Суан туралы
Суан Жетісу өлкесіне алғашқы әйелімен көшіп барып, тұрақтап қалады. өзі атқа мінгенде, тізелері ат құлағына жетердей сом денелі, көрікті екен. Жай мінері—«Торытөбел» деген мықты аты, жарыстарға қосары, шаң жұқтырмас «Ақшабдар» жүйрігі, палуандығы, тапқыр сөзді, турашылдығымен маңына жұрт жиналған, сері мінезді. оған сол жердегі беделді төренің қызы ғашық болып, екеуі сөз табысыпты. ол кезде төре қызы қараға ерге шыға алмайды екен.
Мұның амалын қыз тауыпты. оның кеңесіне сай, Суан ешкі жоғалды деп жариялап, «күмәнім осы—төре үйі» депті. Бұған шамданған төре: «Түгел тінт, таба алмасаң, айыбың мен жазаңның жеңіл болмасын біл!»—депті.
Көп тінткілемей-ақ, ешкі төре қызының бөлмесінен табылып, енді төре масқара болуға айналыпты. Төре ғұрпы бойынша, үйінен ұрлықты мал табылса, мал егесіне бір адамын беруі керек екен. Төре қызы әкесіне: «Ел алдында абыройыңыз түспесін, сол Суанға мені-ақ бере салыңыз»,—депті.
Сөйтіп, екі ғашық осылай қосылыпты. Бұған шыдамаған Суанның алғашқы әйелі Қазығұртқа қайтып келіп, босанып, ерінің мұнда келмесіне көзі жеткендіктен, әкесіз қара басы қалды деп, «ұлының атын Қарабас қойыпты» дейді.