Көктіңұлы және Көтенше туралы аңыз
(ІІІ нұсқа)
Жезбике шешеміз аса сымбатты, үй тірлігіне ұқыпты кісі болған. Мелде биге тиген соң ұзамай жүкті бопты. Ай-күні толып, босанар шағында, Құндызай бәйбіше күндестік кесірімен Мелде биге айтқанын істеп, Жезбикені жұртқа тастап кеткен. «Біз барған соң саған көлік береміз»,—деп алдап көшіп кеткен екен. Көшкен жұртта қалған Жезбике Әзіреті Қызыр Ілиястың көмегімен аман босаныпты. Және де сол Қызыр көшіп кеткен көштен бұрын баратын жеріне жеткізіп салады. Жаңа туған баланы орайтын жөргек таппай, көк шөпке орап алған екен. Сол себептен Жезбикеден өрбіген ұрпақ «Көктің ұлы» атанған деседі. Жезбике шешеміз әулие кісі. «ұрпақтарым көктей болып көбейсін!»—деген ырым жасапты.
Жезбикенің тегін кісі еместігін түсінген Құндызай бәйбіше одан бата алып, бала көтерген. Сол Құндызай бәйбішеден туған баланы ауыз дуалы Мелде би: «Бұл көтіне сенген бәйбішенің баласы, аты «Көтенше» дегендіктен, азан шақырып қойылған есімі айтылмай, одан тараған ұрпақ «Көтеншілер» атанып кеткен екен.