Ақжайық десем –
Ғажайып әсем бір елес,
Көзімнен кетпей,
Көңілден шықпай тұрғандай.
Азамат адам жауына қайғы
тілемес,
Ашыла түсер әлде де терең сыр бардай.
Бәріне бірдей,
Бәріне күндей көріндің.
Тамшыңды сенің
Талғамай қалған жоқ ешкім.
Әуелден саған қасиеті дарып жерімнің,
Әуелден саған сүйсінбей қалған емеспін.
Ақжайық анам,
Әрдайым саған алаңмын.
Жолаушы деме,
Келіп бір кеткен асығып.
Ақынмын мен де,
Көркіне ғашық далаңның –
Қасиетін сезіп,
Қадірін білген бас иіп.
Өзенім менің,
Өзіңнен үлкен жоқ ешкім.
Өз балаң кетпес
Өзекке мейлі тепсең де.
Тандырсын есті
Тағдырдың мейлі желі ессін,
Қашанда мұңдас,
Қиянат қылмас еш пенде.
Еркіндеп аққан
Елімнің сен де еркесі.
Өзіне тартпас
Құдірет мені мұншалық.
Қабыл ал сәлем,
Ғажайып әлем өлкесі,
Ақжайық әуен –
Кеудемнен кетпес бір шабыт!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ