Адамның бар ғой іштегі ала-құласы,
Санаға тиген өмір – сабақтың кінәсы.
Әйтпесе сәби арамдық ойлап тумайды,
Таза ғой адам табиғатында туасы.
Таза ғой адам табиғатында, тумыста,
Көнбіс қой адам көндіге берер тұрмысқа.
…Бірте де бірте көз үйренеді сұқтанып,
Сұғанақ неме, қол үйренеді қылмысқа.
Бірте де бірте ой үйренеді ұрланып,
Бой үйренеді бой тасалауға қуланып.
Бой үйренеді, бой үйренеді бәріне
Бой үйренеді ушығып, ұйып, уланып.
Санаға ерік, денеге желік бітеді,
Желөкпе әсер жүйкені жүндей түтеді.
Сыртында мін жоқ, ішінде дым жоқ, көз күйік,
Пайда болады жараның нағыз бітеуі.
Көлеңкеге ұқсап, көлбеңдеп қоғам соңынан,
Қоғамды бұрыс тартады түзу жолынан.
Сынайды дағы, салады қоғам тезіне,
Өз баласы ғой, өлтіре алмайды қолынан.
Өз баласымыз, өз перзентіміз қоғамның,
Тездерге түсіп көрерміз талай топ алдын.
О, Отан-ана, «Баланы бастан»деуші еді,
Қолыңнан бізді, қолыңнан бізді алар кім?!
* * *
Әйелдің, бар ғой, көрдің бе жақсы көргенін,
Тіл ұшыменен тіршілік дәмін бергенін.
Өліп те талып өмір сыйлаған сол әйел,
Көрдің бе сосын өсек-ғайбатқа ергенін?
Әйелдің, бар ғой, көрдің бе тылсым қылығын,
Жан сарайыңды хан са
райындай тазартса,
Хақ емес пе еді ханнан да биік тұруың?!
Сүттен ақ, оның судан да таза кезінде,
Қасиетін күзет, кірпікті қақпа, көз ілме!
Батырларыңның құдай боп кетер сәті сол,
Батырларыңның жағасын жыртар езің де!
Ынтықтығынан сылқ етіп «өлген» сәтінде,
Өмір мен өлім өліарасы сол нәтінде
«Тірілте көрші, тірілте көрші» дер ме едің,
«Бәтірекесі, бәтірекесі, бәтірге».
Тамырынан лыпып, қан тамған сәтін көрдің бе,
Сұрамай сенен ант алған сәтін көрдің бе?
Өз қабырғаңнан жаратқан әйел әуелде
Қамырын таппай қаңтарған сәтін көрдің бе?!
Әйелдің, бар ғой, көрдің бе жараланғанын,
Көрдің бе сонда әлгінің бәрі жалғанын?
Ілбішінге ұқсап жазылмайтұғын жарасын
Көрдің бе қалай көрсетпей жалап алғанын?
Алданған сәтін, аһ ұрған сәтін көрдің бе,
Қайғырған сәтін, қапылған сәтін көрдің бе?
Тастағы қына, шөптегі шықтай дірілдеп,
Артынан оның ақылман сәтін көрдің бе?
Көзінде жасы, сөзімен қарғыс айтпай-ақ,
Дүниеде сенен аяулы жалғыз жоқтай-ақ,
Әйелдің, бар ғой, көрдің бе жақсы көргенін
Тіл ұшыменен тіршілік дәмін бергенін…
* * *
Ақ келіншек киіпті қара көйлек,
Ойласын дегені ме дара ғой деп?
Қозғап-қозғап қояды паң мүсінін
«Көздің жауын жаула да, ала ғой»деп.
Ажарында сыпайы сыздану бар,
Назарында қас-қабақ, жүз бағу бар.
Тереңінде тәкаппар міз бақпайтын,
Бет жағында жылымсып міз бағу бар.
Ерсі мінез, қимыл жоқ ебедейсіз,
Қабағы ашық, қарайды көлегейсіз.
Молшылықтың белгісі үйіндегі
Қарашықта қалыпты себеп ойсыз.
Әтірін айт бір иіс гүлге сіңген,
Мұрын жарып талдырар мүлде есіңнен.
Шым етеді жүрегің, пайда бар ма
Үлдесі мен біреудің бүлдесінен?
Жас шамасы қырыққа жетер-жетпес,
Жастық шағы басынан өтер-өтпес.
Сірә, өлердей сүйеді-ау, замандас та
Бір тілегін сондықтан екеу етпес.
Әйел заттың сұмдық қой сұлулығы,
Сұлулығы – киелі шымылдығы.
Шымылдыққа сұқтанып көп қарайтын
Бейбақ еркек біткеннің бір ұрлығы.
Әлгі әйелге сол көзбен мен де қарап,
Келісімін, кемшінін тең бағалап:
– Жасандылау болғанмен әлсіздігі,
Жақсы-ақ әйел, – дедім мен сәл жобалап,
…Сұлулығың өзіңе мәңгі аманат,
Сол сұлулық қайғыдан қара кисе,
Сонда обал-ақ, обал-ақ, сонда обал-ақ..
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ