Б. э. Дейінгі ІІ мың жылдықтың бас кезінде Таяу Шығыста алдыңғы Азияның және Солтүстік-Шығыс Африканың бірқатар елдеріне ықпал жасап тұрған жаңа держава Ассирияның ролі мейлінше артады. Ассирияның өрлеуіне одан да ертеректегі ежелгі мемлекеттер: Шумердің, Аккадтың, Вавилонияның, Египеттің және Хетт патшалықтарының бір-бірімен бітіп болмайтын соғыстар жүргізуі және бұл мемлекеттерде мүлік теңсіздігі күшейіп, негізгі тұрған халықтың жоқшылыққа ұшырауы себепті ішкі бүліншіліктердің көбеюі салдарынан әлсіреулері мен құлдыраулары мүмкіндік берді. Кейінірек алға кеткен, неғұрлым жас әрі мықты құл иеленуші мемлекет- Ассирия қолайлы жағдайды пайдаланып Таяу Шығыс әлемінің елеулі бөлігін, аз уақытқа болса да, біріктіре алды.
1.Табиғи жағдайлары. Ассирия державасының ұйтқысы – Тигрдің орта ағысы мен оның салалары. Үлкен және Кіші Забтың бойындағы шағын территория болды (осы заманғы Ирактың солтүстік шығыс бөлігі). Солтүстігінде ол Армян қыратына дейін жетіп, шығысы мен солтүстік шығысында Загрос жотасына тірелді, оңтүстігінде Вавилониямен шектесті, ал батысында далалар мен шөл далалар басталатын, оларды басып оңтүстікке қарай меридиан сызығы бағытымен Тартардың тұзды ағысы өтетін де, ол Евфратқа жетпей, батпаққа сіңіп жоғалып кететін.
Ассирияның шаруашылығы дамуы үшін оның тасқа, кенге және ағашқа бай таулы аймақтармен шектесіп жатуының және Иран мен Қосөзеннен Арменияға, Кіші Азияға және Жерорта теңізі елдеріне апаратын төте жолдың үстінде жатып, географиялық орнының қолайлы болуының маңызы зор болды.
Б.э.дейінгі ІІІ мың жылдықта жағдай қатты өзгерді, бұл кезде Месопотамияның оңтүстігінде аса ірі суландыру жүйелері салынып, көптеген батпақтар құрғатылып, мұның өзі егіншілік үшін құнарлы жерлерді пайдалануға мүмкіндік берді. Жері онша құнарлы емес әрі құрғақшылықпен зардап шегіп келген солтүстік аймақтар бірте-бірте оңтүстік аймақтардан кейін қала бастады. Бұл Шумер мен Аккадтың, ал кейінірек Вавилонияның да саяси жағынан басым болуына алып келді.
- Халқы. Солтүстік Месопотамияның ежелгі негізгі халқы, барлық мәліметтерге қарағанда, хуриттар болған. Бұлар сондай-ақ Армян таулы өлкесінде, Закавказьеде және Кіші Азия мен Сирияның кей жерлерінде өмір сүрген.
- Ең ежелгі Ассирия. Б. э. Дейінгі ІІІ мың жылдықтың ақыры мен ІІ мың жылдықтың бас кезінде Ашшур қала-мемлекетінің өзіндік саяси ұйымы болды. Мұрагерлікпен басқарушы ишшакумдардың (бұлар шумерлердің патесилеріне ұқсас еді) билігі мейлінше аз болды. Олар жалаң дерлік дін істері мен соларға байланысты жүзеге асырылатын құрылыстарға ғана басшылық жасады.
Бұл шағын, көбінесе саудамен айналысқан мемлекет көп қарсылықсыз-ақ оңтүстік Месопотамияның ірі орталықтарына бағынып отырған. Б. э. Дейінгі ІІІ мың жылдықта біресе аккад патшалықтарының, біресе шумердің ІІІ Ура династиясының әміршілерінің қол астында болып келген Ашшурға өз қамқоршыларының елеулі ықпалы болды. Аса маңызды сауда жолдарына жаөын жатқандығын пайдаланған Ашшурдың көпестері мен өсімқорлары (Шуммер мен Аккадтың тамқарлары сияқты мемлекеттік аппаратпен байланысты болды) Кіші Азияға өтіп, осында өздерінің сауда колонияларының негізін салды. Қосөзен қолөнер бұйымдары (әсіресе жүн маталары) Күміс тауларының (Тавраның) шикізаттарына, әсіресе металдарына (күміс, мыс, қорғасынға) тиімділікпен айырбасталатын. Осы кезеңнің өзінде-ақ Ассирия қоғамында мүлік теңсіздігі мен борышкерлік құлдық күшейді, алғашқы уақытта тек шет жерліктер ғана құлға айналдырылды.
Неғұрлым берік әскери ұйым құруға және жаулап алушылық саясат жүргізуге б.э.дейінгі XX-XVIII ғасырларда алғашқы талпыныстар жасалады. Бұл кездерде Қосөзеннің бірнеше мемлекеттерге бөлшектенуі Ашшурдың және ассириялық әскерлердің Тигрдың бойымен төмен түсіп, Парсы шығанағына және тіпті батыстағы Жерорта теңізіне қарай да өздерінің тұңғыш жорықтарын жасауға белгілі дәрежеде мүмкіндік берді. Алайда бұл әскери табыстар уақытша әрі кездейсоқ сипатта болды. Алайда Хаммурапи тұсындағы Вавилонияның өрлеуі оларда біржола тоқтатты да, Ашшур және онымен байланыста болған көршілес орталық, кейінірек Ассирияның астанасына айналған Ниневия, б.э.дейінгі XVIII ғасырдың орта шенінде Вавилон патшасының қоластына қарайды. Алайда көп кешікпей Вавилония да құлдырап кетеді де, Ассирия саяси жаңа бірлестік – Митаннидің қол астына өтеді.
Митания б.э.дейінгі XVIғасырдың аяғында өзінің дәуірлеу шегіне жетті. Шаушшатар патша шығысындағы Кіші Забтан бастап батысындағы Оронтқа дейінгі территорияны өз қол астына біріктірді. Ол Ашшурды талқандап, одан олжа ретінде алтын мен күмістен жасалған сарай есігін алып кетті (бірақ жүз жылдан кейін ол есік кері қайтарылыпты). Ашшурға Митанни әміршілері тағайындалды. Осындай жағдайларда сауда-саттық жөнінде Ашшурдың алдыңғы Азиядағы жетекшілік ролі аз уақытта-ақ жойыла бастады. Ассирияның сауда колониялары (мысалы, Кіші Азиядағы Канес сияқты) із-түзсіз жоғалып кетті. Б.э.дейінгі ІІ мың жылдықтың алғашқы жартысында пайда болған ірі-ірі Хетт және Митанни державалары шеңберінде ассирия көпестері үшін, бұрынңы бытыраңқы және әрдайым бір-бірімен қырқысып жататын тайпалар кезіндегідей, кеңшілік пен еркіндік жоқ еді. Оның үстіне халықаралық саудаға эгей әлемі мен Египеттің тартылуы сауда жолдарының батыс пен оітүстік-батысқа қарай ойыса түсуіне алып келді.
- Орта ассириялық кезең. Осы айтылғандарға байланысты орта ассириялық кезеңде (б.э.дейінгі XV-XI ғасырлар) қоғам мен оның құрылымында елеулі іргелілеу болады. Терең экономикалық және саяси құлдырау кезеңінен кейін, дәл осы уақытта, бірінші орында көпестер емес, әскери шонжарлар тұрған Ассирия державасы қалыптасады және бұрынғы ақсақалдар кеңесіне тәуелді болған әлсіз басқарушылар (ишшакумдар) енді әскерлердің басында тұрған, әскери экспедицияларды басқаратын, ал мемлекеттің өз ішінде селолық қауымдарды бақылап отыратын, бар билікті өз қолдарына ұстаған деспоттарға айналды. Әрине бұл өту бірден болған жоқ. Ашшурубалит (реформашы фараон Эхнатон мен хеттардың жаулаущы патшасы Суппилилиумның замандасы) басқарған кезең ұлы бетбұрыс кезеңі болды. Митаннидің ІІІ Тутмостың соққылары (б.э.дейінгі XVғасырдың басы) мен хеттардың шабуылдарынан (б.э.дейінгі XV ғасырдың аяңы) әлсірегенімен пайдаланып, Ашшурубалит б.э.дейінгі 1400 жылдың шамасында тәуелсіз сыртқы саясат жүргізе бастайды және инициативаны өз қолына алады. Оның табысқа жетуіне Митаннидің өз ішінде ассириялықтарды іш тартатын топтардың хеттарды жақтайтын топтармен күрес жүргізіп өз ара қырқысып жатуы да көмегін тигізеді.
Ашшурубалиттің мұрагерлері патша титулын қабылдап алады (бұған оның өзінің батылы бармаған еді) және мұнысымен өздерінің Митанни мен Вавилонның толық тәуелсіз екенін көрсетті. Олар Египет пен Хетт патшалықтары арасындағы ұзақ және табан тірескен күресті барынша пайдаланады, ал ол күрес б.э.дейінгі XIV ғасырдың басынан аяғына дейін (рас кейбір үзілістермен) созылып келді және екі жақты бірдей әлсіретті.
Ассирия патшасы І Салманасар (б.э.дейінгі XIII ғасырдың басы) Евфраттағы ірі қара Кархемишаға (хеттардың мықты қамалдарының бірі) дейін жетті, митанни әскерлері мен оларға көмекке келген хеттарды талқандап жеңді. Митанни бұл жеңілістен қайтып ес жинай алмайды да, Ассирияның ықпалындағы бірнеше ұсақ мемлекеттерге бөлшектеніп кетеді.
Ассириялықтардың тірек пункттері жауынгер көшпелілердің қоршауында қалады және кейбіреулері олардың қолдарына да түседі. Арамейлер бірте-бірте отырықшылыққа көшеді және өз мемлекеттерін құрады. Бұлардың ішінен әсіресе б.э.дейінгі X ғаысрдың екінші жартысында пайда болған Дамаск патшалығын ерекше атап өтуге болады. Оның астанасы – Дамаск Месопотамиядан Египетке және Аравия далалл\арынан Жерорта теңізіне өтетін керуен жолдарының үстінде жатқан аса маңызды орталыққа айналады. Дамаск Финикияның сауда қалаларын айналадағы жүзімдіктерден алынған шарап пен және «аппақ қардай жүнмен» жабдықтап тұрады. Мұнда, сондай-ақ металдарды өңдеу де барынша жетіледі (кейінірек тамаша дамаск қылыштары айрықша даңққа бөленеді).
Арамейлердің аса үлкен қоныс аударуларынан кейін Ассирия екі ғасырға жуық уақытта (б.э.дейінгі X ғасырдың аяғына дейін) созылған қатты құлдырау кезеңін бастап кешеді. Кейінгі кезеңдердің жылнамашылары көптеген ассириялық қалалар мен селениелердің қағырап қалғаны және олардың тұрғындары сенімді баспана іздеп тауға кеткендері жайла аз да болса естеліктер қалдырған. Орта ассирия кезеңіндегі Ассирияның ішкі қатынастары жайында біз әлдеқайда кейінірек кезге жататын және басы мен аяғы жоқ үзінділер түрінде сақталған ассириялық заңдар жинағының көшірмесінен білеміз. Оның түп нұсқасы, тілі мен стиліне қарағанда, б.э.дейінгі ІІ мың жылдықтың орта шенінде жазылған сияқты.
- Жаңа ассириялық кезең (б.э.дейінгі X-VII ғасырлар). Б.э.дейінгі Х ғасырдың аяғында Ассирияның қайта күшеюі басталады. Бұған оның бұл кезде күшті бақталастары болмауы да елеулі мөлшерде қолайлы жағдай туғызды. Ассирияның басты жауы – жауынгер арамей тайпалары болса, олар әлі біртұтас держава құруға дәрменсіз боп шықты. Арамейлердің негізгі орналасқан территориясы – Сирия жергілікті географиялықтар жағдайлардың әсерімен бытыраңұы күйінде қала берді. Бұл жерде бір-бірімен бірде жауласып, бірде уақытша берік емес одақтарға бірігіп тұрған ұсақ мемлекеттер болды. Екінші жағы-нан Ассирияның өмір сүруіне қауәп төндірген арамейлердің басып кіру мүмкіндігі бұл елдің басқарушы құл иеленуші шонжарларына армияны ұйымдастыру мен техникалық жағынан жабдықтау ісіне бірқатар жетілдірулер енгізуге және оның санын қатты көбейтуге мәжбүр еткен. Егер Ассирияның мұндағы әскер саны 120000 адамға жетеді.
Б.э.дейінгі ІХ ғасыр ішінде Ассирияның, соның алдыңғы ғасырларда айырылып қалған жерлерін өзіне қайтарып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзге жерлерді де қосып ала бастады. Солтүстік Месопотамия тұтасымен Ассирия державасының құрамына кірді.
Шыңыс Жерорта теңізіне қарай қозғалған жолында ассириялық әскерлер арамей мемлекеттерінің ішіндегі ең күштісі – Дамаск патшалығынан ең үлкен қарсылық көрді. Бұл шайқас Ассирияның патшасы ІІІ Салманасар тұсында (б.э.дейінгі 859-824 жылдар) болды.
Оңтүстікте, Вавилонияда ІІІ Салманасардың өзі және мұрагерлері (соның ішінде оның немересінің жас кезінде елді басқарған атақты Семирамида да бар) Ассирия тобын қолдайтындарға арқа сүйей отырып, дипломатиялық жолмен өз ықпалын арттыра түсуге тырысты.
Шығыста Ассирия б.э.дейінгі ІХ ғаыср бойында Загрос тау жоталарының етегі мен Ассирияға асыл тұқымды жылқылар әкелініп тұрған Мидияға апаратын жол үшін табан тірескен соғыстар жүргізді. Алайда Ассирия әсіресе, солтүстік шекарасында үлкен қиындықтарға кез болды. Бұл жерде б.э.дейінгі ІХ ғаысрдың аяғында Ассириямен көпке дейін тайталасуға жетерліктей күш-қуаты болған жаңа держава өсіп шығады.
- Б.э.дейінгі VIII-VII ғасырлардағы Ассирия. Династиялардың ауысуы – Ассирия тағдырындағы бетбұрыс кезең болды. Мемлекеттік төңкеріс жасау арқылы үкімет басына патшалардың ішкі және әулетінің негізін салған ІІІ Тиглатпаласар келді.
Тиглатпаласар (б.э.дейінгі 745-727 жылдар) армияны негізінен қайта құрып, мемлекеттің қамқорлығына болатын, соғыс олардың күн көріс көзіне айналған жауынгерлерден «патша полкін» жасақтайды. Жоқшылыққа ұшыраған көп адамдар жеңіл қарумен жарақтанған жаяу әскерлер қатарына тартылды да, бұлар сан жғынан ауыр қарумен жарақтанған жаяу әскерлерден (металл асуыт киініп, қолдарына үлкен қаоқан ұстаған найзагерлерден) екі есе асып түсті.
V Салманасар тұсында (б.э.дейінгі 727-722 жылдар) ежелгі астана Ашшурдың әдеттегі салықтар мен міндеткерліктен босатылып келген артықшылықтарын жоюға да әрекет жасалды. Алайда бұл шараны жүзеге асырудың сәті түспеді. V Салманасар бекзадалардың заговоры нәтижесінде тақтан түсірілді де, оның орнына туысы (деректердің бірінде – өгей інісі) ІІ Саргон отырғызылады, ол шонжарларға жеңілдіктер береді және тек ассириялықтардың ғана емес, Вавилондықтардың да храмы бар қалаларына жеңілдік жасайтын арнаулы грамоталар сыйлады.
ІІІ Тиглатпаласар мен оның мұрагерлерінің сыртқы саясаты өте жігерлі және белсенді болады. Олар алдыңғы кезеінен өздеріне мұра болып қалған қиындықтарды жеңе білді. Басты қауіп солтүстік жақтан төнулі еді, сондықтан ІІІ Тиглатпаласар таққа отыра салысымен-ақ негізгі соғыс күштерін Урартуға қарсы қойды. Урарт патшасы ІІ Сардури Арпад түбінде қиратылды да, Сириядан ығысиырылып шығарылды. Ассирияның Жерорта теңізімен байланысы қайтадан қалпына келтірілді. ІІІ Тиглатпаласар дұшпанының астанасы Тушпаға соққы беруге де тырысып көрді, бірақ бұл аса қуатты қамалды алуға шамасы жетпеді.
Оңтүстікте Тиглатпаласар Вавилонияны өзіне қаратуға тырысты. Тікелей шабуыл жасап басып алуға тәуекел ете алмаған ол өзән бөтен атпен (Пулу) Вавилон патшасымен деп жариялады да, бұл елдің билігіне де қолы жетті.
ІІ Саргон жаулап алу саясатын онан әрі жалғастырды. Өз патшалық дәуірінің ең алғашқы кезеңінде (б.э.дейінгі 722 ж.) ол Израиль патшалығының астанасы Самарияны басып алды және ойрандады. Сирия мен Палестинаның үлкен бөлігі бөлшектеліп, ассирияның шағын провинцияларына айналдырылды.
Б.э.дейінгі 714 жылы ІІ Саргон Урмия көлін айналып өтіп, Урарту жеріне шыңысынан келіп кіріп, бейқам отырған дұшпанына күтпеген жерден соққы берді. Урарттықтардың астанасы Тушпаға ІІ Саргон тиген жоқ, бірақ урарттықтардың қасиетті қаласы саналған Мусасир қаласын басып алып талан-таражға салды. Осындағы Халди құдайдың храмында патшалар қазынасы ғасырлар бойына жинақталып келген еді. Жеңіліп қалған Урарт патшасы І Руса өзін өзі өлтірді, ал оның мұрагерлері тәуелсіздіктерін сақтап қалса да, Ассириямен бейбітшілікке өмір сүруге тырысты. Егер шекарадағы жылдам реттеліп отырған ұсақ қақтығыстарды есепке алмасақ, екі держава арасындағы табан тіресіп келген күрес бұдан былайғы жерде тоқталады. Екі жақтың да күштерін басқа бағытта шоғырлауларына мәжбүр еткен қауіптірек жаулары да бар еді.
Б.э.дейінгі 605 жылы Вавилон патшасы Набупаласардың баласы Навуходоносор (болашақ атақты патша) Кархемиш түбінде мидиялықтардың көмегімен біріккен египет-ассирия әскерлерін талқандап жеңді. Бұл соөөыдан кейін ассириялықтардың қарсылықтары тоқталды. Өздерінің саяси және мәдени орталықтарынан айрылған олар енді қайтып өз дербестіктерін қайтара алмады және өзге тайпалармен, әсіресе арамейлермен қосылып кетті де, солардың тілінде (ассир-вавилон тіліне жақын) көшті.
- Ассирияның мәдениеті. Ассирияның мәдениеті жайлы азырақ тоқталып өтуге болады. Ол негізінен Вавилон дәстүрлері үлгісінде дамыды. Вавилон және одан да ертеректегі шумер әдебиетінің шығармалары көшіріліп алынып, Ассирияның сарайлары мен храмдарындағы кітапханалар мен мектептерде оқытылды. Әрине, ассирия жылнамасы ерекше. Олардың кейбіреулері тарихи романдарды еске түсіреді. Оларда әдеби пейзаж және әдеби портрет сияқты әдістер кең қолданылады. Қанжарлардың өткір ұштарындай аспан күмбезін тесіп өтіп тұрған тау жаққа көтеріп өткенше патшаның өзіне де секіріп өтуге тура келетін тау сулары жәнет.б. кәдімгідей көркемдікпен суреттеледі. Дұшпанның айлакерлігі, қорқақтығы, жеңілген жаудың зәре-құты қалмауы, қоршауға түскендердің қорқынышты хал-күйі т.б. гиперболалық әсірелеу түрінде беріледі. Осыған ұқсас сюжеттер Ассирия суретшілерінің шығармаларына да арқау болған. Олар өз кейіпкерлерін алапат күш иелері ретінде натуралистікпен көрсетіп, олардың бұлшық еттерін, сабырлы жүздерін, саспайтын қалыптарын жаулардың зәре-құты қашып ұйлыққан топтарының арасынан контрасты түрде көзге түсетіндей етіп бейнелеп отырған.
Ассирия вавилондық діни ұғымсдар мен догматтарды қайталады. Тек қана пантеонның басына жергілікті құдай Ашшур қойылды.
Ассирияның өмір сүрген соңғы ғасырларында арамейлердің ықпалы күшейді. Асархаддон патшаның сенімді серігі дан Ахикар жайындағы хикаялардың шығуы осы кезге жатады. Осы хикаяға кіргізілген халық мақалдарының жиынтығын дана Ахикар шығарды-мыс делінеді. Ассирия мемлекеті құлағаннан кейін арамей тілі мен мәдениеті Алдыңғы Азияға кеңінен тарайды және олардың белгілі дәрежедегі ықпалы Орта Азия мен Үндістаннан да байқалады.
Әдебиеттер:
- Поэзия и проза Древнего Востока. М.1973
- «История Древнего Востока. Зарождение древних классовых обществ» первые очаги рабовладельческой цивилизации. Ч.1. Месопотамия. М. 1983. Ч.2. Передняя Азия.Египет. М.,1988.
- История Востока.(Восток в древности) Т.1. М. 1997. (Под. ред. Р.Б.Рыбанова, И.М. Смилянской и др.
- История Древней Греции. (Под. ред. В.И.Кузищина) М.2001.
- История Древнего Рима. . (Под. ред. В.И.Кузищина) М.2001.
- Античная Греция. Проблемы развитие полиса.Т.1-2. М.1983
- Историография античной истории . (Под. ред. В.И.Кузищина) М.1980.
- История Древней Греции.(Под. ред. В.И. Авдуева, А.Г. Бокшанина, Н.Н. Пнауса) М. 1972.