Арал мен Балқаш арасы –
Көзімнің ағы-қарасы.
Жабырқау – жадау жанымның
Жазылмай жатқан жарасы.
Арал мен Балқаш арасы,
Қазақтың байтақ даласы.
Кеулеген ішін жүректің
Кеудемнің мұңы – наласы.
Арал мен Балқаш арасы,
Алаңсыз бір сәт қарашы.
Өлшеусіз жатқан қазына,
Өлкемнің сайы, саласы.
Арал мен Балқаш арасы,
Айтылса сөздің сарасы.
Ұранға құрғақ айналмас
Ұрпақтың дауы, таласы.
Арал мен Балқаш арасы,
Адамнан ба екен жаласы?
Азаға сені қалдырмас
Азамат Ердің баласы!
***
Айрылған дала бейбақ Балқашынан,
Жағалау,
Жасыл белес,
Жартасынан.
Түскен бір сергелдеңге серідеймін,
Көз жазып ойда жоқта қалқашынан.
Залымның,
Занталақтың залалынан,
Айрылған дала бейбақ Аралынан.
Қанаты өртке тиген қарлығаштай
Онсыз да жарақатты, жаралы жан.
Айрылған дала бейбақ аң-құсынан,
Солардың қан қайнайды қайғысынан.
Төзімім жетер емес,
Біткен дейсің –
Кімдердің маңдайына мәңгі шыдам?!
Тал түсте
Түстім сөйтіп әбігерге,
Тартпай-ақ қойғаны ма бағым өрге?!
Тарқылдап «арғы беттен» күлді біреу:
«Түбінде айрыларсың бәрінен де!»
Кісіге ұқсамадым сағы сынған,
Кезімде жауап іздеп жан ұшырған.
Ант еттім!
Айрылмасқа мәңгілікке
Салтымнан,
Дәстүрімнен,
Намысымнан!
Жай түссе жағалауда – жартасқа ауыр,
Дертіңе бола алмайды ол тосқауыл.
Көп екен көрмегенің бұл жалғанда,
Шыдап бақ –
Арал – жүрек,
Балқаш – бауыр!
Не жазығым бар еді қырылғандай,
Бұл сұмдыққа жүруші ем бұрын нанбай.
Аждаһаның араны
Аралдан соң,
Балқаш жаққа біржола бұрылғандай.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ