Жауғаш

Жауғаш
Батыршаның сексеннен асқан кезі екен дейді, үлкен келіні атасының дәретінің көбіктенгеніне қарап: «Атамның белінде әлі бір-екі бала бар екен, күш-қуаты да мығым, әйел әперсек қайтеді?»—деп күйеуі мен қайындарына ақыл салады. Бәрі мақұл көріпті. Әкелеріне келіп айтқанда: «ондай ойларың болса, кәнеки, онда да Мақпал сұлудай болса, шіркін!» деп, тамсанып бір жас иісті аңсаған екен дейді айтушылар.
Батыршаның байлығы жетеді, 87 бас қаракүреңнің үйірін бұзбай түгел беріп, балалары өзі айтқан Мақпал қызды әкелеріне айттырып, ауылға алып қайтады. Бұл уақытта әкелері бармай үйде жатса керек. Айтқанындай-ақ, Мақпал сұлу жыл уағына жетпей балалы болады.
Келіндерінің бірі: «Ата, шүйінші, нақсүйеріңіз ұл туды»,— десе: «ой, қарағым-ай, шүйіншің қашпайды, менен туған бала жарғақ бас, шашы жоқ болып туушы еді, алдымен соны көріп келші?!»—деп, күдіктенген екен дейді.
өз баласы екеніне көзі жеткен қария жарғақ бас, өзі аппақ аршыған жауқазындай жас нәрестеге «Жауғаш» деп ат қояды. Мақпал сұлу Жауғашты туғаннан кейін бір жылдан соң дүние салыпты.
Тағы бір ел әңгімесінде Батырша ауылына бір әйел келіп тұрақтайды… Әйел бекер емес, текті жердің қызы болса керек. Батыршамен некелесіп бір ұл табады. осының аз-ақ алдында бір немересі өліп, енді сол бала төленді деп қуанады да, оның есімін Төле қойыпты. Мұны кіші ұлы Жауғашқа еншілес еткен. «Ағайынды Жауғаш-Төле» дейтіні содан. одан кейінгі туған екінші баланың есімі—Естемес. Бұдан соң Батырша бай қартайып қайтыс болады. Кейінгі жас жесірі және бір ұл туған. Шешесі мұны Естемеске ұйқастырып атын Естен қойыпты. Бұлар аз ата болғандықтан, екеуін қосып «Естемес-Естен» деп бірақ атайды. Мұның сыртында Батыршаның Кәдір және Малай атты екі баласы тағы бар, сонда барлығы—11 ұл.
Естенді туғаннан кейін әйелге қастандық жасалған. Себебі Сұлу бәйбішеден туған бес ұл «әкеміздің атына дақ келтірді, ғайыптан бала туды» деп намыстанады да, соңғы өгей шеше лерін өлтірмекші болған жәйі бар. ол кезде намыс, ұят күшті. Түн қатып бесеуі бірдей саусылдап үйге кіріп келгенде шошын ған әйел: «Келіңдер, қарақтарым! япыр-ай, түстерің суық қой… әкелеріңнің маған етегі тиген шешелерің едім ғой, бұларың не?»—дегенде басқалары шығып кетеді де, қатал мінезді Қазыбай ғана үйде қалыпты. Ажалы да содан болса керек. Сондағы назасы шығар: «Жер баспа, екі үйден аспа!»—деген ана қарғысынан Қазыбай тұқымы өспеген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *