ПАРТИЗАНДАР МОЛАСЫ

 
Еш дыбыс маңайында білінбейді,
Жел үрлеп қалың жусан күбірлейді.
Көзіңе өткен күндер елес беріп,
Алыста ат тұяғы дүбірлейді.
Астында күрең қасқа аты ойнаған,
Қасқайып қан майданда атойлаған.
Өтеді көз алдынан Аманкелді –
Ерліктің екі көзде оты ойнаған.
Құйды күн жасын оты шатырлаған,
Сол оттай қылыштар не жарқылдаған?
Қаладан қарақшылар шегінген ғой,
Құлақта мылтық даусы шаңқылдаған.
Бұлар кім, қалжыратқан азап, тұтқын
Партизан – ұлдары ғой азаттықтың.
Олардың омырауына қадалды оқтар,
Егіл жер, еңіре өзен, аза тұт күн!
Ақты қан, көпке дейін тыйылмады,
Қаралы ыңыранды күй ырғағы.
Қан төгіп жеткен осы бостандықтың
Оларға бал жемісі бұйырмады.
Еш дыбыс маңайында білінбейді,
Жел үрлеп қалың жусан күбірлейді.
Көзіңе өткен қүндер елес беріп,
Алыста ат тұяғы дүбірлейді.
 
Сырбай Мәуленов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *