
Аристотель
7. Ізгілік дегенге анықтама беру үшін біз жанда не барын білуіміз керек. Ал онда сезімдер қозғалысы, бейімділіктер және күйлер бар. Ізгілік сондықтан осы үшеуінің бірі болуы керек. Сезімдер қозғалысы бұл – ашу, үрей, жек көру, жарату, қызғаныш, аяушылық және басқалар, бұлар әдетте реніш немесе ризашылық туғызады. Бейімділіктер – бұлар біздің сезімдерімізді қоздырады, яғни бұлардың салдарынан біз ашуланамыз, ренжиміз, аяймыз, т.с.с. күйлер (состояние) – бұлардың әсерімен біз сезім қозғалыстарына жақсы немесе жаман қараймыз. Ызақорлық күйін алайық: біз қатты ашулансақ, онда біз ызақорлықты жаман жағынан көрсетеміз. Ал егер ашуланатын жерде ашуланбасаң, бұл жағдайда да біздің ызақорлық туралы пікіріміз жақсы болмайды. Бұл арада тең ортаны ұстау – бір жағынан күйіп-піспеу, екінші жағынан – тым салқынқанды да болмау; ашу-ызаға біз осылай қарасақ, біздің көңіл-күйіміз оңды болады. Басқа нәрселер жөнінде де осыны айтуға болады.
8. Біздің көңіл-күйімізге байланысты біз сезім қозғалысына да жақсы немесе жаман қараймыз; оларға жақсы қарау – олардың көбіне де, азына да немқұрайлылықтың белгісі. Көңіл-күйіміздің жақсы болуы қарама-қарсы сезімдер қозғалысының тең ортасын таба білетінімізді аңғартады және бұл үшін бізге риза болады; көңіл-күйдің жаман болуы – сезімдер қозғалысының көптігіне де, аздығына да бейімділікті білдіреді. Ізгілік – бұл сезім қозғалыстарының нақ ортасы болғандықтан, сезімдер қозғалысы – бұл бірде өкініш, бірде ризашылық туғызады. Ізгілік сүйтіп өкініш пен де және ризашылықпен де үйлеседі екен.
Сөйтіп, біз ізгілік туралы қарастырдық. Ол – шамасы, қарама-қарсы құмарлықтардың арасындағы бір орта. Мінез-құлқы жағынан басқаларға ұнағысы келген адамның іс-қимылында тең ортаны ұстанғысы келетіні тегін емес. Сондықтан лайықты адам болу оңай емес, өйткені істе де асып кетпеу қиын. Мысалы, әркім шеңберді сыза алады, ал оның қақ ортасын табу оңай емес. Осы сияқты ашулану немесе керісінше, ашуланар жерде немқұрайлыққа салыну оңай, екеуінің ортасынан шығу – қиын. Жалпы сезім қозғалысынан байқайтынымыз – ортадан асып кету оңай, ал көпшілік қалайтын ортаны ұстану – қиын. Осыдан да ізгілік сирек кездеседі.
Ізгілік жөнінде осылай сөз болған жерде енді оған қалай жетуге болатынын ойластырған жөн болавр еді. Сократтың ойынша, жақсы болу да, жаман болу да біздің еркімізде емес. «Еш те бір адам», – дейді Сократ, әділетті немесе әділетсіз болғысы келе ме деген сұраққа әділетсіздікті атамайды. Батылдық пен қорқақтық, жалпы кез келген ізгілік жөнінде осыны айтуға болады; егер адам жамандық жасаса, мұны ол өз еркімен жасамайтын болып шығады. Бұл пікірмен келісуге болмайды. Шынында да онда заң шығарушы неліктен жаман қылықтарға тыйым салып, жақсы қылықтарға жол ашуға тырысады? Неге ол жаман қылықтарды жасағаны үшін, ал жақсы қылықтарды жасамағаны үшін жаза тағайындайды? Қолдан келмейтін нәрсені заңдастыру ақылға сыймас еді. Жоқ, сірә, лайықты болу да, жаман болу да өзімізге байланысты. Мақтау немесе даттау мүмкіндігі де бұған куә бола алады. Шынында да ізгілік үшін мақтайды, ал әдепсіздік үшін айыптайды, бірақ амалсыздан болған қылықтар үшін мақтамайды да, ұрыспайды; демек, лайықты істер де, лайықсыз істер де біздің қолымызда.
29. Кішіпейілділік – ұятсыздық пен ұялшақтықтың арасы. Ол адамның ісі мен сөзінен байқалады. Ұятсыз адам кез келген жағдайда қалай болса солай сөйлеп, қалай болса солай әрекет жасайды. (Ол еш нәрседен қысылмайды). Ұялшақ адам, керісінше, кімнің алдында болса да не болса соны айтып, не болса сол әрекет жасаудан сақтанады (бәрінен де қысылатын адам, әдетте, іске жоқ адам). Кішіпейілділік және кішіпейіл адам бұл екеуінің арасын аңғартады; кішіпейіл ұятсыз адамдай не болса соны айтпайды, сонымен бәрін ұялшақ адамдай не болса содан қауіптене бермейді, айтатын жерде айтып, істейтін жерде ойланбай істей алады.
30. Әзіл-оспақты түсіне білу (чувство юмора) – сайқымазақтық пен тұрпайылықтың арасы. Оның кәсібі – мазақ қылу. Сайқымазақ кім болса соны келеке қылуға әзір, ал тұрпайы адам өзінің де, басқаның да үстінен күлуге қарсы. Әзіл-оспақты түсіне білетін адам кез келгеннің үстінен не болса соны сылтау етіп, күле бермейді, сонымен бірге тағылыққа да салынбайды. Әзіл-оспақты түсінетін адам реті келсе, орынды әзілдей біледі және басқаның әзілін де көтереді.
31. Дос көңіл (дружелюбие) – жағымпаздық пен дұшпандықтың арасы. Ол адамның ісі мен сөзінде көрінеді. Жағымпаз болуға тиісті және бар нәрсені мол етіп көрсетуге тырысса, көре алмайтын дұшпан барды жоқ етіп көрсетуге ұмтылады. Бұлардың екеуін де құптауға болмайды. Дос көңілді адам олардың арасындағы қалыпта; ол бар нәрсені асырып көрсетпейді және жөнсіз мақтауға да бармайды, сонымен бірге басқаны кемітпеуге де тырысады, ойындағыдан басқаны айтпайды.
32. Шыншылдық (правдивость) – екіжүзділік пен мақтаншақтың арасы, ол адамның сөзінен көрінеді. Мақтаншақтық барын көп етіп, білмегенін білгендей қылып көрсетуге тырысады; екіжүзді болса, керісінше, барын кем етіп, білгенін жасыруға тырысады. Шыншыл адам бұларға ұқсамайды: барын бар, жоғы жоқ дейді, білмесе білмейтінін жасырмайды.
Сөз болған қасиеттердің ізгілікке жатар-жатпасы жөнінде мәселе басқа. Анығы – олар қарама-қайшы жақтардың қақ ортасы және осыны білетін адамдарды мақтауға тұрады.
33. Енді әділдіктің мән-жайы туралы бірер сөз. Алдымен әділдіктің не екені туралы. Әділдіктің екі түрі бар. Біреуі – заңға сәйкес келу: заңға сәйкес келетін нәрсені әділетті дейді. Заң адамды батыл және есті болуға және ізгіліктерге сай әрекет жасауға шақырады. Сондықтан да жұртшылық әділдікті ізгіліктің жетілген түрі деп атайды. Егер әділдік заң талабы болса, ал заң ізгіліктерге негізделсе, онда заңға сәйкес әрекет жасайтын адам – абыройлы адам: сондықтан әділ және әділдік – ізгіліктің жоғары түрі. Әділдіктің бір түрі осыған саяды. Ал біздің анықтап отырған әділдігіміз басқа. Адамның өзіне — өзі адал болуы жөнінде: есті, ер, ұстамды адам сондай болып келеді. Заңға сәкес келетін әділдіктен басқа әділдік – бұл басқа адамға әділдікпен қарау.
Басқаға байланысты әділ болу – теңдіктің белгісі. Шынында да, әділетсіздік – теңсіздік: егер адамдар өз қамын ғана ойлап, өзіме ғана болсын деген ниетте болса – бұл теңсіздікке алып келеді, сөз жоқ, бұл жағдайда әділетсіздік орын алады. Сонымен, егер әділетсіздік теңсіздікті аңғартса, онда әділдік пе әділеттілік міндеттердің теңдігін білдіреді. Сондықтан әділдік – жетіспеушілік пен артықшылықтың, аз бен көптің арасы: әділетсіз өзінің әділетсіздігі арқасында көпке ие болады, ал әділетсіздікке ие болған адам, керісінше, азды қанағат тұтады. Олардың ортасы – әділдік, ал тең орта болғасын ол – теңдікті білдіреді. Олай болса, көп пен аздың арасындағы теңдік – әділетті, ал әділ адам– теңдікке ұмтылатын адам. Басқа адамға тең болу әділетті және ондай әділетті әділ деп есептеу дұрыс…
Әділдік және әділеттілік біреуге және бір нәрсеге байланысты болады.
Егер әділдік теңдіктің көрінісі болса, тепе-теңдік те әділдік деп саналуы тиіс. Тепе-теңдік төрт мүшенің ішіндегі ең азы: А мен В-ның қатынасы қандай болса, Г мен Д-ның қатынасы да сондай. Кімнің мүлкі көп болса, оның үлкен үлес қосуы, ал мүлкі аздың аз үлес қосуы орынды, сол сияқты көп еңбек еткен адам көп, ал аз еңбек еткен аз алуы да заңды… Платон «Мемлекетте» осы әділетті тепе-теңдікті қолданады. Диқан астық өндіреді, құрылысшы үй тұрғызады, етікші етік жасайды; диқан сонымен бірге құрылысшыға астық, ал құрылысшы оған үй береді, басқалар да өздері жасаған бұйымдарды басқалардағы бұйымдарға ауыстырып олармен өзара осындай қатынасқа енеді. Пропорцияның (теңдіктің) мәнісі де осында: диқан құрылысшыға қалай қараса, құрылысшы да оған солай қарайды. Сол сияқты етікші мен тігіншінің және басқалардың арасындағы қатынас осы бағытта құрылады; қоғамдық өмір тоқ етерінде осы қатынастарға негізделеді. Сонымен әділеттілік тепе-теңдік деген тұжырым жасауға негіз болады. Қоғамдық өмірдің мұраты әділеттілік болса, әділеттілік – тепе-теңдікте болып шығады.
Әділеттіліктің әр түрлі мағынасы болатындықтан біз қандай әділеттілікті қарастырып отырғанымызды анықтап алу керек.
Қызметші мен қожайынның немесе әке мен баланың қарым-қатынасында да әділеттілікке орын бар. Бұл жердегі әділеттілікті мемлекет азаматтарының арасындағы әділеттілікпен салыстыруға болады. Біз сөз етіп отырған әділеттілік теңдікке негізделген азаматтық әділеттілік (азаматтардың мүддесі бір және олар теңдікке ұмтылады, олардың айырмашылығы заңға байланысты); әке мен баланың, қызметші мен қожайынның арасындағы қатынаста, мұндай әділеттілікке ұқсас ештеңе жоқ. Менің аяғым мен қолымның басқа да мүшелерімнің маған қатынасында да жоғарыдағы әділеттілікке ұқсас ештеңе жоқ. Баланың әкеге қатынасын да осы тұрғыдан қарау керек. Ересек адамдардың қатарына қосылып, әкесінен бөлектенгенше бала әкенің бір бөлігі ғана. Есейгенде ғана бала әкесіне тең бола алады. Азаматтардың жайы да осындай. Осы себептен де қызметші мен қожайынның арасындағы қарым-қатынасында да әділеттіліктің нышаны жоқ. Қызметші – қожайынның меншігіндегі нәрсе. Оған қатысты әділеттілік – бұл оның үй ішіндегі жағдайына байланысты «үйдегі әділеттілік». Біздің сөз етіп отырғанымыз – азаматтық әділеттілік. Азаматтық әділеттілік теңдікке және ұқсастыққа негізделеді. Мемлекеттік әділеттілікке ұқсас әділеттілік ер мен әйелдің қарым-қатынасы. Әйел ерінен төмен, бірақ оған жақын және онымен өзін көп жағдайда тең ұстауға тырысады. Олардың қарым-қатынасы азаматтардың арасындағы қарым-қатынасқа ұқсайды. Ер мен әйелдің қарым-қатынасындағы әділеттілікті азаматтық әділеттілікке жатқызуға болады.
Әділеттілік қандай жағдайда болады, қандай жағдайда болмайды? Жалпы айтқанда, адам өз еркімен кімге, қандай жолмен және не үшін (қиянат) жасайтынын біліп әрекет жасаған адамды айтамыз. Егер кімде кім кім үшін және не үшін екенін айырмай қиянат жасаса, оны әділеттілікті бұзған адам емес, бақытсыз адам дейміз. Жауын өлтірем деп абайсызда әкесін өлтірген адамның ісі әділетсіз, бірақ ол әділеттілікті бұзған адам емес, бақытсыз адам. Егер біреу білместіктен әділетсіз іс істесе, оны әділеттілікті бұзған деп есептеуге болмайды. Олай болса, біз енді білместіктің не екенін анықтап көрейік. Білместік бір істің себебі болса және оны адам еркінен тыс істесе, онда оны әділеттілікті бұзған адам деп есептеу дұрыс емес; ал енді білмегені үшін адамның өзі кінәлі болса және ол сол білместігінен біреуге қиянат жасаса, онда оны заңды түрде әділетсіз деп тануға болады.
34. Ізгіліктер жөнінде олардың мәні көріністері неге бағытталғаны жөнінде әңгіме еттік. Олар жөніндегі пікіріміз дұрыс болады, егер біз ақылға жүгінсек. Ақылға жүгініп әрекет ету саулыққа пайдалы құралдарды пайдалана отырып, саулықты түзеумен бірдей. Маған айтуы мүмкін: саулықты түзеу үшін қандай құралдар керек. Сол сияқты ақылға жүгіну деген не екенін ашып алу керек.
Алдымен жанның қандай бөлшегінде ақыл барын анықтау керек. Жоғарыда біз жалпылама түрде жанның ақылды жағы және ақылға жүгінбейтін жағы барын айттық. Жанның ақылды жағы екі кеңесетін және танитын – салаға бөлінеді. Олардың бірінен-бірінің айырмашылығын неге бағытталғанына қарап айыруға болады. Біз түсті, дәмді, дыбысты, иісті қалай ажыратсақ, оларды қабылдайтын сезімдерді де солай ажыратамыз: дыбысты есту, дәмді тату, түсті көру арқылы білеміз. Басқалар жөнінде де осылай пайымдау керек. Жанға қатысты заттар әр түрлі болатыны сияқты оларды қабылдайтын жанның бөлшектері де әр түрлі. Ойлайтын нәрсе мен сезетін нәрсе бірдей емес, бірақ екеуін де жан арқылы танимыз; демек жанның ойлайтын нәрселерге де, сезетін нәрселерге де қатысты бөлшегі бірдей емес. Жанның кеңесетін, талдайтын жағы сезімдік заттарға, жалпы жаралып, жоғалатын, қозғалыста болатын заттарға бағытталған. Шынында да, біз өзіміз жасай алатын заттар жөнінде – оларды жасау керек пе, жоқ па ақылдасамыз. Бұлар – өне бойы өзгеріп отыратын сезімдік заттар. Сондықтан, жанның таңдайтын жағы сезімдік заттармен айналысады деген тұжырым жасауға болады.
Біз енді ақиқат жөніндегі мәселеге келіп тірелдік. Ақиқат өзін білім, естілік, парасат, даналық, болжам арқылы паш етеді. Ал бұлар неге бағытталған? Білім дәлелдеме және пайымдау арқылы танылатын заттардың бейнесі; естілік (разумность) іс-қимыл арқылы пайда болатын және оларды жасау немесе жасамау біздерге байланысты болып келетін заттарға қатысты. Заттарды жасау арқылы біз заттар дүниесін құрамыз, орындау арқылы әрекет етеміз, бұлардың мәні бір емес…
Естіліктің мәні білімнен гөрі ізгіліктен көрінеді. Есті адамдарды мақтайды ғой, ал мақтауға тұрарлық нәрсе – ізгілік. Қай білімнің де жоғарғы сапасы болады, бірақ естіліктің жоғарғы сапасы жоқ, өйткені естіліктің өзі шамасы сол жоғарғы сапалықты білдіреді.
Парасат (ум) оймен шолынатын және бар заттардың бастауларына бағытталған. Шынында да, білім дәлелдеуге болатын заттармен айналысады, бастамалар болса олар дәлелдеуге келмейді. Сондықтан бастаулармен білім емес, ақыл айналысады. Даналық білім мен парасаттан құралады. Өйткені даналық бастауларға да және бастаулардан туатын, білім айналысатын нәрселерге де көңіл бөледі. Сол себепті даналық бастаулар арқылы парасатпен, бастаулардан туатын, танылатын заттар арқылы біліммен де тығыз байланысты (екеуінен де нәр алып отырады).
Болжам (предположение) болса – бұл істің мәні солай ма деп бәріне күдікпен қарайтын қабілет.
Естілік пен даналықтың мәні бір ме? Әлде жоқ па? Өйткені даналық өзгермейтін және дәлелденген нәрсе, ал естілік өзгермелі заттарға бағытталған ғой. Айталық, түзу, қисық деген сияқты нәрселер өзгермейді, әрқашан сол күйінде қалады. Ал пайдалы заттар өзгермей тұрмайды: қазір пайдаға асса, ертең олай болмайды, біреуге керек, басқаға – жоқ, бір жерде керек болса, екінші жерде – керегі болмайды, бір түрде пайдалы болса, екінші түрде – олай емес. Пайдалы заттарға көбірек көңіл бөлетін даналық емес, естілік. Демек, даналық пен естіліктің мәні бір емес.
Даналық ізгіліктер қатарына жата ма, жоқ па? Оның ізгілік екендігін естілікке қарап анықтауға болады. Шынында да, жоғарыда айтқанымыздай, естілік жанның ақылды жағының бір бөлшегі; естілік даналықтан төмен, өйткені ол өтпелі заттарға бағытталған; даналық болса, ол мәңгілік және құдайшыл заттармен байланысты. Егер де төменгі дәрежедегі нәрсе ізгілік болса онда, сөз жоқ жоғарғы дәрежедегі де ізгілік болғаны; сондықтан, даналық – ізгілік болып табылады.