АҚ-ҚАРА

..Сондай да сондай болады сәттер басыңда,
Сондайда бірақ тағдырға құлап бас ұрма!
Сондайда, бар ғой, өзіңнен өзің ашынба,
Үйір ғой тағдыр иықтан ылғи басуға.
 
Үйір ғой тағдыр иықтан ылғи басуға,
Тұйыққа тіреп, алдыңды орап тосуға.
Ақылыңның да айдарынан жел аз есер
Айласы шексіз, амалы шолақ ғасырда.
Айласы шексіз, амалы шолақ ғасырда
Бақ тайса бастан, «бақытсызбын» деп шошынба!
Жалған дүниеде жалғыз сен емес, жарығым,
Жазым да болған тағдыр дейтұғын жасынға.
Сондайда, бар ғой, жалғыз өзіңді антқа ора,
Жазым да болсаң, жасынға тіктеп жалт қара!
Көзіңнің нұрын қарып түсерде байқалар,
Ақ пенен қара, ақ пенен қара, ақ-қара.
* * *
Алатаудың басына бір шөкім бұлт
Қайдан ғана ойнақтап шыға келді?
Ұлы адамға оралған мұң секілді
Тарқатылып түбіттей тұнады енді.
Бір шөкім бұлт таралып, тарамдалып,
Ордаланып, орнығып, орамдалып,
Қарлы боран немесе қара нөсер
Құяды-ай кеп, құяды содан барып.
Тау етегі содан соң бір сілкініп,
Басталады басқана бір тіршілік.
Тау екеш тау қайтсін-ай, айналасын
Көгертеді басынан бұлтын сығып.
 
Алатаудың басына бір шөкім бұлт
Шыға келіп шұбайды қау секілді.
Ұлы адамға оралған мұң секілді,
Мұңсыз адам бұлты жоқ тау секілді…
* * *
Ауылда тудым, қалаға келдім,
Далалық едім, қалалық болдым.
Ортама қарай өзгердім,
Заманнан талай жаңалық көрдім,
Жаңалыққа орай жаңғырып көрдім,
Тамырын танып сезгенмін.
Заман да жылдам, адам да жылдам,
Құламай ұстап заман жалынан,
Қоғам заңынан айналдым!
Жарылған кезде заман ағынан,
Айла аспас кезде адам ойынан,
Адамға зауал – адамға сауал,
Амал барына қайранмын!
 
1986 ж., 29 желтоқсан

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *