оянған ерлердің
Әрбір ісі оң болар.
Дәулеті күнге артылып,
Не қылса да, мол болар.
Тазылары түлкі алып,
Қаршығасы қаз іліп,
Сөз сөйлесе жөн болып,
Не десе де жарасар.
Бай, байсын деп ат қойып,
Ел аузына қарасар.
Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа.
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа.
Артық үшін айтысып,
Достарыңмен санаспа.
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама.
Жеңемін деп біреуді
Өтірік сөзбен қостама.

***
Көлде жүрген қоңыр қаз
Қыр қадірін не білсін!
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін!
Ауылдағы жамандар
Ел қадірін не білсін!
Көшіп-қонып көрмеген
Жер қадірін не білсін!
Көшсе, қона білмеген,
Қонса, көше білмеген,
Ақылыңа көнбеген,
Жұрт қадірін не білсін!

***
Бұ заманда не ғаріп?
Ақ қалалы боз ғаріп.
Жақсыларға айтпаған,
Асыл шырын сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қария болар шын ғаріп.
Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз, үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп.
Мүритін тауып алмаса,
Азғын болса пір ғаріп.
Ата жұрты бұқара
Өз қолыңда болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *