Германия – Франция арасын,
Бөлесің де Рейне өзен ағасың.
Немістер мен француздың қабағын,
Сыр білдірмей бағасың.
Көрдім міне, француздың қаласын,
Жалт-жұлт етіп, көздің жауын аласың.
Сұңғақ бойлы француздың «мадамы»,
Аяғыңды әзер басып барасың.
Ильдің бойы саяхатшы қаптаған,
Штрасбург, қалам едің баспаған.
Тарихыңды білу үшін тамырлы,
Кеме мініп, Иль бойымен аттанам.
Анау үйлер, король салған сарайы,
Гүл жиектеп, бауға оранған маңайы.
Сумка асынып, сауда сатқан негрдің,
Неге-неге, мұңға толы жанары?
Қоңырауы соғылады шіркеудің,
(Бісміллаһ, шіркеу көрсем үркермін.)
Саяхаттап келген шығар көп қазақ,
Ең алғашқы ақын мен боп тіркелдім.
Моцарт сазы ауада тұр тербеліп,
Грек отыр, кофе сатып сенделіп.
Бабам сенің мақалыңнан айналдым,
«Атың барда, жүр деген ең ел көріп».
Штрасбург. Көрдім көркем кешіңді,
Европа, кере берме төсіңді.
Кеме мініп, Ильдің бойын жағалап,
Ойлап тұрмын, ерке өзен Есілді.
Ербол Бейілхан