…Күрт үзілді үміті,
қиялы да,
тимейді енді ешкімге зияны да,
Қорғаймын деп жеткенде ол асыға,
моласына айналды қия мына…
Іздегенін кім білсін өзге нені, –
Қожа болып, қырымды кезбек еді.
Қыршынынан жалғыз оқ қиып түсті,
тура нені тұр еді көздегелі.
Қақ жүректен қанжарын қадағалы,
Келе жатқан,
қабынып қағанағы.
Құлақ кесті құл етіп алмақ еді,
салмақ еді ойранды далама әлі.
Бұйырғандай тек соған жүру үстем,
бүрмек еді біздерді бір уыспен.
арманы еді –
ұлыңды қорлап күліп,
зорлап тұрып қызыңды –
күлу іштен.
Жау емес пе жұлқынып далама енген,
аз дейсің бе сұмдығы ала келген,
Өлген иттей ендігі түрі мынау,
көктен келіп аяғы қала берген.
Сұр жебесін сұмырай кезеніпті,
қаны қатып ішіне, безеріпті,
Өлтірем деп келгенде өзгемізді,
өлерменнің,
ақыры, өзі өліпті.
Тұрған жоқпын өлігін қорлағалы,
көңіл бірақ еріксіз толғанады:
Топырақ та бір уыс бұйырмапты-ау,
басып алмақ болғанда мол даланы.
Тынды осылай үміті, қиялы да,
тимейді енді ешкімге зияны да,
Таптасам деп келгенде ол асыға,
моласына айналды қия мына…
Өз елі де белгісіз батыр демес,
тынды осылай арада ақырғы егес.
Басы қалған біреу бұл жортуылда,
енді менің жауым да, жатым да емес..
Сәкен Иманасов