
(І нұсқа)
Құрбан әулие кісі болған. ұрлық пен зорлықты жаны сүймеген. Адал, таза жан екен. Ағаларының ұрлықтарын беттеріне басып, қойыңдар деп талай айтады. Бірақ олар көне қоймаған. Құрбан енді олардың ұрлығын қойдырамын деп, қоңсы-қолаңдарға да айтатын болған. Ағайындылар қанша қорқытқанымен, Құрбан оларды әшкерелеуден қайтпаған.
Бірде төртеуі сырттан біраз мал айдап келеді де, тоғайға әкеп жасырып қояды. Артынан қуғыншылар іздеп келеді. Ағайынды төртеуі Құрбан айтып қояды деп, Құрбанды киізге орап, жүк тің арасына жиып қойған екен. Құрбан сонда да қуғыншыларға ағаларының жасаған ұрлығын айтып қойыпты.
Содан төртеуі Құрбанды сол киізге ораулы күйінде тұншықтырып өлтірмек болады. Сонда Құрбан айтады: «Сендер менің қанымды мойындарыңа жүктеп, босқа күнәһар бол маңдар, дұрысы, мен өз жөніммен кетейін»,—дейді.
Құрбан еншісіне тиген қазан-аяғын, қақпан мен балық ұстайтын торын, балтасын алып осы Балтакөлге барыпты дейді. Сонда балық аулап, құс ұстап күнін көріп жүреді. Бірде көл жағасында үсті-басы шоқпыт-шоқпыт мүсәпір әйелді көреді. Әуелі қорқып жүреді, кейін қаңғып жүрген бейшара екенін түсініп, тілдеседі, мәмілеге келеді. Бұл да болса Құдайдың жібергені шығар деп, үйленеді.
Ескі көз қариялар Құрбанның кемпірін жалғыздық пен қорқыныштың салдарынан атының да, руының да кім екенін білмейтін мүсәпір жан болған, уәжден ұтылып бара жатқандар Құрбанның балаларына алдымен: «Нағашыларыңның кім екенін біліп алыңдар!»—деп тиісетін дейді.
Құрбанның бұл әйелінен Киікші, Тіней, Сасық, Жары, Жартыбас туады. Киікші туғанда қақпанға киік түскен екен, «бұл балам киікші, аңшы болады екен» деп, атын Киікші қойыпты. Ал Жары, Жартыбас қоюының мәнісі: «мендей сорлыға жарым-жартылай бақыт та жетеді» деп, шүкіршілік қылуынан деп түсіндіреді. Сасық—бұл да сол ырыммен қойылған ат.
Құрбан тоқсанға келгенде Киікші әкесіне жас келіншек әпереді. ол жүкті болғанда: «Тоқсанға келген шалда не қауқар бар, бала көлденең өткен көк аттыдан шығар?!»—деген сыпсың әңгіме шығады. Мұны шал да естіп жүреді. Әйел босанарда айтады: «Баланың құйрығын көріңдер, менікі болса көтенінің жиегі болмайды»,—дейді. Шалдың айтқанындай, бала көтені жиексіз туылады. Содан «Көтен» атанып кетеді.