Зымырап жылдар өтті көп,
Зуылдай ағып сан айлар,
тағы да мені тепкілеп,
жүндемек болды талайлар.
Кісіні
бетке қаратпас
бірімін
деуші ем, текті ердің,
өзіммен теңдес
әрі аттас
зәлімнен жәбір көп көрдім.
Таусылып кейде хал-шама,
тарығып
тұрған кездерде,
қиянат
көрдім қаншама.
есіріп алған езден де.
Тимеді кімнің кесірі,
қиналып,
қанша
шарқ ұрдым,
Есіме түспей есімі
жоқтадым орнын Қартымның.
Көргенде қорлық нелер көп,
топырлап талай тоқ қарын,
қиқулап жетіп келер деп,
Қартымды қанша жоқтадым!
Тұрғанда кеше күйініп,
кетіріп қулар ер нарқын,
қамшысын қолда үйіріп,
жетпеді неге сол қартым?!
Аңырап әлде сасам ба,
аяқтан алып түрлі дау, –
қаһарлы Қартым, қашан да
сен ғана жетпей жүрдің-ау!
…Көңілді торлап түрлі арман,
Қиырды шолам мұндайда:
Қиқулап жетер қырлардан
қадірлі Қартым жүр қайда?!
Сәкен Иманасов