Есентемір туралы
(ІV нұсқа)
Алтай, Елтай жауда атысып, Алтай қаза табады. Елтай жеңгесімен қашып Қыдырқожаның қол астына келіп паналайды. Сол әйелдің ішінде келген баланың атын дүниеге шыққан соң «Беріш» қояды. Сол әйелді кейін Қыдырқожа алып, одан Таз туады. Қыдырқожа бай ауылында жоқ мезгілінде оның ауылын жау келіп, қамайды. Қашып келіп паналаған Елтай жаудың алдынан шығып қайрат көрсетіп, қашқан жауды тоқтатып, кері қайырады. Қыдырқожа келген соң оның бәйбішесі бұл жайларды қожаға айтып: «Елтай ер жігіт екен, ауылды жаудан аман алып қалды»,—дейді.
Бай Елтайдың қайратына разы болып, ер жетіп отырған қызын беріпті. одан Алтай туыпты, Адайды «жиен» дейтін себебі—осы.
Есентемір емес, оның шын аты Темір екен. Шеттен келіп Қыдырқожаға паналаған жігіт екен. Бір жылы қыста байдың жылқысымен отарға кетеді. Жазғытұры жылқыны түгел аман-есен айдап алып келеді. Бай оның қайратына разы болып «есен» деген сөзді қосып, оған әйел алып береді. осыдан кейін ол «Есентемір» атанып, баласы болып кетеді. 