Баталар

Баталар
1. [КЕЛ ЖІГІТ, КЕЛ ЖІГІТ…]
—Кел, жігіт, кел, жігіт, Бұған бата бер, жігіт!
Ауылыңның қонғаны Жылға-жылға сай болсын. Ұл баланың мінгені Жорға-жорға тай болсын. Жорғалатып келгенде, Атаның көңілі жай болсын! Қара ешкінің мүйізі Ербегей де сербегей. Саған келген пәлекет Өзен суды өрлегей! Менің атым—Сарыбай, Сақалыма сары май.
Татам мезгілі болғанда,
Төсегіңнің басынан,
Жастығыңның астынан,
Бақ-дәулет келіп дарығай!
2. [АЛА АТ, ҚҰЛА АТ…]
—Ала ат, құла ат, Жеңешемді домалат. Ұл таппасын, қыз тапсын, Бәрімізге қолқанат!
Үйіңізге құт-береке енсін, Қораңызға мал тола берсін! Аумин!
3. [ҚОНАҚТАСЫН БЕРЕКЕТ…]
—Қонақтасын берекет, Қаша берсін пәлекет! Қиын дейді қиямет, Жақын дейді ақырет. Ақыретке барғанда, Қыл көпірден аман өт!
4. [БАТА БЕР ДЕДІҢ ЛАҚҚА…]
Жидебайдың Сауытбек байдың үйіне қонаққа келгенде лаққа берген батасы:
—Бата бер дедің лаққа, Дауысы кетті жыраққа. Ащы екен үні бейшараның, Түрпідей тиді құлаққа. О дүниеге барғанда, Алмасын Алла сұраққа.
Қой болса, қой сой,
Бейшараны жылатпа!
5. [ЖЫЛҚЫШЫ АТА ҚАМБАР…]
—Жылқышы ата Қамбар, Мінгенің жирен шабдар.
Мыңды айдатып,
Жүзды байлатса, Сенен басқа нем бар? Желің ұзын болсын, Ішкенің қымыз болсын. Сойғаның құлын болсын, Жегенің қазы болсын!
6. [Я, ҚҰДАЙ, БЕРГЕЙСІҢ…]
Жаяуғали деген бай дүниеқоңыз, сараң адам болыпты. Өзінің қойын өгізге мініп бағады екен. Бір малы өлсе, бір адам өлгендей қайғырады екен. Бір жылы қатты жел үйін жығып кетсе, қатынын сабап, әркімдерді тілдейді және күзеулік жеріндегі қорасының қи-тезегін жапсарлас отырған Жантас деген елден көріп, билер тобына арыз береді. Осы мәселені қарамақ бо лып бай кісінің ауылында жиналыс болады. Сойылатын малға Тоқтаған деген шешен адам бата жасайды. Сорпа сын тие ішсе де, қаты кейіс етеді екен. Сондағы айтқаны:
—Я, Құдай, бергейсің, Көзінің жасын көргейсің! Қали ғана тілегім, Тілемеймін өзгесін. Өсіре бер көбейтіп, Аман сақтап мал-басын! Басындағы ордасын,
Қи мен тезек қордасын Алғызбасын Жантасқа. Ұзарта көрме өмірін, Ұзын қылып өз жасын. Ергеншегі мықты боп, Ит ішпесін сорпасын.
7. [БИСИМИЛЛА-И РАХМАН-И РАХИМ…]
Бисимилла-и рахман-и рахим! Бүлшіл, бүлшіл, бүлшіл бол, Бозторғайдай түршіл бол, Адам таппайтын сөзшіл бол! Бұрама темір, сом алтын Суға салса батпасын. Тәңірім берген дәулетің Тепкілесе кетпесін! Қораң қойлы,
Шараң майлы болсын.
Қазаның қаспақты,
Сиырың баспақты болсын! Ұл-қызың үбірлі-шүбірлі болсын, Ғұмыр жасың ұзақ болсын.
Періште әумин десін!
8. [АЯҢДА, АЯҢДАСАҢ, ҚАРА КЕРДЕЙ…]
—Аяңда, аяңдасаң, қаракердей, Сөз таптық қапияда қайлалы ердей. Той бастап жолдық енді алғаннан соң, Біз сонда кетеміз бе бата бермей!
Әуелі бір Құдайым басын берсін, Екі елі ұзақ ғұмыр жасын берсін.
Дұғамыз мүшәуратта қабыл болып, Шын күміс, алтын аяқ тасын берсін!
Онан соң бір Құдайым бақыт берсін, Дәрәжә, өзіңізге тахит берсін. Дұғамыз мүштәрәкта қабыл болып, Он жігіт күзетшіге сахит тұрсын!
Онан соң бір Құдайым миды берсін, Үстіңе ақ күмбездей үйді берсін. Үстіңде ақ күмбездей үйің болып, Ішіне лайақаттап күйді берсін!
Жиһазың ақ ордаңда толып тұрсын, Үйіңе қонақ-қопсың қонып тұрсын.
Терісін бес биенің саба қылып, Қымызың жүз кісіге болып тұрсын!
Самаурын төрт-бес жерден қайнап тұрсын, Бұлбұл құс тұғырымда сайрап тұрсын. Үстінде түркпен кілем жабуменен,
Белдеуде төрт бедеуің ойнап тұрсын!
Ақ отау ойға тіккен қырға қонсын, Ақ жүзің алақандай нұрға толсын. Мүстәжәп менің батам қабыл болса, Үйіңе Қыдыр ата келіп қонсын!
Қара су мал жериді лайынан, Тілей көр күнде тілек Құдайыңнан.
Мал-басың дәулетіңмен бірдей өсіп, Бір Құдай айырмасын жұбайыңнан!
Шырағым, қадірлі екен қара басың, Ауызға бал татиды берген асың.
Мүстәжәп менің батам қабыл болса, Алдыңнан ақ күн туып, жарылқасын!
9. [ИӘ, ҚҰДАЙ, ТІЛЕГІМДІ ҚАБЫЛ ЕТ…]
—Иә, Құдай, тілегімді қабыл ет,
Тозақтың отынан сақта,
Қаңғыған оқтан сақта,
Парақордан, соттан сақта,
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта,
Көк долы қатыннан сақта,
Колхозды жеген бастықтан сақта,
Адамды қадірлемеген елерден сақта,
Жанды басқан перісінен сақта, Кеудесін кергеннен сақта, Мерзімсіз келген өлімнен сақта!
Татымсыз тұздықтан сақта,
Қайырымсыз тілек, жоқтан сақта,
Жалқау бала, тексізден сақта, Түнере атқан таңнан сақта, Жаңбырсыз шаңнан сақта!
Жастарда әдеп жоқ,
Үлкеніңде бәтуа жоқ,
Құр айғай, шақ-шәлекей даңнан сақта!
10. [ТІЛЕК ТІЛЕП ЖАЛҒЫЗ ХАҚҚА…]
—Тілек тілеп жалғыз Хаққа, Бата берген шаңыраққа. Адал еңбек, ақ ниет басшы болар, От басына қызықты келер баққа. Бір Алла ақ пейілге пана болар, Туған ел қорған болар пейілі аққа.
Бақыт тілеу—бата басы,
Қыдыр болсын бас жолдасы, Әр уақытта аман болып, Ұзақ болсын ғұмыр жасы! Бір Алланың құлысың, Ата-ананың ұлысың. Адал болсаң айнымай, Оңға басар бар ісің.
Айнымас ақыл қазығың, Жолдасың еңбек—қазығың.
Адам болсаң ақпейіл, Ешкімге болмас жазығың. Ырзығың берер жалғыз Хақ, Сұраншақ болма сұғанақ. Басқа адамды күндеме, Еңбек етіп табыс тап! Адалдық жолын қуғанға Өзі келер мал мен бақ.
Ұйымшыл болса семьяң, Отыңның басы алтын тақ.
Адалдықты аттама,
Арамдықты жоқтама, Қызық көрер осы шақ!
11. [БЕС БИЕНІҢ ТЕРІСІ…]
—Бес биенің терісі Бес күндіктік сабаңыз.
Тәңір алдына барғанда, Терезе тапсын жаныңыз. Бабай Түкті Шашты Әзіз, Көтере көр бабаңыз!
12. [ӘУЕЛІ ҚҰДАЙ ОҢДАСЫН…]
—Әуелі Құдай оңдасын, Қыдыр ата қолдасын.
Бай дәулетін берсін, Пайғамбар берекесін берсін!
13. [ӘУЕЛІ ҚҰДАЙ ОҢДАСЫН…]
—Әуелі Құдай оңдасын, Күллі әулие қолдасын. Сексен түйең боталап, Сегіз келін қомдасын.
Он мың биең құлындап, Мың бес жүз қойың қоздасын!
14. [ОСЫ БАТАМ КЕЛІСІ…]
—Осы батам келісі— Жібектен болсын желісі. Алтыннан болсын қазығы, Күмістен болсын тоқпағы. Үйге келген мейманның Қазылып жатсын соқпағы!
15. [БАЛ ДӘМІ КІРСІН АСЫҢА…]
—Бал дәмі кірсін асыңа, Береке берсін басыңа.
Томашадай қорғалап, Дәулетің келсін қасыңа!
16. [ӘУЕЛІ ҚҰДАЙ ОҢДАСЫН…]
—Әуелі Құдай оңдасын,
Қыдыр болсын жолдасың.
Көпке беріп береке, Ердің басы қорғалсын!
17. [ӘУЕЛІ ҚҰДАЙ СЕН ЖАРЛЫҚ…]
—Әуелі, Құдай, сен жарлық, Сүйгеніңмен тең жарлық. Айдан аман сақта, Жылдан есен сақта!
Бай қыл, төрт түлігін сай қыл,
Жан-жақты қыл,
Малды, бақты қыл!
18. [ЕКІ ҚОЛДЫ ЖАЙЫП…]
—Екі қолды жайып, ләһһи амин!
Я, Алла, пәлеңнен сақта, Жалаңнан сақта, Қауіп-қатеріңнен сақта!
Алла, екі дүниенің абыройын бер, Алла, өліктерге иман бер,
Тіріге саламаттылық, шаттық бер. Бала-шағама ғұмыр бер, Өзіме иман бер!
Алла, жарылқа, Пайғамбарға шапағат бер!
Аллау акбар!
19. [ХАЛЫҚҚА ЖАҒАМ ДЕСЕҢ, ӘДІЛ БОЛ…]
—Халыққа жағам десең, әділ бол, Судан таза, жерден ауыр бол! Аузыңнан шыққан сөзің Естіген халыққа қуат болсын, Айналаң ашық суат болсын!
20. [ИӘ, ҚҰДАЙ, ОҢҒАРА КӨР…]
—Иә, Құдай, оңғара көр, Бәлеңнен қорғай көр, Аруақ, қолдай көр! Несібeң үйден болсын, Әбиір дүзден болсын. Қызықты көңіл болсын, Бақытты өмір болсын! Әумин, Аллауакпар!
21. [ТІЛЕГІМІЗДІ ҚАБЫЛ ЕТ…]
—Тілегімізді қабыл ет, Иманымызды кәміл ет!
Тозақтағы аттан сақта, Қаңғыған оқтан сақта, Парақор соттан сақта!
Кірлі су мен ыдыстан сақта, Ынтымақсыз туыстан сақта. Қара жүрек батылдан сақта, Көк долы қатыннан сақта! Адамды қадірлемес бастықтан сақта, Нанды қадірлемес кісіден сақта. Менменсінген жесірден сақта,
Кеудесін керген келіннен сақта, Мезгілсіз келген өлімнен сақта! Татымсыз тұзыңнан сақта,
Ұятсыз қызыңнан сақта,
Қайырымсыз жекжаттан сақта, Білімсіз бекзаттан сақта!
Түнере атқан таңнан сақта,
Жаңбырсыз соққан шаңнан сақта, Шәқ-шәлекей лаңнан сақта!
Өмір берсең, жайлығын бергін, Дәулет берсең, сыйлығын бергін.
Әйел берсең, әдепті, жайлығын бергін, Келін берсең, келісті сыйлығын бергін!
Ағаш ексең, жемісті ғып берсін,
Тұлпар мінсең, шабысты ғып берсін, Еңбек етсең, табысты ғып берсін!
Еңбегіміз өрісті болсын, Қамбамыз астыққа толсын.
Көсегеміз көгеріп, өрісіміз Мыңғырған малға толсын! Ақ жүрек болсын жолдасың, Адалдық әр кез қолдасын. Жақсылық үшін тірессең, Жаныңды арың қолдасын!
Арынды болсын шабысың, Алымды болсын табысың, Найзадай болсын намысың! Ұққан жанға осының Біле білсең—бәрі сын.
Қиындыққа мұқалма,
Ауырлыққа жұқарма. Қамқоршы бол кісіге, Үлкенді үлгі тұт алға!
Е, пәруардігер,
Осы айтқанымның бәрін Үйіп-төгіп бір-ақ бер де, Тілегімізді қабыл ет! Аллаһуакпар!
22. [ҮЙ ҚОЖАСЫ СІЗДЕРГЕ…]
—Үй қожасы сіздерге! Я, Құдайым оңдасын, Қуаныштан жазбасын. Осы үйдің болса дұшпаны Ақыры оның оңбасын!
Сен ұшырған көгершін
Биіктеп ұшып самғасын, Қанаты оның талмасын!
Ұлғая берсін мал-басың,
Дастарханың мол болсын.
Күлкіден езу жыймасын,
Дос-жараның, қимасың, Замандасың, құрдасың
Тура жолдан таймасын! Кем-кетікті ойласын, Еңбектен ешбір тынбасын! Әбүйір алып еңбектен, Жарысқанда қалмасын. Партия оны қолдасын, Адалдықтан таймасын, Сенің қымбат жолдасың.
Екеуінен шыққан ұрпақтар Ғұмырлы, болсын бақытты, Тырнағы да сынбасын!
23. [БҮЛШІЛ, БҮЛШІЛ, БҮЛШІЛ БОЛ…]
—Бүлшіл, бүлшіл, бүлшіл бол, Бозторғайдай төршіл бол!
Бұрама темір, сом алтын Отқа салсаң, күймесін, Суға салсаң, батпасын!
Балдарыңның мінгені Жорға-жорға тай болсын. Жорғалатып келгенде, Байдың көңілі жай болсын. Айдағаның қой болсын, Шайнағаның май болсын! Аллаху акбар!
24. [АҒАЙЫННЫҢ АЛДЫ БОЛ…]
—Ағайынның алды бол, Отыз ұлды орда бол, Әман жұрттың басы бол! Лұқпандай мың жаса, Береке дарысын басыңа, Дұға тисін асыңа!
25. [СҰРАСАҢ, БАТА БЕРЕЙІН…]
—Сұрасаң, бата берейін, Үстем болсын мерейің. Ықыласпен қол жайсаң, Ақ тілекті төгейін. Дастарханың мол болсын, Абыройың зор болсын!
Көк жайлауды жайласаң,
Тай, құлынды байласаң, Келін тұрсын керіліп, Салтанатты көрініп. Сабаң толсын қымызға, Шараң толсын уызға! Өрісіңе мал толсын, Ақ тілеуің жар болсын!
Көре алмаған бағыңды, Сындыра алмас сағыңды. Балаңыздың сәні өссін,
Толған айдай тағы өссін, Абыройы тағы өссін! Қорған болғын халқыңа, Ел сүйінсін даңқыңа. Талдырмай білегіңді,
Қалаған тілеуіңді
Басып жүрген жерден берсін, Ағайының қолдай берсін, Дос-жараның қорғай берсін! Көліңде балық қайраңдасын, Ел-жұрттың жайраңдасын! Әумин!
26. [Е, ҚҰДАЙЫМ, БАЛА БЕР…]
—Е, Құдайым, бала бер, Бала берсең, дана бер. Тал таяғы қолында, Талтайып тұрған бала бер!
Онан берсең, мұны бер,
Ақ, қара май қойдан бер, Жирен ала тайдан бер! Е, Құдайым, оңдасын, Әулиелер қолдасын.
Ата-бабаңның аруағы Қысылған жерде қолдасын! Қыдыр болсын жолдасың, Бес жүз қойың қоздасын. Сексен түйең боталап, Сегіз келін қомдасын!
Жегенің адал ас болсын, Өзіңнен туған балаңыз Ел-жұртыңа бас болсын! Айдағаның қой болсын, Шайнағаның май болсын.
Мінгенің жорға болсын,
Төрт түлігің сай болсын, Уайымсыз, көңлің той болсын!
Қазаның қаспақты,
Сиырың баспақты,
Қызың моншақты, Ұлың он шақты болсын! Аумин!
Аумин десең бізге, Құдай берсін сізге!
Есірке де жанды қылсын,
Жарылқа да малды қылсын, Қатарыңның алды қылсын!
Сауарыңа бие берсін, Мінеріңе түйе берсін.
Жанды-жақты қылсын,
Дәметкен аруақтарға тие берсін!
27. [БҰРАМА ТЕМІР, СOМ ТЕМІР…]
—Бұрама темір, сoм темір Отқа салса, жанбасын, Суға салса, батпасын!
Бұл жақтан келсін бес жүз қой, О жақтан келсін бес жүз қой, Бәрі жиылып мың болсын! Балдарыңның мінгені Жорға-жорға тай болсын. Жорғалатып келгенде, Көңілдерің жай болсын!
28. [ҚҰДАЙ ЖАРЫЛҚАСЫН…]
—Құдай жарылқасын, Бай қылсын, Бақ дарысын! Дастарханға береке берсін, Ерге дәулет берсін.
Шыққанның есесін берсін, Қалғанның берекесін берсін! Кең пейіл берсін, Ұзақ өмір берсін.
От айнала бас берсін, Өріс толы мал берсін.
Мал берсе, қайырлы,
Берекетімен берсін, Бас берсе, азық— Несібесімен берсін!
29. [БҮЛСІЛ, БҮЛСІЛ БАЙ…]
—Бүлсіл, бүлсіл, бай, Бозторғайдай төлшіл, бай. Орама темір, сом темір, Отқа салса, күймесін, Суға салса, батпасын!
Сізден байлық кетпесін, Сізден байлық кеткенде, Мұратына жетпесін. Ала биең құлындап,
Айдалаға сыймасын.
Құла биең құлындап, Құла далаға сыймасын! Балаңыздың мінгені Жорға-жорға тай болсын. Жорғалатып келгенде, Көңіліңіз жай болсын! Ауадан түскен қорғасын, Сізді Құдай оңласын!
Алалатсын, бұлалатсын, Бұл жеңешемді балалатсын!
Ұл да тапсын,
Қыз да тапсын,
Бәрімізге қолқанат болсын! Әумин!
30. [Е, ҚҰДАЙЫМ ОҢДАСЫН…]
Е, Құдайым оңдасын, Малымыз бен жанымызға, Еш жамандық болмасын!
Жортқанда жолымыз болсын, Қыдыр ата жолдасымыз болсын! Жалындаған оттан сақта, Сарқыраған судан сақта.
Бәле-жаладан сақта, Алланың кәрінен сақта!
Түн жүріп, түсі қашқаннан сақта, Дос болып жүріп, Қас болғаннан сақта!
Құдай Тағала!
Жайған дастархандарың жайыла берсін, Бауырсақтарың шашыла берсін!
31. [АҚ БАТА БЕРЕЙІНШІ ЖАСТАРЫМА…]
—Ақ бата берейінші жастарыма, Құдайым бақыт берсін бастарыңа! Алдарыңнан күн тусын, Арттарыңнан ай тусын! Табалдырықтарың биік болсын, Шаңырақтарың кең болсын!
32. [ЖАРЫЛҚАСЫН, БАЙ ҚЫЛСЫН…]
—Жарылқасын, бай қылсын, Төрт түлігін сай қылсын. Бала-шаға өрбіп, өсіп, Ата-ана көңілін жай қылсын.
Қуаныштан айырмай,
Күнде-күнде той қылсын!
33. [БАҚ-ДӘУЛЕТ БЕРСІН БАСТАРЫҢА…]
—Бақ-дәулет берсін бастарыңа, Ғұмыр берсін жастарыңа. Пәле-жала, жын шайтан Жоламасын қастарыңа!
34. [ӘУМИН ДЕСЕҢ, МІНЕ, БАТА…]
—Әумин десең, міне, бата, Дарысын Қыдыр ата!
Я, Шопан ата,
Беретін малыңның атын ата. Баратын кісінің орайы жоқ, Өзің әкеп мата!
Я, Құдай, сиыр бер, Сиыр берсең, биыл бер. Одан кейін түйе бер, Түйе берсең, тимей бер. Одан кейін жылқы бер, Ойын менен күлкі бер. Жирен аттай жолды қыл, Өзен-судай талды қыл. Жаңа үйленген екі баламды, Өз құрбысының алды қыл!
17-0139
35. [ҚҰДАЙ ЖАРЫЛҚАСЫН…]
—Құдай жарылқасын,
Бай қылсын,
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын, Әулие дарысын, Аруақ жебесін! Дастарқанға береке берсін, Ерге дәулет берсін.
Шыққанның есесін берсін, Қалғанның берекесін берсін. Кең пейіл берсін, Ұзақ өмір берсін!
От айнала бас берсін, Өріс толы мал берсін.
Мал берсе,
Қайырлы, берекетімен берсін,
Бас берсе,
Азық-несібесімен берсін. Берсе, бек тиіп берсін, Бермесе, сақтап берсін! Қалмаққа қан жаусын, Ортасына ойран тисін! Босып, қаңғып, қыдырсын, Етегін шеңгел сиырсын. Дөңгелек жүзді қара сарт, Қара жерді мойныңа арт! Біздің қазақ қой берді, Тілегенін өзіне ет. Ә, бар Құдая, құлым де, Мұхамбет үмбетім де! Құдайға құл болсаң, Отыз күн ораза тұт!
Бес уақыт намаз оқы, Құдайға қылған қызметің. Мұнан соң мал, Армансыз қылып ал. Ошақтың үш бұтынан жалқарып, Қазанға өзің әкеп сал!
Мұнан соң бас,
Жақсыменен жақындай, Қыдырменен бол жолдас! Қыдырдың жолдасы болсаң, Жолың болмай қалмас. Мың сан бәле қылсаң да, Ажалың жетпей алмас.
Шаруаның төрт пірі—
Шопан, қойға келтірме топан, Қойға толтыр қорасын! Осы бір байдың сыртынан сақта, Қатты соққан борасын. Атың жақсы, Құдайым, Мен бір тілек сұрайын.
Сұрағанда бергеніңді білейін,
Малды берсең, қойды бер,
Ұлды берсең, бойлы бер,
Жұртқа ақыл салғандай, Ақылы артық ойлы бер!
Шаруаның төрт пірі— Жылқышы ата, Шын бергенің білейін, Арқанды әкеп мата!
Кісінеуге айғыр бер, Желісіне бие бер, Сауған сайын ие бер! Жезден болсын желісі, Осы сөздің келісі. Алтыннан болсын тоқпағың, Ашыла берсін соқпағың. Дұрыстап айтайын, тоқта, Жібектен болсын ноқта!
Шаруаның төрт пірі— Ойсыл қара, Жарылқасын ол пана. Дұспанмен қыла көрме Екеуара!
Боталатып өстіріп,
Салтанатпен көштіріп,
Барғанша аман сақтап, Аудармай барып тыныштырып,
Дауыл қылмай үй тіктіріп,
Шаруаның төрт пірі—
Зеңгі баба,
Мал беруге ойың болса, маған қара! Ұрғашы болса қосқа жарайтұғын Үлкен қара өгіз бер! Бұзау, торпақ, тайынша, Ала көбеден жайынша. Ханнан қаһар келтірме, Биден мейір кетірме! Шынымен Астағыпыралла десең, Алдыңнан шайтан өтер ме?! Шыныңмен Құдайға тәубе десең, Дұспанның қарғысы өтер ме? Патшасын, сұлтанын Патша қылған Сұғбаным. Падишадай бақты бол, Алтыннан астың тақты бол!
Тақтынан айырма, Бұқара тапты бұл Алаш, Бір жарлығын қайырма!
Айдан аман сақта, Желден есен сақта.
Мың бір бәледен сақта, Жүз бір қатерден сақта.
Аузы қанды бөріден сақта,
Қолы қанды ұрыдан сақта.
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта! Ізет, абиыр, бақ, дәулет, Ырыс, несібең кем болмасын! Алла әкпәр!
36. [ЕЙ, ҚҰДАЙЫМ, МҰНЫҢ ЖОЛЫН АШЫҚ ҚЫЛ…]
Ей, Құдайым, мұның жолын ашық қыл, Дұшпаныңнан қашық қыл!
Ей, Құдайым, мұны астыр, тастыр, Жұлдызбен жалғастыр! Жамандардан адастыр, Жақсылармен жолдас қыл! Ей, Құдайым, мұны көп ет, Көлдей мамыр ет, Тілегенін қабыл ет!
Қарағанда көзің жіті болсын, Қармағыңда қолың ұзын болсын. Құдайдан не тілесің, соны берсін, Алдың базар, артың шаһар болсын! Ей, Құдайым, бұған жаздай бер, Жаздай берсең, жазбай бер. Ей, Құдайым, бұған күздей бер, Күздей берсең, үзбей бер. Ей, Құдайым, бұған қыстай бер, Қыстай берсең, қыспай бер!
Бақыт қонсын, қыдыр дарысын,
Кең пейіл берсін, кетпес дәулет берсін, Алхам беллахи, алхамның берекетін берсін! Аллакбәр!
37. [АҚ САҚАЛДЫ, САРЫ ТІСТІ…]
—Ақ сақалды, сары тісті, Жасың ұзын болсын.
Үбірінді-шүбірінді,
Жағың түспей жамандық көрме!
38. [ЕЛЕУЛІ БОЛ ЕЛІҢЕ…]
—Елеулі бол еліңе, Қалаулы бол халқыңа. Кешірімді кең болшы, Келтірме атақ атыңа! Құлағыңды сал батаға, Кешірім сұра қатаңа. Кешірімді, кең болшы, Келтірме атақ атаңа!
Атаңа жақсаң, қарағым, Ерте тұрып малын бақ. Енеңе жақ, жарығым, Ерте тұрып отын жақ! Қайнатып шайын, дайындап, Күйеуіңнің бабын тап. Қайнаға, қайын сіңліңнің Атама атын, жайын тап!
39. [ЖАРЫЛҚАСЫН ҚҰДАЙЫМ…]
—Жарылқасын Құдайым, Тартқызбасын уайым.
Байдың дәулетін берсін, Пайғамбардың берекесін берсін! Бастарың аманда болсын,
Дұшпандарың табанда болсын!
Отанға тыныштық берсін!
40. [ИӘ, ӨМІР ҚЫЗЫҒЫН БЕРЕ БЕРСІН…]
—Иә, өмір қызығын бере берсін, Не бергеннің қайырын берсін! Еңбектерің жемісті болсын, Тұрмыстары келісті болсын, Бақ қарасын, Қыдыр дарысын. Дененің саулығын берсін, Дастарханның байлығын берсін! Берген дәмің бал болсын, Өріс-қонысың бар болсын.
Осы үйге қастық қылған
Дұшпаның дал болсын,
Өміріңе Жасаған Тәңір жар болсын! Ел басына туған ер бол, Ақылың дария көл бол.
Көпке бірдей күн бол, Халық аузында жыр бол,
Халқыңа лайықты ұл бол!
41. [Е, ҚҰДАЙЫМ, ЖАРЫЛҚА…]
—Е, Құдайым, жарылқа, Жарылқасаң, малды қыл, Біткен жұрттың алды қыл! Бұған қастық жасағанның Малын алып, жарлы қыл! Аллаху акбар!
42. [Е, ҚҰДАЙЫМ, БАЛА БЕРСІН…]
—Е, Құдайым бала берсін, Мал мен басты жана берсін.
Саған қастық қылған дұспанды Табаныңның астына сала берсін!
43. [Е, ҚҰДАЙЫМ ОҢДАСЫН…]
—Е, Құдайым оңдасын, Мың саулығың қоздасын.
Сегіз түйең боталап, Сегіз келін қомдасын!
Тіленшінің биесін берсін, Үйсін, қоңыраттың түйесін берсін. Біткен аруақ бәріңе тие берсін!
44. [ҚҰДАЙЫМ ЖАРЫЛҚАСЫН, БАЙ ҚЫЛСЫН…]
—Құдайым жарылқасын, бай қылсын, Төрт түлігіңді сай қылсын! Кетпес дәулет берсін, Кең пейіл берсін! Құрмалдығың қабыл болсын, Тілегің дұрыс болсын.
Мұратың асыл болсын,
Тілеген тілегіңізді берсін!
45. [ҚҰДАЙДЫҢ ӨЗІ ОҢДАСЫН…]
—Құдайдың өзі оңдасын, Бес жүз саулық қоздасын. Сексен інген боталап, Сегіз келін қомдасын! Айдап келген жылқыңнан Алпыс айғыр азнасын. Жиып келген түйеңнен Жетпіс інген боздасын.
Өзіңнен байлық озбасын,
Ағайынның жарлысы
Бөтен жақта тозбасын! Сол малыңа ие берсін, Ата-бабаңа тие берсін!
46. [ҚҰДАЙЫМ, ЖАЗДАЙ БЕР…]
—Құдайым, жаздай бер, Жаздай берсең, жазбай бер. Құдайым, күздей бер, Күздей берсең, үзбей бер. Құдайым, қыстай бер, Қыстай берсең, қыспай бер!
47. [АЙДАҒЫСЫЗ МАЛДЫ БОЛ…]
Айдағысыз малды бол, Ағайынның алды бол. Отыз ұлды орда бол, Орман жұрттың басы бол! Лұқпандай мың жаса, Береке дарысын басыңа, Дуа тисін асыңа. Әркез шайтан келмесін, Өлгеніңше қасыңа!
48. [ТҮНДЕ ЖҮРГЕН ҰРЫДАН САҚТА…]
—Түнде жүрген ұрыдан сақта, Жатаңдағы бөріден сақта!
Жаз-жайлауды жаусыз ет, Қыс-қыстауды қарсыз ет, Ұл мен қызды мұңсыз ет! Шыққанның есесін бер,
Кіргеннің берекесін бер!
49. [КҮЛЕ КІРІП, КҮҢІРЕНЕ
ШЫҚҚАННАН САҚТА…]
—Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта, Түнде жүріп, түс қашқаннан сақта! Өзімді малды қыл, Дұспанымды жарлы қыл!
Пәле-жаладан сақта,
Қауіп-қатерден сақта, Шайтанның шерінен сақта, Патшаның қаһарынан сақта!
50. [АУ, ҚҰДАЙЫМ, ЖАРЫЛҚА…]
—Ау, Құдайым, жарылқа, Жарылқағанның ішінде ет.
Екі аяғын есен ет, Төрт аяғын түгел ет! Сақтағайсың сәлемет, Құлың саған аманат! Қараңғыда көшірме, Ұлы дария кештірме. Кешкі тілеуін кешіктірме, Ертеңгі тілеуін еріктірме!
Аузы қанды бөріңнен, Аясы қанды ұрыңнан сақта.
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта, Төрде отырып риямен мекірегеннен сақта! Отының басын ойнақ ет,
Желінің басын шаңдық ет.
Байлық пен бақыт беріп, Құрбысынан оңдақ ет! Бұл дүниеде жиғаның болсын, Ол дүниеде иманың болсын!
Түйе атасы—Ойсыл қара,
Сиыр атасы—Зеңгі баба,
Қой атасы—Шопан ата
Жылқы атасы—Жылқышы ата,
Көл ет, көп ет, Көлді мамыр ет!
Тәңіріне тілегенін әзір етер, Досты құдай бездірме, Сүйікті көңілін үздірме.
Араға шайтан от жағып, Дүние үшін қызығып, Кінә қылып тіздірме. Тілектің алды Құдайдан, Біреуге көзім сүздірме!
51. [ЕЙ, ҚҰДАЙЫМ, БҰЛ ХАНЫМНЫҢ…]
—Ей, Құдайым, бұл ханымның Жасын жүзге жеткіз.
Жарлығын тастан еткен Қылығын, Құдайым, жаққыз.
Аузына халқын баққыз,
Есігінің алдынан
Алтынды жылғалы сулар аққыз!
Балаларын ойната гөр, Бақ, бақшалы теректі Алдына еңкейте көр.
Алтын басты еркекке Атын байлата гөр Алтын бағанды терекке!
52. [ӘЙ, ҚҰДАЙЫМ, ЖАРЫЛҚА…]
—Әй, Құдайым, жарылқа,
Жарылқасаң, малды қыл,
Біткен жұрттың алды қыл. Бұған қас жасағанның Малын алып, жарлы қыл!
Әй, Құдайым, бала берсін, Мал мен басты жана берсін. Саған қас қылған дұспанға Табаныңның астына сала берсін! Әй, Құдайым, оңдасын, Мың саулығың қоздасын. Сексен түйең боталап, Сегіз келін қомдасын!
Тіленшінің биесін берсін, Үйсін, қоңыраттың түйесін берсін, Біткен аруақ бәріне тие берсін! Құдайым жарылқасын, бай қылсын, Төрт түлігің сай қылсын! Кетпес дәулет берсін, Кең пейіл берсін. Құрмалдығың қабыл болсын, Тілеуің дұрыс болсын.
Мұратың хасил болсын,
Тілеген тілегіңізді берсін!
53. [ЖАЗДАЙ ЖАРЫЛҒАСЫН…]
Жаздай жарылғасын,
Жазбай жарылғасын. Күздей жарылғасын,
Күдерін үзбей жарылғасын, Қыстай жарылғасын!
Жарылқа, жанды қыл, Есіркеп малды қыл, Тең құрбымның алды қыл! «Әумин» десең маған, Екінші бата берем саған. Үшінші бата беремін Үш түрлі көйлек кимеске. Төртінші бата беремін
Түбек тақтай таймасқа.
Бесінші бата беремін,
Белгілі жерден айрылып,
………………………….
Алтыншы бата беремін, Жалғаның сая болмасқа.
Жетінші бата беремін,
Кіндік жерден оқ тиіп, Жер таянып қалмасқа.
Сегізінші бата беремін Сергелдең жолға түспеске. Тоғызыншы бата беремін, Тоқсанға келген бабаңдай Тоңқайып өліп қалмасқа!
54. [АУЫЛДЫҢ АҚСАЛЫ ӘКІМ АТА…]
—Ауылдың ақсалы Әкім ата
Берейін, қолыңды жай, мен бір бата. Осындай берген батам қабыл болса, Бір жылды қысарықты қырықтан мата!
Бергені бір Алланың кең болғай, Саууға екі жүзден биең болғай.
Артуға алпыс атан ордаң болғай, Мінуге қырық шақты жорғаң болғай!
Қораңда мыңнан саулық қоздасын-ай, Желіңде жетпіс інген боздасын-ай. Бағуға жылқы малың қиын дейді, Жылқың жеті жүзден озбасын-ай!
Ауылың ертеменен көше берсін,
Сыпырауық бауын шеше берсін. Құлдарың көң артуға әзір тұрып, Ауылың ерте тұрып көше берсін!
Қар жаумай, жаңбыр жаумай, қылауласын, Бір ұлың он екі атпен лауласын.
Басыңа көп тисем, бейнет болар, Бір жазда тоқсан қашар бұзауласын! Астыма атым мінген арындасын, Дәулетің жылдан жылға арылмасын!
Көлдерде жатқан сусар үйрек едің, Аспаннан іліп кетші, қара лашын. Батаның көбінен де азы жақсы, Осыған риза бол, қарындасым!
55. [БІСІМІЛЛА, РАҚЫМАН, РАҚЫМАН…]
—Бісімілла, рақыман, рақыман! Ия, Құдай оңдай гөр, Әулиелер қолдай гөр. Байсалды қоныс бере гөр, Байтақ ырыс бере гөр!
Тілеген әр тілекті де дұрыс бере гөр,
Өсетін мал бере гөр,
Көп жасайтын жаннан бере гөр!
Мал берсең, құрарыменен бере гөр,
Бас берсең, тұрарымен бере гөр,
Әр нәрсенің де баяныменен бере гөр, Екі дүнияның абыройын бере гөр!
Алхамдуллах раббіл,
Ғаламның алхамын ақ, Берекетінен бере гөр!
Жай қолыңды, аллах акбар!
56. [БЕРЕЙІН МЕН БІР БАТА, ҚОЛЫҢДЫ ЖАЙ…]
—Берейін мен бір бата, қолыңды жай, Батамды қабыл етіп, болғайсың бай. Ақылың ат жүзетін көлге қонып, Үйірін қысырақтан қырықтан мат-ай!
Барғанда екінші елге бағың болсын, Сүлеймен патшадай тағың болсын.
Бұл сөзді періштелер салған шығар, Құдайым пірім етіп, қабыл қылсын!
Барғанда анау елге балаң болсын, Жинаған ауыр дәулет қараң болсын. Балаңның ең үлкені батыр болсын, Біреуі жұрттан озған ақын болсын! Біреуі үш жасында Қызыр болсын, Әр затқа іштен жақын болсын!
Біреуі қақпан құрып аң ауласын, Біреуі болыс болып дау дауласын.
Біреуі ел қондырып, қоныс қонып, Кең қоныс, тұщы суды пайдалансын!
Басқадай соныңменен бірге қонсын,
Балаңның ең кенжесі басын бақсын, Дәулеті арылмайтын тасып жатсын!
Алты қыз, он екі ұлдың анасы бол, Атаңның жақсы көрген баласы бол! Ақ жүзді «әмин» деп бетің сыйпа, Аллаху акбар!
57. [ЖАЙ ҚОЛЫҢДЫ, ӘЛЕУМЕТ]
—Жай қолыңды, әлеумет,
Мен берейін батамды,
Етек-жеңің кең болсын
Асау менен Барақтай,
Ақпа менен Лабақтай,
Сасықбай мен Жантайдай,
Құлжан менен Алтайдай, Жамандық көрме, жарқыным, Жағың бір түспей, қартаймай! Жаз болғанда тіккенің Алты қанат үй болсын.
Қыс болғанда жаққаның Ағаштан сары қи болсын! Жорға болсын мінгенің, Қамқа болсын кигенің.
Бес жүз жылқы, мың саулық
Аздық етсе, көп олжа, Мынау болды білгенім.
58. [О, ҚҰДАЙЫМ, ОҢДА…]
—О, Құдайым, оңда, Оң жолына баста, Қыдыр ата! Қыдыр ата қырық болып, Қыдырдың өзі дарысын! Жылқышы ата Қамбар,
Жарылқасаң, өзінен басқа кім бар? Шірендіріп жатқыз, Көсілдіріп жүргіз! Жаз жайлауын жаусыз ет, Қыс қыстауын қарсыз ет.
Дүниеде мұңсыз ет, Толғатқанын ұл ет, Тамызғанын май ет! Бәледен сақта, Жәледен сақта. Қауіптен сақта,
Қазерден сақта!
Түн қатып тұсына шыққаннан сақта, Ашыққан-ды, бөріден сақта.
Аузы қар-ды, ұрыдан сақта, Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта, Дос болып, қас болғаннан сақта! Әзіретті қадір ет,
Шыққан тауын биік ет. Кімді жарылқасаң, Соның қасында ет!
59. [ҚҰДАЙ ЖАРЫЛҚАСЫН…]
—Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын!
Айдан аман,
Жылдан есен қылып,
Үйді, түзді,
Мал, басты Аман қылсын!
60. [МІНГЕНІҢ ПЫРАҚ БОЛСЫН…]
—Мінгенің пырақ болсын, Жүзден ақ болсын. Дұшпаның алыс болсын, Дәулетің жақын болсын!
Екі иығыңдағы екі періште Жамандығын жазбасын, Жақсылығын жазсын.
Хазірет Жақыптың көзі ашылсын, Хазірет Юсуф Мысыр жерінде Патша болып масаулы болсын! Табаның жазық болсын,
Дұшпан сөзі аяқ астында қалсын! Өнерің күннен күнге ассын, Бейнетің қашық болсын. Дәулетің зинада болсын, Дұшпаның пинада болсын!
61. [ЖАЗДАЙ БЕРСЕҢ, ЖАЗБАЙ БЕР…]
Жаздай берсең, жазбай бер, Қыстай берсең, қыспай бер. Күздей берсең, үзбей бер, Тобыменен жазбай бер! Қазаныңнан ас кетпесін, Үйіңнен қонақ кетпесін!
Қазаның майлы болсын, Келген қонағың жайлы болсын!
Алда абырой берсін, Дүнияда жиғаның бұйырсын, Ақыретте иманың бұйырсын!
Мінген атың жалды болсын, Қараңыз малды болсын.
Сатқаныңыз бұлды болсын,
Келін ұлды болсын,
Ұзақ ғұмырлы қызметкер болсын! Біздей келген қонақтың Дұғасы қабыл болсын.
Барған жерде жолың болсын, Қызыр Ильяс жолдасың болсын!
62. [ ЫРЫСЫҢ КӨП БОЛСЫН…]
—Ырысың көп болсын, Иманың көп болсын. Дауың жоқ болсын, Перзентің көп болсын! Басың көп болсын, Асың көп болсын. Жасың көп болсын, Досың көп болсын! Қырманың қырдай болсын, Жүзің нұрдай болсын.
Құрсағың жуан, дырдай болсын, Бала-шағаң көбейіп, Отбасың пырдай болсын! Саған қастық еткен дұшпанның Үйінің сырты сырдай болсын!
Әумин, аллахуакбәр!
63. [Я, ҚҰДАЙЫМ, ЗАЛЫМНАН САҚТА…]
—Я, Құдайым, залымнан сақта, Азғырылған алымнан сақта. Уақытсыз келген жалыннан сақта, Орала жауған қарыңнан сақта. Жабулы жатқан торыңнан сақта, Қазулы жатқан орыңнан сақта. Айтқан сөзді тыңдамайтын
Дым сауатсыз сорыңнан сақта!
18-0139
64. [А, ҚҰДАЙЫМ, ЖАЗ ЖАРЫЛҚАСЫН…]
—А, Құдайым, жаз жарылқасын, Жазбай жарылқасын. Күз жарылқасын, Үзбей жарылқасын. Қыс жарылқасын, Қыспай жарылқасын!
Тасқа тары шыққандай жарылқасын, Мұзға бидай шыққандай жарылқасын!
Мал сегіздеп өссін, Басы ұл мен қыздан Егіздеп өссін.
Қиямет таңы атқанша жарылқасын, Ұжымаққа кіріп жатқанша жарылқасын!
Абыройы аса берсін, Дұшпанын баса берсін! Аллахуакбәр!
65. [ӘУМИН ДЕСЕҢ БІЗГЕ…]
—Әумин десең бізге, Бата берелік сізге.
Жасың келсін жүзге, Желің кетсін құла түзге!
Мал мен басты,
Иман мен жасты Қабат бермеді екен деп, Тәңірден күдер үзбе!
66. [ҚҰДАЙ-АЙ ТОБА…]
—Құдай-ай, тоба, Таубасын қабыл ет, Дұғасын мұстажап ет. Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмед!
Е, Мұхаммед, болғайсың,
Мына үмбетіңе жар, медет! Бұ дүниеде жиғанды ет, Ақыретте иманды ет!
67. [ЕКІ ДҮНИЕНІҢ АБЫРОЙЫН БЕРСІН…]
—Екі дүниенің абыройын берсін, Төрт түлік малға жарытсын.
Алғаныңмен қоса қартайсын! Төрт түлік малыңа берсін, Ата-бабаңа тие берсін!
Әуелі бір Құдай жарылқасын,
Екінші, Мұхаммед пайғамбарың жарылқсын! Үшінші, төрт мұхаррип періште жарылқасын, Төртінші, төрт шарияр жарылқасын!
Бесінші, Қараман қатибин періште жарылқасын, Алтыншы, Хазірет Біләл палуан ата жарылқасын!
Е, жылқышы ата—Қамбар, Төртеуіңнің ынтымағың бір болса, Қорлайтын кім бар?!
Жетінші, жердің жүзіндегі,
Күннің көзіндегі,
Мекке, Мединадағы әулиелер жарылқасын!
68. [Е, ПАТША ҚҰДАЙ, ЕСІҢЕ АЛ…]
—Е, патша Құдай, есіңе ал,
Өзің жарылқасаң, былайғының несі бар?! Е, патша Құдай, әуелі өз кәріңнен сақта, Шайтанның шерінен сақта. Патшаның кәрінен сақта, Қадамы қаттыдан сақта!
Дос болып, қас болғаннан сақта,
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта. Жиылған нудан сақта, Тасқан судан сақта!
Үйіткіп жанған өрттен сақта,
Ыңыранып жатқан дерттен сақта!
69. [Е, ПАТША ҚҰДАЙ, ЖАРЫЛҚАҒАНМЕН…]
—Е, патша Құдай,
Жарылқағанмен жандас ет,
Ораздымен оттас ет,
Кімді жарылқасаң, соның қасында ет!
Алдағым азық, шүкір, нәубет,
Асыр-тасыр,
Үзілістірмей ұластыр,
Жақсылармен жанастыр, Жамандардан адастыр!
Дәулетің зияда болсын, Дұспаның пияда болсын. Құдайым тілегіңді беріп, Тұсауыңды алсын!
Ерлердің дұғасы,
Жарандардың батасы,
Болмағай менің бұл батамның қатасы! Тағы да бір Құдайым жарылқасын, Басыңа Қыдыр дарысын.
Иманың мен жасыңа Қыдыр дарысын, Ішіп-жеген асыңа Қыдыр дарысын!
70. [ҚҰДАЙЫҢ ӨЗІ СҮЙТІП ОҢДАСЫН…]
—Құдайың өзі сүйтіп оңдасын, Бес жүз саулық қоздасын. Сексен інген боталап, Сегіз келін қомдасын. Айдап келген жылқыңнан Алпыс айғыр азынасын. Жиып келген түйеңнен Жетпіс інген боздасын!
Өзіңнен байлық озбасын,
Ағайынның жарлысы
Бөтен жаққа тозбасын! Жанкүшіктің биесін берсін,
Жансүгірдің түйесін берсін.
Нұржанның қойын берсін,
Кім жақсы болса, соның ойын берсін!
Сол малыңа ие берсін,
Арғы өткен ата-бабаңа тие берсін!
71. [ШЫРАҒЫМ, МЫРЗАЛЫҒЫҢА…]
—Шырағым, мырзалығыңа,
Момындығыңа халқың бақсын, Аллаға қылығың жақсын! Таңда махшардың күнінде Алдыңнан бұлақ ақсын. Періштелер маңдайыңнан сипап, Жаурыныңнан қақсын!
Қаршығадай қайқайып, Ителгідей талпынып, Жүруші едің, мырзажан!
Көкірегің ақ болса, Алтын басты әулием, Алтыннан болсын тұмарың!
72. [АҚЫРЕТТІ БОЛЖАМАЙМЫН…]
—Ақыретті болжамаймын, Бұ дүниеде жоқ-ты сенің арманың.
Құдай жарылқасын,
Әулие қолдасын,
Басшы бастасын, Қыдыр дарысын!
Хақ Тағала қабыл еткей Менің бұл батамның бәрісін!
73. [БІР ЖАСАҒАН—ҚҰДАЙЫМ…]
—Бір Жасаған—Құдайым, Бермесін басқа уайым!
Тең құрбыңның ішінде
Үстем болсын талабың.
Үйіңе мейман келгенде,
Ашық болсын шырайың!
Қолдарың жайып тілей бер, Айрандай болып ұйыған Бір өзіңе қылайын!
74. [ЖҮЗГЕ ЖЕТСІН ТҮЙЕҢІЗ…]
—Жүзге жетсін түйеңіз, Үш жүз болсын биеңіз.
Әлдеріңнің келгенше,
Жығылғанды көтеріп, Сүрінгенді сүйеңіз.
Тарығып келген адамға Бермесек, отқа күйеміз.
Бергенде тым-ақ сүйеміз.
Жомарттық қылық қолдансаң, Әрбір жерде жар болсын Бір Жасаған—Иеміз!
75. [МЫҢҒА ЖЕТСІН ҚОЙЫҢЫЗ…]
—Мыңға жетсін қойыңыз,
Мыңға жетсе қойыңыз, Сараңдықты қойыңыз, Күніне бірін сойыңыз! Үйіңізден кетпесін Мереке мен тойыңыз. Малда болса көзіңіз,
Аллада болса ойыңыз,
Өзінің берген дәулетін Өз жолына жойыңыз!
76. [ПІРӘДАР БОЛСЫН ДОСТАСЫҢ…]
—Пірәдар болсын достасың,
Мұхаммед болсын қостасың.
Қыдыр болсын жолдасың,
Лұқпан болсын құрдасың!
Сүрініп кеткен жеріңде, Жеті әулие, жеті пір Кереметпенен қолдасын! Төбеңізде торласын,
Көңіліңе алған талабыңды Бір жасаған Құдайым Құдіретіменен оңдасын! Үлкендерді сыйласаң,
Бола берсін болмасың,
Тола берсін толмасың.
Таңда махшар күніңде Пырақ болсын мінгенің. Халла болсын кигенің, Хорлар болсын сүйгенің! Сол уақытта білерсің
Бұл күнде берген асыңның Пайдасының тигенін.
Малыңның көр пайдасын, Басыңнан бағың таймасын. Тарлықатқа кіргенде, Төбеңде торлап ойнасын!
Мәңкір-нәнкүр келгенде, Бұлбұлдай тілің сайрасын.
Ұжымақта келген тағамдар
Осы бізге берген асыңдай, Алдыңызда жайнасын!
Бермейтұғын сараңның Екі қолы байлансын, Сүйтіп соры қайнасын! Бермегеннің жаманын Көр ішінде ойласын!
Ұзақ етсін жасыңды,
Берекелі, берік қылсын Малың менен басыңды.
Таңда махшар күніңде, Шарап етіп қайтарсын Бізге берген асыңды!
Өзің жүзге келгенде, Тоқсанға жетсін алғаның. Кемпір-шал болып қалғаның, Шайыхпаны болғаның. Сол жастарға келгенде, Құмған болсын қолыңда, Бола көр Хақтың жолында! Он бес ұл мен он бес қыз Еріп жүрсін соңыңда.
Бала менен бақ берсін, Мұның бәрін сіздерге Баянды етіп Хақ берсін! Түрегеп түзде жүрсеңіз, Қыдыр ата тап келсін.
Алла болсын панаңыз,
Қатар өссін, шырағым, Малың менен балаңыз!
Нағылып бата бермелік, Үйіңізге келгенде Бір-бір тойып қаламыз. Е, Құдайым, оңда, Оң жолына баста!
Қыдыр дары, Қыдыр ата қырық болар, Қыдырдың өзі дарысын! Жылқышы ата Қамбар,
Жарылқасаң, өзіңнен басқа кім бар? Шірендіріп жатқыз, Көсілдіріп тұрғыз! Жаз жайлауын жаусыз ет, Қыс қыстауын қaрсыз ет.
Дүниеде мұңсыз ет, Толғатқанын ұл ет, Тамырғанын май ет!
Бәледен сақта, жәледен сақта, Қауіптен сақта, қатерден сақта! Түн қатып келіп, Күңірене шыққаннан сақта.
Ашыққан-ды, ұрыдан сақта,
Ауызы қар-ды, ұрыдан сақта!
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта, Дос болып, қас болғаннан сақта!
Әзіреті қазір ет,
Шыққан тауын биік ет,
Кімді жарылқасаң, соның қасында ет!
77. [ЖАРЫЛҚА, ҚҰДАЙ, ҚАБЫЛ ЕТ…]
Жарылқа, Құдай, қабыл ет, Жарылқаудың қамын ет. Жарылқайын деп келеді, Кішкене ғана сабыр ет!
Бақ бер, бәледен сақта, Қауіптен, қатерден сақта! Әумин десең бізге,
Бата берелік сізге.
Әуелі, Құдай, жаздай бер, Жаздай берсең, жазбай бер. Әуелі, Құдай, күздей бер, Күздей берсең, үзбей бер.
Әуелі, Құдай, қыстай бер, Қыстай берсең, қыспай бер!
Бұл үйдің бізге берген дәмі тары екен, О да өзінің бары екен.
Бұл үйге қас қылған адамды Көтеріп тұрған жер ұрсын, Аспандағы көк ұрсын!
Менің берген батам емес,
Бұрынғы Пайғамбардың берген батасы, Оның болмас қатасы!..
78. [ҚАБЫЛ БОЛСЫН МҰСТАЖАП…]
—Қабыл болсын мұстажап, Осы Құдайы жолыңыз. Малың мен басың тең өсіп, Халықтың алды болыңыз!
79. [ШАЛҚАР КӨЛДЕЙ КӨП БОЛСЫН…]
—Шалқар көлдей көп болсын Қымыз бенен айраның. Атағың мен атыңнан Жұртқа тисін қайраның! Айдағызсыз малды бол, Ағайынның алды бол. Отыз ұлды орда бол, Ұдайы жұрттың басы бол!
80. [ЛҰҚПАНДАЙ МЫҢ ЖАСА…]
—Лұқпандай мың жаса, Береке дарысын жасыңа, Дуа тисін асыңа. Әркез шайтан келмесін, Өлгеніңше қасыңа!
81. [БАҒА АЛМАСТАЙ МАЛДЫ БОЛ…]
—Баға алмастай малды бол!
Жалшы менен құлыңа, Әбиір берсін қызыңа, Дәулет берсін ұлыңа!
82. [ЖҰРТ ЖИНАЛЫП ТОЙЫҢА…]
—Жұрт жиналып тойыңа, Қаны болсын майыңа. Ақіретке барғанда,
Гауһар атты бейіште Жаның тұрсын жайына!
83. [КӨЗ ЖЕТПЕСІН ТҮЙЕҢЕ…]
—Көз жетпесін түйеңе, Көз сүрінсін биеңе.
Соның бәрін берген соң, Разы бол Иеңе!
84. [ТАСЫҢ ӨРГЕ ДОМАЛАП…]
—Тасың өрге домалап, Өсе берсін ырысың. Саған қас қылған дұспанның Өз руы құрысын!
85. [ЖАЙЫЛЫП ШЫҚҚАН МАЛЫҢНЫҢ…]
—Жайылып шыққан малыңның
Көз жетпесін шетіне. Жаман киім тимесін Бұл дүниеде етіңе. Досың менен дұспаның Қарамасын бетіңе!
86. [АҚБӨКЕНДЕЙ ҚОЙЛЫ БОЛ…]
—Ақбөкендей қойлы бол, Орқояндай көзді бол. Адам таппас сөзді бол, Патшадай ұлды бол!
87. [ОСЫ ҚЫЛҒАН ҚҰДАЙ ЖОЛЫҢЫЗ…]
—Осы қылған Құдай жолыңыз, Халықтың алды болыңыз. Халық жиылсын тойыңа, Қаны болсын майыңа. Ұяласын періште Сақалың мен мұртыңа. Сегіз жұмақ сарайда
Жаның тұрсын жайына.
Хандай болсын қадірің Халық, қарындас, жұртыңа!
88. [САҚАЛЫҢ АЛТЫН, МҰРТЫҢ ЖЕЗ…]
—Сақалың алтын, мұртың жез, Дәулетіңе болдым кез. Екі бірдей ақбозат Бірін мін де, бірін сал!
Айдап барып жылқыңды, Көкорайға бұрын сал. Қызыл мақпал түбетей Бір шекеңе қырын сал.
Екі бірдей ақбозат
Былғарыдан шідерді Толарсақтан өре сал! Жүмілә әулие қолтықтап, Тие берсін рухыңа!
89. [АЛАДАН АЛПЫС БИЕҢ ҚҰЛЫНДАП…]
—Аладан алпыс биең құлындап, Алқалап ұлың байласын.
Желіден жетпіс інген боталап, Қыз-келіншек қызығымен қомдасын!
Қарабасың хан болып, Ұяласын періште Сақалың мен мұртыңа. Ораздыны көшіріп,
Намаздымен қонысып, Отыңның басы Перзентке толсын.
Сізге қас сағынғанның Аузына қара қан толсын!
Әр елге әр перзентің патша болсын, Батамыз біздің берген Қабыл болсын!
90. [ЕСКЕНДІР ЗҰЛХАРНАЙЫНДАЙ…]
—Ескендір Зұлхарнайындай бақытты қылғай, Ал Хакім Сүлеймендей тақты қылғай, Арынғазыдай даңқты қылғай!
Ақтылы қой, сарылы түйеңе қораң толғай, Өңшең асыл перзентке ордаң толғай. Әр елде әр перзентің патша болғай,
Жақсылық жаққан отың шырақ болғай!
Бұ бата бізден емес, Құдайдан-ай, Құтылмас қашқан түлкі құмайдан-ай! Арысақ—ат, шөлдесек—сусын болған, Хакімімізсің пайда болған лайдан-ай! Он сегіз мың ғаламның басы болың, Тентекті қайырғансың райдан-ай!
91. [ЖАРЫЛҚА, ҚҰДАЙ, ҚАБЫЛ ЕТ…]
—Жарылқа, Құдай, қабыл ет, Жарылқаудың қамын ет.
Бай ет, мамыр ет, Батамды мұстажап ет!
Құдайдан не тілесе, соны әзір ет,
Құдай Тағала, мұның ақ ниетін қабыл ет! Бұған, Құдай Тағала,
Назар Сәнкебайдың малы мен басын бер, Ұрпағына Хакім Лұқпанның жасын бер. Ғалидың айбатын бер, Діннің қуатын бер!
92. [ҚҰДАЙЫМ,
АЛАПАТ-КҰЛАПАТТАН САҚТА…]
—Құдайым, алапат-кұлапаттан сақта, Иманбай, Нұрқаттан сақта. Бастағы үш киіктен сақта, Аяқтағы көп тентектен сақта!
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта,
Түнде жүріп, түсі қашқаннан сақта!
Исекеңнің шоқпарын сүйретіп ақырғаннан сақта, Оразымбеттің қорқып бақырғанынан сақта!
Е, Құдайым, өзімді малды қыл, Дұшпанымды жарлы қыл! Е, Құдайым, жыртықтан сақта, Қорлықтан сақта.
Мал бер, бас бер, Өмірі ұзақ жас бер! Мұны айтқан Оразымбет, Тілі сау да, көңілі дерт. Бір Жаратқан Құдайым, Дұспаныма қылма мерт!
Аллаху Әкбпар!
93. [ӘУЕЛІ, ҚҰДАЙ, ПӘЛЕДЕН САҚТА…]
—Әуелі, Құдай, пәледен сақта, Жәледен сақта, қауіптен сақта, Қатерден сақта!
Шайтанның шерінен сақта, Патшаның қаһарынан сақта!
94. [ҚҰДАЙЫМ, МАЛДЫ ҚЫЛ…]
—Құдайым, малды қыл, Тең құрбыңның алды қыл.
Қас сағынған кісіні Қасқа шұнақ жарлы қыл!
95. [ҚҰДАЙЫМ, БАЙ ЕТ…]
—Құдайым, бай ет,
Төрт түлікке сай ет.
Ұл-қызды көп беріп,
Көңілдің мұңын жай ет!
96. [ЕРТЕ ТҰРЫП ТЫҢДАСАҢ…]
—Ерте тұрып тыңдасаң, Сексен інген боздасын, Сегіз келін қомдасын. Тәңірі сүйіп оңдасын,
Бұл адамға қас сағынған оңбасын!
97. [ҚЫЗЫР АТА ӘУЛИЕ…]
—Қызыр ата әулие, Тар жер, тайғақ кешуде Қолынан демеп ұстай көр!
Әуелі Құдай, екінші Пайғамбар,
Үшінші Шаһариар, Төртінші Алхамду, Жарылқай көр Сұбхан!
98. [Е, ҚҰДАЙЫМ ОҢДАСЫН…]
—Е, Құдайым оңдасын, Оң жолына бастасын, Бір жарылқап тастасын. Жамандыққа жазбасын, Жақсылыққа бастасын! Мал иесі—Мұхаммед,
Жан иесі—Хазірет,
Не тілегін әзір ет, Еткен ниетін қабыл ет!
99. [Е, ҚҰДАЙЫМ, ҚОЙ БЕРСЕҢ…]
—Е, Құдайым, Қой берсең, қошқарымен бер, Жылқы берсең, айғырымен бер. Түйе берсең, бурасымен бер,
Сиыр берсең, бұқасымен бер!
100. [Е, ҚҰДАЙЫМ,
ҚҰМЫРЫСҚА-ҚҰРТТАН САҚТА…]
—Е, Құдайым, Құмырысқа-құрттан сақта, Жапандағы бөріден сақта!
Е, Құдайым, жаз жайлауын жаусыз ет, Қыс қыстауын қарсыз ет, Ұл-қызын мұңсыз ет!
Е, Құдайым,
Шыққанның есесін бер,
Кіргеннің берекесін бер!
101. [МЫРЗА БОЛСА ҚАТЫНЫҢ…]
—Мырза болса қатының, Қоңсы қонар қасыңа.
Берекет берсін мал мен басыңа!
Қырғауылдай қырғилап, Бөденедей жорғалап, Қыдыр келсін қасыңа!
102. [ЖАМАН БОЛСА ҚАТЫНЫҢ…]
—Жаман болса қатының,
Қоңсы кетер қасыңнан, Билік кетер басыңнан, Береке кетер асыңнан. Жалған қатын айырады Ер жігітті досынан.
Менің берген батихам: «Жаман қатынды алмаңыз» деп, Өтінемін, Асылан! Аз да болса, көптей көріп, Риза болыңыз осыған.
Біздің берген батамызды Қабыл қылғай еді Нұх пайғамбар атамыз!
Альхамду лиллахи,
Альхамду берекетін бер! Аллаху әкбар!
103. БАТА СӨЗДЕР
—Я, Құдай оңласын, Оң жолына толғасын. Аспанда Құдай, жерде әулие, Ақсақалды қорғасын!
Я, Құдай, сақтасын,
Ауылын аймағымен сақтасын! Қазанын қаймағымен сақтасын, Биесін тайларымен сақтасын. Түйесін тайлағымен сақтасын, Қойын көгенімен сақтасын! Туысқандарын дегенімен сақтасын, Кемпірін шалымен сақтасын.
Бала-шағасын,
Келін-кепшегімен сақтасын! Аллахуәкпар!
104. [БАТА БАС БӘЙГІ АЛ…]
—Бата, бас бәйгі ал, Пәлекетін қайтар. Судың түбі лай,
Жарылқасын Құдай! Я, Құдай, малды қылсын, Басты қылсын.
Еліңе қас қылғанның Тамағына тас тығылсын!
Елің ердей болсын, Көңілің көлдей болсын.
Бақытың таудай болсын, Байлығың құрымдай болсын, Дұшпаның құйқадай болсын!
Аллахуәкпар!
19-0139
105. [ӘУЛИЕ СЕНІ БАЙ ҚЫЛСЫН…]
—Әулие сені бай қылсын, Төрт түлігіңді сай қылсын! Балалы етсін шағалы, Ел ішінде жағалы. Балаң болсын палуан Рүстемдей шамалы.
Бір өзенге сыймасын Мал-басыңның қаралы.
Ерген кісінің Тимесін саған залалы!
Дастарқаның кең болсын, Дұшпаның сенің кем болсын! Қайырлы болсын дәулетің, Құрбыңнан асып сәулетің. Ұзын болсын өмірің, Буына соның семірің!
Болыс болсын бір балаң Тастан соққан қорғандай. Молда болсын бір балаң Мешітке имам болғандай!
Батыр болсын бір балаң, Жауға шапсын қорғанбай. Ісімер болсын бір балаң, Әр өнерге ойланбай!
Жомарт болсын бір балаң,
Көргеннің көзі тойғандай. Шешен болсын бір балаң, Сөз сөйлесін толғанбай. Шаруашы болсын үш балаң, Айтып қолмен қойғандай!
Әдепті болсын келінің, Болдырмай ешбір желігін.
Қызың және көп болсын,
Жас шыбықтай бұралған. Керек десе жауапты Ізетпенен сұраған. Тоқтатты енді атаңыз, Осы біздің батамыз!
106. [Е, ПАТША ҚҰДАЙЫМ…]
—Е, патша Құдайым,
Жарылқағанмен жандас ет, Ораздымен оттас ет. Кімді жарылқасаң, Соның қасыңда ет!
Алдағыға азық, шүкір, нәубет,
Астыр, тастыр,
Үзілістірмей ұластыр,
Жақсылықпен жалғастыр!
Дәулетің зияда болсын, Дұшпаның пияда болсын.
Құдайың тілегіңді беріп,
Тұсауыңды алсын Ерлердің дұғасы, Жарандардың батасы! Болмағай менің Бұл батамның қатасы. Тағы да бір Құдайым жарылқасын, Басыңа Қыдыр дарысын! Иманың мен жасыңа Қыдыр дарысын. Ішіп-жеген асыңа Қыдыр дарысын!
107. [ШЫРАҒЫМ, МЫРЗАЛЫҒЫҢА…]
—Шырағым, мырзалығыңа,
Момындығыңа халқың бақсын, Аллаға қылмысың жақсын.
Таңда махшардың күнінде
Алдыңнан бұлақ ақсын. Періштелер маңдайыңнан сипап, Жаурыныңнан қақсын!
108. [ҚАРШЫҒАДАЙ ҚАҢҚАЙЫП…]
—Қаршығадай қаңқайып, Ителгідей талпынып, Жүруші едің, Мырзажан.
Көкірегің ақ болсын, Алтын басты әулием, Алтыннан болсын тұмарың.
Айналаңның ұрысы—
Бәрі сенің құрбаның.
109. [ӘУМИН ДЕСЕҢ БІЗГЕ…]
—«Әумин» десең бізге, Біз бата берeлік сізге.
Жасың жетсін жүзге, Желің кетсін құла дүзге!
Мал мен басты,
Иман мен жасты Қабат бермейді екен деп, Тәңіріден күдер үзбе!
110. [ҚҰДАЙ-АЙ ТОБА…]
—Құдай-ай, тоба,
Тәубасын қабыл ет,
Дұғасын мұсажап ет, Мәдинеде Мұхамет, Түркістанда Қожа Ахмет! Е, Мұхамет, болғайсың Мына үмбетіңе жар, медет! Бұ дүниеде жиғанды ет, Ақыретте иманды ет!
111. [Е, ПАТША ҚҰДАЙ, ЕСІҢЕ АЛ…]
—Е, патша Құдай, есіңе ал, Өзің жарылқасаң, Былайғының несі бар?
Е, патша Құдай,
Әуелі өз кәріңнен сақта, Патшаның кәрінен сақта! Қадамы қаттыдан сақта, Дос болып, қас болғаннан сақта. Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта, Жиылған наздан сақта.
Тасыған судан сақта, Ұйтқып жанған өрттен сақта, Ыңырантып жатқан дерттен сақта!
112. [БІР ЖАСАҒАН ҚҰДАЙЫМ…]
—Бір жасаған Құдайым, Бермесін басқа уайым!
Тең құрбыңның ішінде Үстем болсын талабың.
Үйіңе мейман келгенде,
Ашық болсын шырайың.
Қолдарың жайып тілей бер, Айрандай болып ұйыған Бір өзіңе қылайын!
113. [ЖАРЫЛҚА, ҚҰДАЙ, ҚАБЫЛ ЕТ…]
—Жарылқа, Құдай, қабыл ет, Жарылқаудың қамын ет. Жарылқасын деп келеді, Кішкене ғана сабыр ет!
Бақ бер, бәледен сақта, Қауіптен, қатерден сақта! «Әумин» десең бізге, Бата берелік сізге.
Әуелі, Құдай, жаздай бер,
Жаздай берсең, жазбай бер. Әуелі, Құдай, күздей бер, Күздей берсең, үзбей бер.
Әуелі, Құдай, қыстай бер, Қыстай берсең, қыспай бер. Бұл үйдің бізге берген дәмі тары екен, О да өзінің бары екен.
Бұл үйге қас қылған адамды Көтеріп тұрған жер ұрсын, Аспандағы көк ұрсын.
Менің берген батам емес,
Бұрынғы Пайғамбардың берген батасы. Оның болмас қатасы!
114. [ҚАБЫЛ БОЛСЫН МҰСТАЖАП…]
—Қабыл болсын мұстажап Осы Құдай жолыңыз. Малың мен басың тең өсіп, Халықтың алды болыңыз!
115. [ШАЛҚАР КӨЛДЕЙ КӨП БОЛСЫН…]
Шалқар көлдей көп болсын Қымыз бенен айраның. Атағың мен атыңнан Жұртқа тисін қайраның! Айдағысыз малды бол, Ағайынның алды бол. Отыз ұлды орда бол, Ұман жұрттың басы бол!
116. [БАҒА АЛМАСТАЙ МАЛДЫ БОЛ…]
—Баға алмастай малды бол! Жалшы менен құлыңа, Әбүйір берсін қызыңа, Дәулет берсін ұлыңа!
117. [КӨЗ ЖЕТПЕСІН ТҮЙЕҢЕ…]
—Көз жетпесін түйеңе, Көз сүрінсін биеңе. Соның бәрін берген соң, Разы бол Иеңе!
118. [ТАСЫҢ ӨРГЕ ДОМАЛАП…]
—Тасың өрге домалап, Өсе берсін ырысың. Саған қас қылған дұшпанның Өз руы құрысын!
119. [ҚҰДАЙЫМ МАЛДЫ ҚЫЛ…]
—Құдайым малды қыл, Тең құрбыңның алды қыл.
Қас қылған кісіні Қасқа шұнақ жарлы қыл!
120. [ҚҰДАЙЫМ, БАЙ ЕТ…]
—Құдайым, бай ет,
Төрт түлікке сай ет.
Ұл-қызды көп беріп, Көңілін мұның жай ет!
121. [ДЕЛЕБЕНІ ҚОЗДЫРМА…]
—Делебені қоздырма, Ағайыннан оздырма.
Кедей етіп шеттетіп, Жатқа қолды создырма. Данышпандық ой беріп, Бұл өмірде тоздырма!
Ар мен ұят, намыс бер, Бақытты етіп қоныс бер. Қыдыр ата қолдайтын Ерік-жігер таныс бер! Әумин!
122. [БАҒЫҢ БАР БОЛСЫН…]
—Бағың бар болсын, Ашуың тар болсын! Сыбағалы сәттерің
Мол әрі зор болып, Алла қолдап, Қыдыр ата жар болсын!
Ұлтыңның берекесін,
Әлемнің мерекесін,
Өмірдің көп есесін
Тәңір қолдап,
Бақыттың бес есесін берсін! Ел ағасы болар ұлың болсын, Елінің нұры болсын. Жұртқа ана болардай қызың болсын, Мейірімді шапағаттай ізі болсын!
Аспандағы ай,
Өздері бай,
Көңілдерің жай,
Балалардың мінгені тай болсын. Дұшпандары қор болсын, Достары зор болсын!
123. [О, ТӘҢІРІМ…]
—О, Тәңірім! Көрік берме, көлік бер, Ақыл-ес бер көріпкел!
Таудай талап, ерік бер,
Ұл бер, қыз бер,
Ақылды етіп теріп бер.
Бақытты өмір сүрерлік Ұл-қызыма серік бер!
Жігерімді құм қылма, Досымды қу, сұм қылма, Болмасын дұшпан сұңғыла!
Өмір сүрер ашық-айқын бет бер, Бақытына ұл-қыздың Өзің болшы себепкер!
Өзің берсең бақытты,
Қыдыр ата, періште қондыруға ептер.
Ұрпағыңмен мың жасап,
Бақыттың демін жүз асап, Маңайың ақылдыларға толсын! Әумин!
124. [ТӘҢІР ТІЛЕГЕНДІ…]
—Тәңір тілегенді,
Алла арманыңды орындасын!
Берсем, бата берейін,
Өткен ұлы аталар,
Жасап жатқан ағалар рухы көтеріп, Халқының мейірі түссін!
Алған жарың қорғасындай салмақты,
Алтындай сәулелі, Күмістей ақ, сүттей пәк болсын, Уайым-қайғысы жоқ болсын! Қыдыр Ата, періште, Үй алдына кеп қонсын!
125. [АТАМЕКЕН АМАН БОП…]
—Атамекен аман боп, Ақ шаңырақ жайнасын.
Отау тігіп ұрпақтар, Тоты құстай сайрасын! Саулықтарың мықты боп, Өріс-ойлар шалқысын.
Тату-тәтті өмірде
Көңіл-күйлер балқысын! Қиын-қыстау кездерде Аспанды бұлт шалмасын. Үлкендерге ұрпақтар Тауқыметін салмасын!
Қабыл болсын тілегім, Шындықты шерткен жүрегім.
Ата-баба жар болып, Құдірет болсын тірегің!
Осылай айтқан тілек орындалсын, Бұлжымай түгелімен қабылдансын. Қазақтың ақ ниетті азаматын Құдайым бергенінен айырмасын!
Шаңыраққа бақыт қонсын одан әрі, Ел аман, тыныш болсын жұрттың бәрі. Ұрпақтар ата өмірін жалғастырсын, Сол үшін «Әумин» дейік жас пен кәрі!
126. [АЛДЫҢА ҚАРА ТҮСПЕСІН…]
—Алдыңа қара түспесін, Көзіңнен күлкі кетпесін!
Ғұмыр жасың мол болып, Қызыр Ілияс қорғаның Әр уақыт сені қолдасын. Бақытты болып өмірің,
Басыңда қайғы болмасын!
Аруақтар сені қолдасын! Аумин!
127. [ИӘ, ҚҰДАЙЫМ ОҢДАСЫН…]
—Иә, Құдайым оңдасын, Еш жамандық болмасын! Ұл менен қызың ержетіп, Басыңа дәулет орнасын. Келінің болсын келімді, Ұлың болсын білімді. Бермесін қонақ төріңді, Билесін ұлың еліңді! Аллағу акпар!
128. [ӘМИН ДЕСЕҢ МАҒАН…]
—«Әмин» десең маған, Бата бердім саған.
Қабыл болсын тобаң, Қолтығыңнан демесін Қыдыр бабам!
Уа, дәм ішкендер терлесін, Маңыңа дұшпандар келмесін. Тәңірім берген несібең Күннен күнге өрлесін. Талабыңды жүргізіп, Тәңірім өзі оңдасын! Гүл-гүл жайнат, Тайдай ойнат!
Басың аман, бауырыңды бүтін қылсын, Жорытқанда жолың болсын!
Қожа Пәуеддин қолдап өтсін! Аллағу акбар!
129. [БАТА-БАТА БАУДАЙ БОЛ…]
—Бата-бата, баудай бол, Басы биік таудай бол. Көкала шапан көлдей бол, Көшіп жүрген елдей бол! Қазаның қаспақты болсын, Сиырың баспақты болсын.
Ұл балаң он шақты болсын, Қыз балаң моншақты болсын!
Әумин!
130. [ЕЙ, ҚҰДАЙЫМ,
МҰНЫҢ ЖОЛЫН АШЫҚ ҚЫЛ…]
Ей, Құдайым, Мұның жолын ашық қыл, Дұшпанынан қашық қыл!
Ей, Құдайым,
Мұны астыр-тастыр,
Жұлдызбенен жалғастыр, Жамандардан адастыр, Жақсылармен жолдас қыл! Ей, Құдайым, мұны көп ет, Көлдей мамыр ет, Тілегенін қабыл ет.
Қарағанда көзің жіті болсын, Қармағанда қолың ұзын болсын.
Құдайдан не тілесең, соны берсін, Алдың базар, артың шаһар болсын!
Ей, Құдайым, бұған жаздай бер,
Жаздай берсең, жазбай бер,
Ей, Құдайым, бұған күздей бер,
Күздей берсең, үзбей бер,
Ей, Құдайым, бұған қыстай бер, Қыстай берсең, қыспай бер!
Бақыт қонсын, қыдыр дарысын,
Кең пейіл берсін, кетпес дәулет берсін, Алғам диллахи, алғамның берекетін берсін! Алла акбар!
131. [ДЕНСАУЛЫҒЫҢ ЗОР БОЛСЫН…]
—Денсаулығың зор болсын, Дастарқаның мол болсын. Күнде-күнде қой сойып, Қызғылықты той болсын!
Аллағу акпар!
132. [УА, ПІРІМ…]
—Уа, пірім! Жаралғанмен жолдас ет, Ораздымен аттас ет. Жаз жайлауын жаусыз ет, Қыс қыстауын қарсыз ет.
Айдаған малын даусыз ет, Дүниеден мұңсыз ет, Иә, Құдайым бұған берме дерт!
Кетпес бақыт бер,
Кең пейіл бер, Ұзақ өмір бер,
Екі дүниенің абыройын бер,
Абыройлы ғұмыр бер, Алүам дилләхи, Алқамның берекетін бер!
133. [КӨЖЕ ІСТЕГЕН КЕЛІНДЕР…]
—Көже істеген келіндер, Көпке жаққан елшіл бол, Бозторғайдай төлшіл бол. Орқояндай көзді бол, Адам таппас сөзді бол!
Қыстан қысырамалдық,
Жаз күніндей жадырамадық,
Өткен ай өзімен кетіп, Туған ай жарылқасын!
Аяз әлін біліп,
Күнікей күн жарылқасын! Аллау әкпәр!
134. [МІНЕ, БАТА, АҚ НИЕТ…]
—Міне, бата, ақ ниет, Бола берсін берекет.
Қиын дейді қиямет, Жақын дейді ақырет.
Құлшылық қыл Аллаға,
Қыл көпірден таймай өт! Кірсін дәулет,
Шықсын бейнет.
Алла атымен ниет ет, Жоқ-жітікке рақым ет! Тәңір сені қолдасын, Уайым-қайғы болмасын. Қабыл болсын оразаң, Әулетіңді оңдасын!
135. [БАЙДЫҢ КӨҢІЛІ ЖАЙ БОЛСЫН…]
—Байдың көңілі жай болсын, Мың жылқылы бай болсын. Айдағаның қой болсын, Шайнағаның май болсын. Азын-аулақ дәулетің Күнде өзіңе той болсын!
Жұртта қалған жырымың
Домалап келіп қой болсын. Жұртта қалған тулағың
Тулап келіп тай болсын, Тай болсын да туласын! Бір тамырың сұрасын, Сұраса да бермесін!
Атың-атың, ату бол, Ағайынмен тату бол. Жаз кигенің құлпы бол, Қыс кигенің түлкі бол! Бағаналы таудай бол,
Шағалалы көлдей бол,
Үстінен қаз қаңқылдап өтпесін!
Бұрама темір, сом алтын, Суға салсаң, батпасын.
Тәңір берген несібең, Тепкілесең, кетпесін.
Желінің бір шетіне
Оқ шырқасаң, жетпесін, Сенен байлық өтпесін!
Есігіңнің алдынан
Елу інген боздасын,
Қораңнан бес жүз саулық қоздасын!
Қойшыңды мықтап салғайсың,
Күн бұлт, жауын жауғанда, Адырлы жерге жайғанда, Қойынан айырылып қалмасын. Қасқырға қойын бермесін, Сөйтіп, Құдай оңдасын!
Жылқың сенің мың болсын!
Жылқы деген жақсы мал,
Бес ұлыңа бақтырып,
Бес айдыннан суартып, Бетегелі тауға жаба сал!
Сиырың сенің мың болсын, Қысың қатты болғанда,
Қамысты жерге айдап сал! Бісмылда алда әкпар!
136. [АҚ АЛА АТ, КӨК АЛА АТ…]
—Ақ ала ат, көк ала ат, Келінжанды балалат. Қыз тумасын, ұл тусын, Бәрімізге қолқанат!
Балаларыңның мінгені Жорға-жорға тай болсын. Жорғалатып келгенде,
Көңілдерің жай болсын!
Айтқанмен жарамазан тоямыз ба? Кәдесін бұрынғының қоямыз ба? Қой берсең, қозы берсең, жарасады, Апарып ауыз ашарға соямыз да!
137. НАУРЫЗ БАТАСЫ
—Наурыз келіп, қар кетті, Ақ қар, көк мұз жұтатқан Шаруа елінен зар кетті. Наурыз келіп, жаз кірді, Жаз періште «Әз кірді». Күнеске тосып арқасын, Жан біткенге наз кірді.
Жапырақсыз бұтақтар
Арбағай да сарбағай, Желек жаппай қалмағай. Арық-тұрақ төрт түлік, Көк жеп жапа-тармағай, Қабырға жаппай қалмағай!
Көтеремнің төрт бұты Ербегей де сербегей, Енді шығын бермегей.
Бізге келген бәлекет
Қармен бірге қаңғырып, Таудан ары өрлегей,
Мұсылман бетін көрмегей! Уа, бәлекет, бәлекет! Еріп аққан сумен кет, Көтерілген бумен кет!
Қызарып батқан күнмен кет, Қарайып батқан түнмен кет, Ағарып атқан таңмен кет! Жақындамай мал-басқа,
Тау-таста өлген аңмен кет!
138. [НАУРЫЗДЫ ЖЫЛЫ ҚАРСЫ АЛАЙЫҚ…]
—Наурызды жылы қарсы алайық, Асқақтата ән салайық.
Күн нұрына бөленейік, Бақ-ырысқа кенелейік.
Дүниеге жаңа адам кеп, Құмырсқадай көбейейік!
Ақшақардай ақ көңілдер,
Бола берсін шат көңілдер. Болмасын тек арамызда Арам, пиғыл, жат көңілдер! Отау тігіп жас жұбайлар, Шыға берсін Ыбырайлар.
Бәріміз де сау болайық, Кішкентайлар дәу болайық! Шетімізден жүз жасайық, Ерлік жасап шыңға асайық.
Табысымыз тaудай болсын, Басымызға бақыт қонсын, Қоймамызға астық толсын!
Ғалым асқар аса берсін, Жаңалықты аша берсін. Жаңа жылда жаңа бақыт Алдымыздан тоса берсін! Әумин!
139. [УА, ҚҰДАЙЫМ ОҢДАСЫН…]
—Уа, Құдайым оңдасын, Кедергі жолда болмасын! Екі жастың тілегін Періштелер қолдасын.
Ғайып-ерен қырық шілтен Қашанда болсын жолдасың! Арандатқан араны Қаскүнемдер оңбасын. Ел ырысы молайып, Малың көкке тойынсын. Қуанышың құтты боп, Ұзағынан сүйіндірсін! Әумин!
140. [ҚҰТТЫ БОЛСЫН ШАҢЫРАҚ…]
Құтты болсын шаңырақ, Пана болсын жалғыз Xақ!
20-0139
Қосағыңмен қоса ағар, Өмірлерің болсын шат. Адал жанға бақ қонар, Еш адамды көрме жат! Берер батам келінге, Сүйкімді бол еліңе.
Ата-енеңді құрметте, Қияңқы пейіл дегізбе! Айтар сөзім балаға, Ұмытпай сақта санаңа. Жан-тәніңмен сый көрсет, Ақ сүтін сорған анаңа!
Сүйген жарың аман болсын, Ел сүйер ақпейіл санаң болсын.
«Балалы үй—базар» деген ата-бабам, Сүйгенiңнен он шақты балаң болсын, Ел қорғаны, ақылды, адал болсын! Отыңның басы басқа толсын, Дастарқаның асқа толсын. Немерелерің—мұрагерің Ұзақ өмір жасқа толсын!
141. [АЛ, ӘУМИН ДЕСЕҢ, ҚОЛЫҢ ЖАЙ…]
—Ал, «әумин» десең, қолың жай, Көпшіліктен бата алып, Болсын, балам, көңілің жай!
Құт болсын,
Отау тігіп, от жағып, Семья құрған үйлерің!
Арта берсін
Бақыт, дәулет күйлерің, Қолтықтасын, қолдасын Бифатима пірлерің!
Малға толсын өрісің,
Жайлы болсын қонысың. Орнына кеп оңалсын Талап еткен әр ісің!
Қораға толсын қойларың,
Орындалсын арман еткен ойларың!
Боталап өссін түйесі,
Аман болсын семьяның үлкен иесі.
О да өссін сиырың,
Сиырың өссе мыңғырып,
Айран, қатық, майға шықсын бүйірің!
Ал, балалар,
Шаңырақтарың биік болсын, Мал мен басты бастарыңа үйіп берсін!
Босағаларың биік болсын, Тату-тәтті, махаббатты, Біріне-бірі серік болсын.
Оттарың басы шуылдап, Күл шашарларың көп болсын!
142. [ЖЕТЕГІҢ БҰЙДА БОЛСЫН…]
—Жетегің бұйда болсын, Арқаның шуда болсын. Беретін асың болсын, Көретін жасың болсын!
Басыңнан жақсылық кетпесін, Бесігің алдыңнан түспесін, Жамандық саған жетпесін!
143. [ЕЛІҢЕ ЕЛЕУЛІ БОЛ…]
—Еліңе елеулі бол, Халқыңа қалаулы бол.
Ата-енеңе жағымды бол, Қайын-қайынағаңа жағымды бол! Ауылыңа абыройлы бол, Куйеуіңе жайдарлы бол!
144. [ӘУЕЛІ ҚҰДАЙ ОҢДАСЫН…]
—Әуелі Құдай оңдасын,
Оң жолына бастасын,
Қыдыр бабам қолдасын! Бұрама темір, сом алтын, Суға салса, батпасын. Тәңірің берген ырзығың, Тепкілесе, кетпесін!
Көген бұршақты болсын, Перзентің оншақты болсын!
145. [ЖАНДЫ ЖАҚТЫ ҚЫЛСЫН…]
—Жанды жақты қылсын, Малды бақты қылсын.
Екі жас өмірлі болсын, Ата-енесіне мейірлі болсын!
146. [СЕЗІМНІҢ ПӘКТІГІН БЕРСІН…]
—Сезімнің пәктігін берсін, Көңілдің ақтығын берсін.
Жылушы отбастарыңа
Сәбидің шатты үнін берсін! Пейілдерің тарылмасын, Есіктерің жабылмасын. Шаршап-шалдыққандар Төрлеріңде дамылдасын! Көлденең кеселден сақтасын, Күңкіл өсектен сақтасын.
Дау-жанжалдан сақтасын, Достан көңіл қалғаннан сақтасын!
Шайтанның азғыруынан, Елдің жазғыруынан сақтасын. Асып-тасқанынан сақтасын, Алшаң басқаннан сақтасын! Отауларың елге сән болсын, Өмірлерің бал болсын.
Бибі Фатима анамыздың Аруағы өздеріңе жар болсын!
Әумин!
147. [АҚТАН БЕРСІН, АДАЛДАН БЕРСІН…]
—Ақтан берсін, адалдан берсін, Бәлекетін жатқа берсін. Абырой, арын жатқа берсін, Ер маңдайын баққа берсін! Қара түндей қазаны Қас ойлаған жатқа берсін. Сөнбес күндей шат көңіл, Адал ниет екі жасқа берсін!
Жасқа берсе адал ниет, ақ көңіл,
Алтын орда, биік шаңырақ
Жұматай мен Майра сынды датқа берсін!
148. [БЕТАШАР ТОЙДЫҢ АТАСЫ…]
—Беташар—тойдың атасы, Сөзімнің бар ма қатасы. Бет ашам деген болады
Жастарға берер батасы.
Соған жылжып келейін.
Құдайым, әуел баста басты берсін, Қайырлы ұзақ ғұмыр жасты берсін! Құдайым енді берсе, миды берсін, Мүбарак берген батам қабыл болсын! Тұяқ риза, бұлбұл торғай сайрап тұрсын, Самауыр төрт-бес жерде қайнап тұрсын. Сүт ішіп төрт көнектен төрт бедеуің, Шарбақта асыр салып ойнап тұрсын! Үйіңе күнде қонақ қонып тұрсын, Сыйысып ақ ордалы тасып тұрсын. Терісі бес айғырдың саба болып, Қымызын қыз-келінің құйып тұрсын!
Баласы көргендінің мен де бір ер,
Еһ, Алла, бұл жастарың тілегін бер!
149. [Я, ЖАРАТҚАН ҚҰДАЙ…]
—Я, жаратқан Құдай, Сенің әмірің болғай! Сұңқар ұшты қиядан, Бала ұшты ұядан.
Жан Иеміз қолдай гөр, Шын бақытқа жолдай гөр!
150. [БАЛАМ, ЗЕРДЕЛІ, ДАНА БОЛ…]
—Балам, зерделі, дана бол, Адасқанға пана бол!
Ісіңе ақылың серік болсын, Жүзің ыңғай ашық болсын.
Лебізіңе жұрт ғашық болсын, Жүрегің Құдай сөзіне ашық болсын! Әкеңнің жіберген кемтігі толсын, Қасыңнан азғырушы қашық болсын!
Қиындық көрсең, мұңайма, Ауырлық көрсең, жұқарма. Себебі: жарларлық олар емес, Дүниеқоңыздық өмір емес!
Біріншіден,
Тәңірден панаң болсын, Қиында оның сөзі шипа болсын!
Екіншіден,
Алған жарың жақсы болсын, Ата-анаңды сыйлайтын болсын!
Үшіншіден,
Балақанмен бесік іші жыбыр болсын, Отбасы баламенен дүбір болсын! Лайым солай Құдай қолдай берсін, Ақ тілектеріңді қабылдай берсін! Аллаху әкбар!
151. [БАҚЫТТЫ БОЛЫҢДАР…]
—Бақытты болыңдар,
Бақтарың ашылсын,
Әр күндерің шаттыққа толсын! Босағаларыңа жамандық жетпесін, Төрлеріңнен жақсылық кетпесін. Ұлдарың он шақты болсын, Қыздарың моншақты болсын! Бастарыңа бақ қонсын, Жаратқан Ием жақ болсын. Ынтымақтарың серік болсын,
Шаңырақтарың берік болсын!
Несібесі еселі болсын, Дастарқаның жайыла берсін.
Қызықтарың тең болсын, Ауыл мерекелі болсын, Өмірлерің берекелі болсын! Жолдастарың ақ болсын, Жақсылыққа тап болсын! Сән-салтанатты болыңдар, Мал-дәулетті болыңдар!. Әумин!
152. [ҚАЙЫРЛЫ БОЛСЫН ҚАДАМЫҢ…]
—Қайырлы болсын қадамың, Келген жеріңе баянды бол, шырағым! Көп жасап күміс болма, Аз жасап алтын бол, шырағым! Қасың менен досыңды Қас қабақтай тани біл!
Жұптарың айырылмай,
Тату-тәтті өмір кешіңдер!
153. [ЖЕТЕГІҢ БҰЙДА БОЛСЫН…]
—Жетегің бұйда болсын, Арқаның шуда болсын. Беретін асың болсын, Көретін жасың болсын!
Бесігің алдыңнан түспесін,
Басыңнан жақсылық кетпесін, Жамандық саған жетпесін!
154. [ТІЛЕК ТІЛЕП ЖАЛҒЫЗ ХАҚҚА…]
—Иә, өмір қызығын бере берсін, Не бергеннің қайырын берсін. Еңбектерің жемісті болсын, Тұрмыстарың келісті болсын! Бақ қарасын, қыдыр дарысын, Деніңе саулық берсін!
Дастарханның байлығын берсін, Берген дәмің бал болсын, Өріс-қонысың бар болсын.
Осы үйге қастық қылған Дұшпаның дал болсын, Өміріңе Тәңір жар болсын! Ел басыңа туған ер бол, Ақылың дария көл бол.
Көпке бірдей күн бол, Халық аузында жыр бол, Халқыңа лайықты ұл бол!
Баланың бауы берік болсын, Өздеріңе ер жетіп серік болсын. Екі босаға аман болып, Келін тағы да жерік болсын!
155. [Е, ҚҰДАЙЫМ ОҢДАСЫН…]
—Е, Құдайым оңдасын,
Малымыз бен жанымызға, Еш жамандық болмасын.
Жортқанда жолымыз болсын, Қыдыр ата жолдасымыз болсын! Жалындаған оттан сақта, Сарқыраған судан сақта. Бәле-жаладан сақта, Алланың кәрінен сақта.
Түн жүріп, түс қашқаннан сақта,
Дос болып жүріп, Қас болғаннан сақта!
Құдай Тағала!
Жайған дастархандарың жайыла берсін, Бауырсақтарың шашыла берсін!
156. [«БАТА» ДЕДІҢ МАҒАН…]
—«Бата» дедің маған, Бақ дарысын саған. Дастарханыңнан кетпесін Адал тапқан тағам. Аллаһу акбар!
157. [АҚ ДАСТАРҚАН ЖАЙЫЛДЫ…]
—Ақ дастарқан жайылды, Табақ толы ас келді.
Бізге берген асыңыз, Көбейе берсін басыңыз. Бізге берген жілігің, Арта берсін білігің.
Бізге берген омыртқаң, Малың болсын шұбыртқан.
Бізге берген жамбасың, Аман болсын жан-басың. Бізге берген жаурының, Ауырмасын бауырың! Әумин!
158. [ШӘЙЛАРЫҢ ҚЫЗЫЛ БОЛСЫН…]
—Шәйларың қызыл болсын, Ғұмырларың ұзын болсын, Дұшпандарың қашып жүрсін! Досыңнан көңілің қалмасын, Дұшпаның жағаңнан алмасын,
Ғайып-Ерен Қырық Шілтен қолдасын!
159. [ЖАРЫЛҚА, АЛЛА, ҚАБЫЛ ЕТ…]
—Жарылқа, Алла, қабыл ет! Жарылқаудың қамын ет.
Атақ-абырой, бақ қонып, Алла Тағала не зат тілесең қабыл ет!
Періште әумин десін!
160. [ДАСТАРХАНЫҢА БЕРЕКЕ БЕРСІН…]
Дастарханыңа береке берсін, Бастарыңа мереке берсін.
Астарыңа адалдық берсін, Бастарыңа амандық берсін! Жандарыңа тыныштық берсін, Дендеріңе саулық берсін. Қызметтеріңе табыс берсін, Еңбектеріңе жеміс берсін!. Дастарханың мол болсын, Ағып жатқан көл болсын. Бала-шаға өніп-өсіп, өркендеп, Алды-алдына ел болсын!
161. [ДАСТАРХАН ТОЛЫ АС БОЛСЫН…]
—Дастархан толы ас болсын,
Ордаң толған бас болсын,
Бәріне де бір-бір ғасырлық жас болсын! Дастарханға келген ел
Ішпей-жемей мас болсын!
162. [ДАСТАРХАНДАРЫҢ ТОҚ БОЛСЫН…]
—Дастархандарың тоқ болсын, Уайым-қайғы жоқ болсын. Тепкілесе, кетпейтұғын,
Маңдайға біткен бақ болсын!
163. [ДАСТАРХАНҒА БЕРЕЙІН МЕН БІР БАТА…]
—Дастарханға берейін мен бір бата, Соңымнан еріп жүрсін Қыдыр ата! Бізге жайған дастарханың мыңға жайылсын, Қайнамаған самаурын жүз қайнасын. Төр алдында топырлап бала ойнасын, Су қайнамай, қазаныңда май қайнасын!
Қора толған төл қоса ойнасын,
Құда менен құдағи қатар келіп,
Домбыра алып, ән салып, күй ойнасын!
Айтамын мен бәрі де жақсы-жақсы болсын, Осыменен батамыз тамам болсын, Жылдан-жылға Отаным аман болсын!
164. [БЕРЕЙІН БАТА АСЫҢА…]
—Берейін бата асыңа, Амандық берсін отбасына! Мұратың асыл болсын, Жарылқап Тәңірі бақ берсін. Дастарханға ақ берсін, Бұл үйге мол дұға берсін! Ізгі хабарды ұқтыра берсін, Мерейің үстем болсын.
Нәсібің артық болсын, Үй ішің, ұрпағың аман болсын, Ақ тілегің қабыл болсын! Бір Құдайым оңдасын, Ізгі бастауыңды қолдасын. Ақ батамды айтқаным, Қабыл болсын! Аллаху әкбар!
Айдай жарқыра, Жұлдыздай жарқыра!
Маңдайың ашық болсын, Дұшпаның қашық болсын!
Аллаху әкбар!
165. [ҚҰДАЙЫМ ОСЫНАУ ҮЙГЕ ДҰҒА БЕРСІН…]
Құдайым осынау үйге дұға берсін, Тіл-аузын дұшпанының буа берсін. Келіннің балағынан бала саулап, Салпы ерін, сары ұлдар туа берсін!
Аллаху әкбар! Үбірлі-шүбірлі бол, Аллаху әкбар! Қосағың мен қоса ағар, Аллаху акбар!
166. [ДАСТАРҚАНЫҢА БЕРЕКЕ БЕРСІН…]
—Дастарқаныңа береке берсін, Бақ-дәулетің өсе берсін!
Әз-Жәнібектей көсем бол, Жиреншедей шешен бол, Әрдайым аман-есен бол!
Отанға тыныштық берсін, Халқымызға бірлік берсін. Тірілерге ризық берсін, Өлілерге иман берсін! Осылай деп тілейік тілекті, Бір Алла өзі қабыл етсін! Аллаһу акбар!
167. [ДАСТАРҚАННЫҢ ПАРЫЗЫ…]
—Дастарқанның парызы Батасымен жарасар. Жиналған жұрт масайрап, Бір-біріңе қарасар.
Бастайды енді қария Дастарқанның батасын.
Мұндай құрмет келгенде,
Ойланып қалай жатарсың.
Сыйға арналған дастарқан Ризығымен толыссын.
Қабыл алып тілекті, Пайғамбарым болыссын! Бақыт қонсын басыңа, Қыдыр келсін қасыңа. Шатты өмірге кенелсін Үлкені де, жасы да! Өміріңіз сәнденіп, Болыңыз сау-саламат.
Тап осылай жарасып, Бұл өмірде ғаламат Үлкен кіші ағайын!
Батаны мен де болайын, «Әумин» деңіз ниетке, Бір жасап мен де қалайын!
«Әумин!»
168. [ДАСТАРҚАННЫҢ БАЙЛЫҒЫН БЕРСІН…]
—Дастарқанның байлығын берсін, Деннің саулығын берсін. Шарбағың кең болсын, Төрт құбылаң тең болсын. Іші толған бау-бақша болсын, Үйің толған бала болсын. Аллағу акпар!
169. [ІШКЕНІҢ ШАЙ БОЛСЫН…]
Ішкенің шай болсын, Жегенің сары май болсын. Шәй бергенде қонаққа, Көңіл-күйің жәй болсын! Қандай тағам қойсаң да, Ниетіңе сай болсын.
Қысқа арнаған соғымың
Арда емген тай болсын.
Қазы-қарта жиырылып, Балқыған жая, жал болсын!
Саулықтарың құрыштай, Өміріңізге сән болсын! Шайға жайған дастарқан Ұлы тойға ұлассын.
Әр қонақтың жаршысы Шай ішуден басталып, Өмірге солай жарассын! Әумин!
170. [Я, TӘҢІРІМ, САҚТА…]
Я, Tәңірім, сақта, Бақыт бер басқа, Таупық бер жасқа. Бармын деп таспа, Жоқпын деп саспа! Береке бер Ішіп-жейтін асқа!
171. [ӘУЕЛІ, ҚҰДАЙ, ЕСЕН ЕТ…]
—Әуелі, Құдай, есен ет, Жиреншедей шешен ет, Атымтайдай көсем ет!
Ақылдың құлпын берсін, Ибраһимнің бақытын берсін, Сүлейменнің тақытын берсін! Қыдыр құсы қонсын қасыңа,
Бұлбұл құсы қонсын басыңа. Жортқанда жолың болсын, Жолдасың Қыдыр болсын! Жоғары болсын жұлдызың,
Бақытты болсын ұл-қызың.
Ал иесі байысын,
Ойлағаның жақсылыққа сайысын!
Дәмді сөзден бата қылмақ бізден, Аллаху акбар!
172. [БАЛА ТУДЫ БІР АДАМ…]
—Бала туды бір адам,
Кең дүниеге келген соң
Бүгін мұнда мың келсін, Бала туған күн болсын! Бала жайлы жыр болсын, Халайық, тілек тілейік.
Осы бала кім болсын?
Таудай болсын бақытты! Тау болғанда шың болсын, Бейне бір шоқ гүл болсын.
Мықтылығы піл болсын,
Пілдей мықты болса егер, Бұдан мықты кім болсын?
Бұл үйде емес жалғыз-ақ, Барлық елге ұл болсын, Халық аузында жыр болсын!
173. [АСА БІР СОҚҚАН ЖЕЛДЕЙ БОЛ…]
—Аса бір соққан желдей бол, Алыстағы сары белдей бол. Арқаның ақ төсіндегі Ақ айналы көлдей бол!
Толықсып жатқан елдей бол,
Қарқаралы, Көкенедей көрікті бол, Бурабай көліндей мөлдір бол. Көңілді өміріңе көлеңке түспесін, Таудай биік парасатты бол! Даладай дархан бол,
Теңіздей терең, ақылды бол, Құшағың кең, мейірімді анадай бол!
Иә, мен ақ шашты атамын,
Күн сайын саған, ұрпақтар,
Ақ тілеу тілеп жатамын.
Алдыменен, аман болсын Отаным,
Өмірің күрсінбесін,
Ұяңның жұмы сілкінбесін,
Ата-анаңның қызығы таусылмасын, Дос түгіл, ұрпақтарды жау сыйласын!
174. ШІЛДЕХАНА БАТАСЫ
Құтты болып биігің,
Артық болып несібең,
Дастарханың жайылып, Ашық болып есігің, Өре берсін балалар! Дұшпандарың болмасын, Күншілдікпен табалар. Алпамыстай тағы да, Ұл артынан, ұл тапқын.
Жарқыраған шолпандай, Қыз артынан, қыз тапқын! Құтты болсын бүгінгі, Шілдехана тойларың.
Тілектерің қабыл боп, Орындалсын ойларың!
Әумин!
175. [НӘРЕСТЕНІҢ БАУЫ БЕРІК БОЛСЫН…]
—Нәрестенің бауы берік болсын, Ата-анасына серік болсын. Азамат боп ержетіп, Ақсақал боп төрлетсін! Азамат болсын көрікті, Ғұмыры ұзын берік-ті.
Қолқанаты көп болып,
Арт-артынан бере берсін серікті! Азамат болсын ардақты,
Мінезі болсын салмақты.
Өнері болсын жан-жақты, Осы айтқанның бәрі келіп, Алла берсін зор бақты!
176. [БАЛАНЫҢ БАУЫ БЕРІК БОЛСЫН…]
—Баланың бауы берік болсын, Өздеріңе ержетіп серік болсын. Екі босаға аман болып, Келін тағы да жерік болсын!
177. ТҰСАУ КЕСЕР БАТАСЫ
—Тұсауың кесілді, құлама, Тізеңді жаралап жылама! Құлындай құлдырап жүгірші, Кәніки, өзіңді сына да.
Секірсең құздардан, сүрінбе, Шыңдарға шыққанда бүгілме! Болаттай қабырғаң қатайып, От ұшқын ойнасын түгіңде! Ұзақ боп, иншалла, өмірің, Тасысын шаттықтан көңілің. Жарқырап күн санап өсе бер, Жарқылдап семсердей сенімің. Кесілді, балам, тұсауың, Жалтақтамай аяқ бас! Биік болып ұшарың, Асқарлармен қанаттас. Қасың қылар айла, мұң, Қапылыста сүрінбе! Әумин!
178. СҮНДЕТ ТОЙҒА БАТА
—Би-исми-л-лаһи-р-раһман-р-раһим, Мұсылман болдың, қарағым,
21-0139
Кәне, бері қарағын! Шырағым, жағар ұлысың Ата менен ананың.
Таудай болсын талабың, Алтын менен күмістен Жасалсын барлық жарағың!
Көрімдігің мінекей, Бар ма тағы қаларың? Қой сұрасаң, қой берем, Тай сұрасаң, тай берем.
Зат сұрасаң, зат берем,
Ат сұрасаң, ат берем,
Батырлығың байқалса, Сауыт берем ақберен. Мұратыңа жете бер, Күннен күнге өсе бер.
Ұзақ болып өмірің, Өміріңнің түйінің, Өз қолың мен шеше бер! Әумин!
179. [ЖАС ҰРПАҚ ӨМІРЛІ БОЛСЫН…]
—Жас ұрпақ өмірлі болсын, Тұрмысы көңілді болсын.
Ата-анаға мейірлі болсын, Ағайын-туысқа пейілді, қадірлі, Өнегеге зейінді болсын!
Он саусағы майысқан шебер болсын, Жанқожа батырдың аруағы қолдап, Ел қорғайтын батыр болсын!
Үш жүздің биіндей
Шындықты айтар ақын болсын, Халқым деген жүрегі болсын, Жұртының қамқор тірегі болсын!
Абыройы өрлесін,
Ел алдында ерлесін, Жаманшылық көрмесін!
Аллағу акпар!
180. [САПАРЫҢДЫ ОҢДАСЫН…]
—Сапарыңды оңдасын, Бабаңның рухы қолдасын. Тәртіпке түсіп шынығып, Сайланып қару бойға асын! Сен еліңнің пырағы, Отанды қорға қырағы. Ел шетіне жау тисе, Ажал болсын тұрағы!
Мәнісін ұқ батамның, Борышын өте Отанның.
Амандық пен саулықты,
Мен де тілеп жатырмын. Аман барып, сау қайтып, Берсін жолдың төтесін! Екі жылдық міндетті Абыроймен өтесін.
Бере берсін тілеуді, Бейбітшілік жасасын!
Шыныға бер болаттай, Елге жауды жолатпай.
Қатаң сақта тәртіпті, Тура жүрген сағаттай!
181. [ЖОРТҚАНДА ЖОЛЫҢ БОЛСЫН…]
—Жортқанда жолың болсын, Жолдасың Қызыр болсын. Құрығың ұзын болсын, Түтін түзу болсын!..
182. [ҚАЙЫРЛЫ БОЛСЫН ҚАДАМЫҢ…]
—Қайырлы болсын қадамың, Сапарыңды оңдасын, Қыдырдан болсын жолдасың. Ата-баба аруағы
Сапарыңды оңдасын! Жаратқан жаппар бір Құдай, Бір өзіңе тапсырдым!
183. САҚТЫҚ БАТАСЫ
—Уа, Құдай, тілегімізді қабыл ет, Иманымызды кәміл ет!
Тозақта жанған оттан сақта, Қаңғырып тиген оқтан сақта. Парақор соттан сақта, Ынтымақсыз туыстан сақта!
Қара жүрек бақылдан сақта, Көкдауыл қатыннан сақта,
Кеудесін керген келіннен сақта.
Ұятсыз қызыңнан сақта! Бұзық болған ұлыңнан сақта, Түнеріп атқан таңнан сақта.
Мезгілсіз келген өлімнен сақта,
Жастарыңда әдеп жоқ, Үлкендеріңде бәтуа жоқ, Айғай-шу заманнан сақта!
Алдыңнан бақытың ашылсын, Қызыр Ілияс барлық пәлені қашырсын. Аллаху акбар!
184. [ МЫНА БЕРГЕН БАСЫҢ…]
—Мына берген басың, Аман болсын кәрі-жасың. Мына берген жамбасың, Аман болсын жолдасың! Мына берген жілігің, Аман болсын ілігің. Мына берген төсің, Бақ дәулетің өссін!
Мына берген омыртқа,
Жамандыққа жолықпа.
Мына берген қабырға, Ынтымақ-бірлігіңнен айрылма! Жолға шықсаң, жолың болсын, Жолдасың Қыдыр болсын!
Аруаққа иман берсін, Пайғамбарға салауат берсін!
Жарылқасын Құдайым, Болмасын ешбір уайым. Шаңырағың биік болсын, Босағаң берік болсын.
Алла ісіңді оңдасын,
Ауру-сырқаудан қорғасын, Адал іске жолдасын! Көрген күндер ашық боп, Аспаннан бұлт төнбесін. Дос болған адам қас болса, Бұл дүниеде оңбасын!
Арыстанның айбатын, Жолбарыстың қайратын берсін.
Абырой бер амандық, Бере көрме жамандық! Жарылқа, Құдай, қабыл ет, Нұрмұхаммед жәрдем ет.
Ғайып Ерен Қырық Шілтен қолдау ет! Жарылқасын Алла,
Көңілге қайғы салма. Ынтымақ-бірлік, жомарттық Берекесін алма! Жарылқасын Құдайым, Тарттырмасын уайым. Тілегімді қабыл ет,
Балаларды ғұмырлы ет, Дертіне дауа ет!
Қатын-бала, мал-мүлкіңнің Қызығы мен ғұмырын берсін. Жортқанда жолың болып, Қожай-Пәуеддин қолдап өтсін!
Аллаһу акбар!
185. [МЕКЕНІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН…]
—Мекеніңіз құтты болсын, Саулығыңыз мықты болсын. Жұмысыңызда жеміс болсын, Баршаңызға тегіс болсын! Өмірлерің ұзақ болсын, Гүлденген нұрға толсын. Мақсатыңыз орындалсын, Ойыңыздай бола қалсын!
Шаңырағыңыз сәнді болсын, Дастарқаныңыз майлы болсын. Дос-жараныңыз көп болсын, Мұқтажыңыз жоқ болсын! Құдірет жарылғасын, Тілекті қабыл алсын.
Ойын-күлкі қызықтан Бұл өмірде айырмасын!
Қолдасын ата-баба аруағы,
Таңдансын сізге қарап жұрттың бәрі. Айтылған батамызды қабыл ал деп, Қол жайып «әумин» деңіз жас пен кәрі!
186. [АМАН БОЛСЫН БАСТАРЫҢЫЗ…]
—Аман болсын бастарыңыз, Көбейе берсін достарыңыз, Көркейе берсін қостарыңыз. Күліп-ойнап шаттықпен,
Жүзге толсын жастарыңыз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *