МАХАББАТ ТЕЗІ

Әуелде сені ойлаған жоқпын сүйем деп,
Игеріп мені әкетеді-ау деп иемдеп.
Жүйкемді бұлай алар-ау, – демей жүгендеп,
Жігіттік шаққа болар-ау, – дегем бір ермек.
Ойымның тегіс ойранын сәтте шығардың,
Құрдымына әкеп сүңгіттің мені құмардың.
Азабыңды да, ғазалыңды да құп алдым,
Мұхитын кештім Махаббат деген мұнардың.
Есімнен танған еске алсам кейбір шағымды
Уысыма ұстап тұрғандай құйттай лағылды,
Және де содан айрылып қалар адамдай
Және де соған салатын едім жанымды.
Жанымды салып,
Жанымда болған кезіңде
Теңемес едім жұмақтың оған өзін де.
Еш адам сенбес тәттілік бар ед тәніңде,
Еш адам көрмес пәк қылық бар ед көзіңде.
Еш адам сезбес еркіндігіңе кез келдім,
Еш адам төзбес тентектігіме тез болдың.
«Сүйемін» дедің, сен дағы маған сөз бердің,
Сүйетінімді мен сонда ғана сезгенмін.
Тең тартып едік тасындай Тағдыр безбеннің
Тауқыметтерге тәтті еді-ау бірге төзген күн.
Салмағың, жаным, жеңілдеп неге өзгердің?!.
 
Махаббат – күрес,
Әрекеті емес ездердің.
Жеңілдегенің – жеңілгенің бе, жарығым,
Уәдеңнен тайып, шегінгенің бе, жарығым,
Тегеурініне төзе алмай темір тездердің?
* * *
Мертіге жаздап, мерт бола жаздап кенеттен,
Қаламын аман қалтылдап құйттай себеппен.
Соққанда дауыл солқылдап басын жерге ұрып,
Айрылмай қалған айыр бұтақтай теректен.
Қаламын аман.
Қорқамын жаман соңынан,
Бір күні бірде «шарт сынам-ау» деп торығам.
Сақ болып біраз, сақтанып біраз жүрем де,
Сап етіп тағы кездейсоқ кепке жолығам.
Қаламын аман.
Қорқамын жаман тағы да,
Кездесер себеп, кезігер салдар бағыма.
Тірлігім менің сан жеткен күні таусылар
Тіршіліктегі себеп пен салдар санына.
* * *
«Мынау – бақытты, мынау – бақытсыз»
Деуге болмайды пайым-парықсыз.
Дүмеп жатпайды тойың дамылсыз,
Думан болмайды уайым-налусыз.
 
Тойдың барлығы бақыт тойы емес,
Бір сәт көрген мұң мәңгі сор емес.
Бақыт – мәңгілік емес татулық,
Қайғы – мәңгілік емес төбелес.
Біреу бақытты жылап тынса да,
Біреу бақытсыз күліп тұрса да.
Бақыт біреуге өткен бір күні,
Бүгін басына жұмақ туса да.
Түсі қайғының түндей қара ма,
Түсі бақыттың таңдай бола ма?
Солай сіңгенмен шартты санаға,
Бұлай деуіміз нақты баға ма?
…Жоқ, жоқ, әрине, нақты баға емес,
Бақыт кей-кейде тәтті бал емес.
Қайғы дегенің қара тұз емес,
Нақты теңеулер сәтті, дәл емес.
Бірақ екеуі егіз, бары рас,
Бірі-бірімен бақталас, жаны қас.
Жалқы жүрекке жұп боп ұялап,
Бірі-біріне тәкаппар, танымас.
Жұмыр баспенен көріп екеуін,
Кезіп келеміз дүние мекенін.
Адам адамға тіріде айта алмас
Кімнің бақытты,
Кімнің бақытсыз екенін…
 
1981 ж., 2 мамыр
Өмір – түйткіл.
Жаңа-жаңа аңғардым,
Көбі-көбі алдамшы екен арманның.
Көбі-көбі көбік екен сезімнің,
Көбі-көбі рас екен жалғанның.
Олай деген дүниең кейде былайлау,
Тұнық деген дүниең кейде ылайлау.
Ұлағат па деп қалғаның ұрандау,
О, ғажайып, сонда да бұл Ұлы өмір
Таразысын тең таратады, біле-біл.
Таразының тастарымыз, орныңды
Біле білу, нағыз өнер, міне, бұл.
* * *
Өтеді де кетеді екен уақыт,
Жылағанды алдарқатып, жұбатып.
Мейманасы тасқандарды жылатып,
Тауды тас қып, тозаңға оны уатып,
Өтеді де кетеді екен уақыт.
Бәрі өткінші –
Балдай бақыт, удай мұң,
Мен сондықтан сағым-бақыт қумаймын,
Мен сондықтан сұм-қайғыңа қыңбаймын.
Сыбағама тартса өмір қайсысын,
Сыйдай көрем, сыртқа теуіп тұрмаймын.
 
Алаламан адамға тән еншіні
Емес олар ешкім жекеменшігі.
Балдай уақыт – удай мұңның уызы,
Көздің жасы – бір дүние туысы,
Біл, жүректің перзенттері, дұрысы.
1981 ж., 13 қыркүйек

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *