Бес Есенғұл
Байболдың ішінде өскен ауылы—Есенғұл батыр ұрпақтары, бұлар «Бес Есенғұл» атанады. Есенғұл батырдың өзі кешегі қазақ-қалмақ жауласқанда, жаугершілік салдарынан жастық шағы алашабуыл аттың жалында өтіп, қырық жасқа келгенше үйленбепті дейді. Қырық жасында үйленіп, әуелгі туған бірекі баласы өле беріпті. Содан ауылдың үлкен шалдары жиналып келіп, Есенғұлға: «Әй, Есенғұл, шырағым, сен қатын алмай біраз жүріп едің, енді туған балаларың өле беретін болды ғой! Келін тағы екіқабат сияқты, егер аман босанып, ұл бала туа қойса, сәбиді есектің жабуына орап алып, есектің сүтімен ауыздандыр да, атын «Есек» деп қойшы, мүмкін сонда балаларың тұрар, иншалла!»—депті.
Әйелі туып, ұл балалы болады. Нәрестені есектің жабуына орап алып, әуелі есектің сүтімен ауыздандырып, атын Есек деп қойыпты. Есек те, одан кейінгі туған балалары да тұрып, арттарына ұрпақ таратыпты, Есенғұлдың Есектен кейін туған Еміл, өрезек, Нұрбай, Қоңыр деген інілері өсіп-өніп, ел олардың ұрпақтарын «Бес Есенғұл» деп атап кетіпті. Қосайды Қосай қылған белгілі іргелі ауыл болыпты.