Неміс жігіті
Александер Болерге
Неміс достар, сыйып кетті құшаққа,
Рахмет! Бізді сондай сыйладың!
Қош болыңдар, біз мінейік ұшаққа,
Қазақпын ғой, мен құшаққа сыймадым.
Бауыр басып қалып едік, бауырдай,
Тілсіз, үнсіз ыммен ғана ұғысып.
Қимастықтың аспаны тұр ауырлай,
Франкфуртте бүгін тіптен күн ыстық.
Жасыл орман, неміс жері көгорай,
Әсем екен қаласы да сындарлы.
Құс сайраумен атады екен таңы ұдай,
Сенде туған түйдек-түйдек жыр қалды.
Жау деп сені, айтар едім неліктен,
Бір-біріне атам мылтық атысқан.
Неміс жері қан сасыса өліктен,
Ата тарих саясаттан шатысқан.
Неткен ғажап, жүрек жарып ән ұшқан,
Шақырады туған өлке алабы.
Алма-кезек дүние бұл ауысқан,
Бізді бөліп жер дөңгелеп барады…
Ербол Бейілхан