Жан екен бір көңілді,
Біз жолыққан ақсақал.
Көңілі кең көрінді,
Болса да үйі тап-тапал.
Қыж-қыж қайнап үй іші,
Тонған дене жылынды.
Қазандағы ет исі
Қытықтайды мұрынды.
Айтып аман-есендік,
Отырған соң жайласып.
Деді ол:
– Мұнша кешеулеп,
Барасыңдар қайда асып?
Айттық:
– Жетіқараға,
Барамыз, – деп жол жүріп.
Қалып еді далада
«Көлігіміз» болдырап.
– Саспаңыздар мен саспай,
Орындалар бәрі де.
Арғы жағын сұраспай,
Сөзді бердік кәріге.
Көкірегі – дария,
Жан екен бір шежіре.
– Сөйле, – дедік, – қария!
Құмар болып сөзіне.
Сырбай Мәуленов