Түн ортасы ауғанда
Отырсың, жігіт, нені ойлап?
Кімнің атын жазасың
Қайта-қайта шимайлап.
Махаббаттың бұлбұлы,
Жүр ғой сенен алыстап.
Ол естімес үніңді,
Шақырсаң да дауыстап.
Кетті ғой ол қайрылмай,
Жат жүрекке не амал!
Ұйықта, достым, қайғырмай,
Түсте көр де, – ләззат ал.
Есігің алды ағын су,
Ерте тұр да, жас сұлу,
Ағын сумен бетің жу, –
Судан сәулем көрінер.
Қалтаңда ақ орамал
Бір шетінде атым бар,
Көр де мені есіңе ал, –
Көзіңнен жас төгілер
Қасым АМАНЖОЛОВ