АҚЖАЙЫҚ – АРУ

Атың қандай, Ақжайық,
Жақын жандай көрінген.
Бір перизат ғажайып
Кетпей қойды көңілден.
Жүк артқанда атанға,
Тапқан сенен бақытын.
Қалып қойған жапанда,
Сен шығарсың жақұтым.
Сарқылма сен, асылым,
Жан сырыңды жанға ашпай…
Құм ішінде жасырын,
Жатып қалған алмастай.
Бір ғажайып ертектен,
Нақыш тауып, нұр алған.
Қыз Жібектің мөлт еткен
Көз жасынан құралған.
Кең даланы көп кездім,
Құмарым бір қанбастан.
Төлегендей
Ақбоздың
Ауыздығын алмастан.
Өзенімсің өзгеше,
Нарқы бөлек бағаңның.
Қасиетіңді сезбесе,
Қасіреті ғой адамның…
Құдіретті есімге
Бас имейтін кемде-кем.
Жалдай берсем төсіңде
Жалығатын мен бе екен?!
Дәстүрімді, салтымды
Дәті барып аттар кім?!
Дастандағы даңқыңды
Дақ түсірмей сақтармын.
Өзенім сен киелі,
Тола берші сабаңда.
…Төбем көкке тиеді
Тұрсам сенің жағаңда!

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *