МАХАББАТ МҰҢЫ (Қайрат Байбосыновқа)

«Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде»
Дегенде ән бүлкілдеп кең көмейде.
Баяғы бір махаббат мұңыменен
Пай-пай-пай!
Періштедей пенде кейде.
Бұл әннің шыққан кезі, заманы ескі,
Ал кәзір қоғам басқа, сана да өсті.
Ескі әннің ескірмеген мұңы бірақ,
Ескіру махаббаттың заңы емес-ті.
Ә, бәсе!
Сол екен ғой баяғы мұң,
Жүргені бойымызда бояуының.
Ә, бәсе!
«Қайрат қайдан қағып алған»
Деуші едім «баяғының қаяу үнін…»
Қайрат-ау, «Қарғам-ауға» салғанда сен
Мәңгілік мұңы өзгермес жалған кешем.
Кетердей махаббаттың мұңы өзгеріп,
Егерде «Қарғам-аудай» ән бар десем.
«Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде»
Деп алып деміңді бір демдегенде
Махаббат мұңын көрген Адам болса,
Қарайды төбесінен пенделерге.
1981 ж., 10 мамыр

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *