Шайқалмаған сары уыз балапан бала,
Көргенің сенің әлди мен алақан ғана.
Қиялыңменен аймалап Айнакөлдерді
Көзіңнің нұрын сүйкейсің Алатауға да!
Көк пенен көлдің арасын шайқағың келер,
Жүрек пен мидың қатпарын байқағың келер.
Қызылшақа қиялың жалаңаш әлі,
Қаттыға тисе, қиын ғой…қайтарым берер.
Қызылшақа қиялың сана болғанша,
Уыз жүрегің ушығып жара болғанша,
Жара жазылып, уыты тарағанынша,
Ұшырасың жүректі зәрені алғанша.
Заманың жылдам болғанмен тез жетілетін,
(Тез жетілетіндер әдеті тез кетілетін).
Көзге шыққан сүйелдей сыңарлық жаман,
Құмарлық жаман қамшыдай көзге тиетін.
«Құмар болма анаған не мынаған», –
Дейміз біздер.
Дегбір жоқ. Көңіл алаң.
Себеп-салдар ойлатып маған Заман,
Себебімен қарсы етер сені маған.
…Шайқалмаған сары уыз, шайқайды заман,
Шайқайды заман, бағыңд
ы байқайды заман.
– Сенікі дұрыс, қайткенмен, Заман сенікі,
Заман сенікі, жақсы ғой, пай-пай, Заманаң!
* * *
Басымды салдың-ау сарсаңға,
Жүрегім айналды шаршауға.
Жүйкем де жұқарып барады
Не істейін, не істейін мен сонда?.
Жанымды жедің-ау жегідей,
Дел-салмын.
Жын соққан перідей.
Алдамай, арбамай билейсің,
Сенікі не құдірет, не дүлей?
Билейсің ырқымды,
Сөйлейсің мың түрлі,
Білесің мен білмес
Сиқырлы бір тілді.
Жап-жаңа өзіңнен шаршаған
Жүрек те, жүйке де
Қайтадан тімтінді,
Өзіңе ұмтылды…
* * *
Ғашықтық – азап, азабы ғажап бірақ та,
Дертінде тозақ, деміндегісі жұмақ па?!
Шын ғашық болсаң біріңді-бірің жылатпа,
Жылаттың екен, жыласын ғашық, жұбатпа!
Жыласын ғашық, жылауы әбден тарқасын,
Күйігі бойға, күйініші ойға тарқасын.
Ғашықтар жылап, дүние құлап қалған жоқ,
Дүние – жалған, ғашықтығынан қорқасың!
Дүние – жалған, ғашықтығына кім бірақ
Құламас дейсің көзі мен көңілі бұлдырап?
Бір құлатарың, бір жылатарың болса да,
Қызықсың, дүние-ай, қызыл түлкідей құрғыр-ақ.
Қызықсың, дүние-ай, қызыл түлкідей алдарсың,
Алданыш – тәтті, бар болғыр, бар сәт бар болсын!
Қумасқа болмас қу қызық сені қайтейік,
Адам ғып жүрек, сүйетін құдірет бергесін!
Адам ғып жүрек, сүйетін құдірет бергенмен,
Махаббат дерттің дауасын тапқан кемнен-кем!
Зарығу болған, тарығу болған мүмкін ол
Тұратын шығар табынып, жылап, еңіреуден,
Тұратын шығар табынып, жылап, еңіреуден,
(Жыр жазған шығар мендей бір ақын тебіренген.)
Дүниені жуып, дүниені шайып тазартқан
Ғашықтық дерті аумайды жаңбыр, желдерден.
Ғашықтық дерті аумайды жаңбыр, желдерден,
Жаңбырым, желім – жалғызым менің, кел бермен!
Тазарсын менің бойдағы пәле-құзғыным,
Бір ғана дәттен, бір ғана сәттен сен берген.
Бір ғана дәттен, бір ғана сәттен сен берген,
Сен де өлмейсің ғой, ал одан кейін мен де өлмен.
Басымызға біздің Қозы мен Баян секілді
Ортақ құлпытас қоймайды ешкім өлгенмен.
Бір ғана белгі қояр да, қоймас, қоя алмас,
Тас қойып барып табынғанға ешкім оянбас.
…Деміңді үрлеп, дертіңді қалай беріп ең,
Одан да маған соны айтшы, қалқам, ең алғаш.
Деміңді үрлеп, дертіңді қалай беріп ең,
Еркімді билеп, еркіңді қалай беріп ең?
Сертімді алып, сертіңді қалай беріп ең,
Махаббат – уға елтуді қалай үйретіп,
Өртіңді талай өшіріп барып өліп ем.
– Өлтірдің! – десең, өліп те саған сеніп ем,
Сенімен бәрі, болды ғой бәрі сенімен…
Шын ғашық болсаң, сен дағы мені бір жылат,
Тәтті бір түстей көзімнің алдын бұлдырат!
Жұмағың жұмақ, тозағың да қат, қимасым,
Көзіңнен бір күн ұшармын мен де, біл бірақ!
* * *
Кеттің ұшып, қалдым жерде,
Сағынышқа салдың демде…
Сен – көктесің, мен – жердемін,
Сен – періште, мен – пендемін,
Жаутаңдаймын әркімдерге…
Кеттің ұшып, қалдым жерде,
Жаутаңдаймын әркімдерге.
Көкте кімге жолығарсың,
Жерді бірақ сағынарсың,
Тәлкектейді, тағдырға ерме!
Тағдырға ерме, тәлкек етер,
Сені мен ғой еркелетер.
Мүмкін жұрттың не демеуі,
Болма көктің көбелегі
Елтең етер, селтең етер.
Болма көктің көбелегі,
Өзге оттың не керегі?
Ессіз-түссіз бір сезімді,
Еске түсір бір сөзіңді,
Жеке…жеме-жемедегі.
* * *
Кеттің ұшып құс секілді,
Көргеніміз түс секілді,
Қорқам бірақ жоруға.
Рақаты көп тұс секілді,
Қылмысы жоқ іс секілді,
Қалқам, бірақ соңында
Суға шайған нәл секілді,
Тарағанмен, бар секілді
Денемізде дағы әлі.
…Түн түндігін қанша түрді,
Қайта еңкейді, қанша өкінді,
Жазды уақыт жараны.
Құс секілді қайта қондың,
Қайта қондың, қайда қондың?..
Қайран өмір қақтығыс.
Қырды шарлап, ойда жүрдің,
Тәлкегін-ай, тәйірі, өмірдің,
Тәтті дүниең – тәтті түс.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ