МӘТІН

МӘТІН — бұл жалпы (бір) тақырып төңірігіндегі біріккен, сабақтастық пен тұтастық тән, ақпаратты жеткізетін мазмұнды (мәнді) сөйлемдердің тізбегі. М. сөзінің этимологиясы семантикалық құрылымдардан тұрады; адамның жасаған нәрсесі, осы істелген нәрсе элементтерінің ішкі байланыстылығы, істелген нөрсенің шеберлілігі және осы аталған үш семантикалық құрылымдарға сай оны үш пән — мәтінтану, герменевтика және поэтика зерттейді. Мәтінтану қарастырылып отырған мәтіннің қай дәуірге немесе авторға тиесілі екендігін анықтайды. Герменевтика мәтінді түсіндірумен айналысады. Киелі мәтіндер герменевтикасы экзегетика деп аталады. Мәтінді қарастыру шеберлігін поэтика зерттейді. Ол М-нің қалай құрылғанын, оның құрылымы мен композициясын зерттейді (формальды мектеп, құрылымдық поэтика, генеративті поэтика). М-ді қазіргі семиотика (мәдениет мәтін ретінде) мен мәтін философиясындағыдай тым кең мағынада түсінуге болады. В. Рудневтің жасаған мәтін тұжырымы жеті баптан тұрады.

1) мәтіннің барлық элементтері өзара байланысты (өзара байланысқан) (құрылымдық поэтика тезисі).

2) мәтін элементтерінің арасындағы байланыс қайталанып, өзгеріп отыратын бірліктер мотивтер ретінде айқындалады. (Мотивті талдау тезисі);

3) мәтінде кездейсоқ ештеңе жоқ (психоталдау);

4) мәтіннің әрбір жекеленген және үстірт көрінісінің (мәнінің) астында мифологиялық сипаттағы терең, әмбебап заңдылықтар жатыр (К.Т. Юнгтің аналитикалық психологиясы);

5) мәтін шындықты суреттемейді, ол онымен өзара күрделі қарым-қатынасқа түседі (аналитикалық философия және тілдік актілер теориясы);

6) бір мәтіндегі ақиқат нәрсе, басқасында жалған болып шығуы мүмкін ( мүмкін дүние (нәрсе) семантикасы);

7) мәтін — қатып-семіп қалған мән емес, ол автор мен оқырман және мәдени контекст арасындағы сұхбат (Бахтин поэтикасы).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *