Кейде талас болады биліктерге,
Сонда біреу көлденең киліккенде,
Көз алдыма келеді бір Батыраш,
Құлагердей көз тіккен жүйріктерге.
Бәз біреуді жолынан қақпалаған
Болсаң егер,
Сен кінә тақпа маған!
Менен келіп бір сыйлық алар еді
Батыраштың балтасын тапқан адам!
Сақтандырар бүліктен сол балтаны,
Сақтар едім сүліктей сол балтаны.
Апарып қояр едім темір торға,
Шығарып алмас үшін қолдан тағы…
Солай…
Солай айрылдық асылдардан,
Келе жатқан бәле бұл ғасырлардан.
Қарақшының қолына түскен балта
Құлагердің ақыры басын жарған.
Енді қалай өшеді көңіл дағы,
Емі болар ел барда оның-дағы.
Көріп тұрып сабама түскендеймін
Шаруақордың балтасын қолындағы…
Менің шашым – қара орман,
Екі көзім – мөлдір көл.
Мұрным тау боп жаралған,
Аузым – зындан, тіс – қақпақ.
(Болмасаң да ұқсап бақ).
Қос құлағым солардың
Қатар қойған тыңшысы.
Кеуде деген аралдың
Жүрек болған сыншысы.
Екі қолым жасқайды,
Екі аяғым бастайды.
…Қара орманды бу алар,
Айдын көл де суалар.
Мұрын-тауды жел мүжір,
Екі қол да қымсынар,
Екі аяқ та сырқырар.
Бәріне де бұл жүрек –
Төзіп болған құдірет!
Ауыз деген зынданды
Айтшы сонда, кім ашар?!
Қайран, қызыл тіл ашар!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ