Ата, сені сағындым

 
Ата сен, даналықтың тұлғасындай,
Рухың демеп, мені жүр қасымда-ай.
Күн сайын алдыңа кеп еркелейтін,
Сағынышым барады бір басылмай.
Мінгізіп жіберуші ең боз қасқаңды,
Аралап кезуші едім ой, тастарды.
Жетелеп, мектепке өзің апарған соң,
Бітпейтін болашаққа жол басталды.
Сағындым мейіріңді нұр таматын,
Есейіп, көңілімді мұң шаласың.
Қалдырып интернаттың бөлмесінде,
«Адам бол», – деп, кекілімнен сипағансың.
Мектептен ауылға ылғи асығушы ем,
Туған жер, хош иісті, жасыл пішен.
Тоқсан сайын, ата, сені сағынып кеп,
Тер сіңген төсіңді иіскеп, басылушы ем.
Атама серік болған жорғасы бар,
Мінгізіп сол жорғаға тауға шығар.
Келмеске атамменен бірге кеткен,
Баяғы бал күндерім, қайдасыңдар?
Айырып ажал оғы қимасымнан,
Атамды сағынғанда, тауға асығам.
“Ұлым-ау, адам бол”, – деп жел сыбырлап,
Рухың сыр шертеді, тау басынан.
 
Ербол Бейілхан
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *