БАТЫРАШТЫҢ БАЛТАСЫ

Құлагердей, дүние-ай, ат қалмады,
Соны ойлаудан сабыр мен дәт қалмады.
Әлі күнге жатқандай толастамай,
Арғымақтың арқырап аққан қаны.
Шырмауына шомылып дүлей ойдың,
(Орынсызын ол ойдың біле қойдым).
Қанша бәйге болса да,
Қанша дода,
Құлагердің тағдырын тілемеймін.
Сорлатты ғой салды да,
Серіні де,
Ең даланың үркеді елігі де…
Содан кейін…
Көрдім бе қасастықты,
Құлагердің ұқсаған өліміне.
Суық ойға сұқтандым қайдан тағы,
Жылу іздеп жүргенде айдан-дағы.
Музейлерде сақтар ем мұздай қылып
Құлагерді құлатқан айбалтаны.
Көктемдегі көрсоқыр сең күшіндей,
Кеткендер бар кеуделеп елді сүймей.
Батыраштың балтасы тұрар еді,
Қастандықтың қап-қара белгісіндей.
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *