Кербұғыдай керілемін есінеп,
Шығысымды бетке алып…
Біз Алтайда бұлаң қағып өсіп ек,
Жанартаудай жүректерде от жанып.
Алтай асқақ!
Бұйра-бұйра бұлт көшкен,
Атан таулар теңселеді теңімен.
Ақтабанда қоштаса алмай ел көшкен,
Асқар белдер, алтын аймақ, сенімен.
Тағдырың бар, қыраттардай қатпарлы,
Әр тасыңда сыр тұнған.
Ақ бас Алтай әкемдейсің асқарлы,
Анамдайсың жанарыңда мұң тұнған.
…Ата қоныс, бақ таймаған киелі,
«Ағажайлап» ән салған.
Ұлт ұлының саған іңкәр жүрегі,
Өрлігің мен келбетіңе тамсанған.
Сауыр менен Тарбағатай қонақтап,
Зайсан көлге шомылдырдым арманды.
Мұзбалақ жыр қауырсынын тарақтап,
Сенде үйрендім, ақиықтай самғауды.
…Тарихымның қайта оралды өткені,
Сұлу Алтай, таң қалдырды ғаламды.
Сөзбен міне, сурет салдым кестелі,
Марқакөлге малып қойып қаламды…
Ербол Бейілхан