Қалмас па екен бір белгі

Түйілемін,
түнерем,
басқа қызық аздай-ақ.
Кімге керек бұл өлең,
қойсам ба екен жазбай-ақ!
Тіркелсем деп тізімге,
Тірлік кешіп жүрмін бе, –
Болар-болмас ізің де
Кімге керек бұл күнде.
Ауыр болды жолым да,
Жел көтеріп іргемді,
Шынымен-ақ,
соңымда
қалмас па екен бір белгі?
Таусылмасын тағатым,
Дүние де өзгерер…
Келер әлі сан ақын,
туар асыл сөз нелер.
Бір ақыны түздің де
тауға шығып,
жол қарар,
жырымызды біздің де
жымың қағып,
қолға алар…
Еліктіріп өзін бір,
ашылар ма тың арна,
Жүгіртер ме көзін құр,
Жыламсырап тұрар ма?
Өзі де ерлік жасардай,
қадалар ма асқарға, –
оқыр ма екен бас алмай,
лақтырып тастар ма!
Сауырға ұрып саңлақты
Кезер ме өткен күндерді, –
Қалай ғана қалмапты
бүгінгіден бір белгі?
Ойға шомып кенеттен, –
Өткен шақтың мұңы! – дер.
Дүбірлетіп мен өткен
Тірлікке де үңілер.
Кісінесіп алдынан
Шығар ма екен құр аттар, –
Ойпаттарым –
орғыған,
қарғып өткен қыраттар!
Жарқ-жарқ етіп жас тұлға
жұлдыз болып аққаным,
Қызыл тудың астында,
қыза-қыза шапқаным!
Күнде көрген көп белес,
өтпес пе екен алдынан, –
біреулерге кеткен өш,
бұрқыраған таңғы ұран.
Қырымда өткен көп қызық,
дүрілдеткен дүрмектер,
бірте-бірте ет қызып,
біздер көрген құрметтер!
Таң болып та атқаным,
Күн болып та батқаным.
Құтыла алмай қайғыдан,
Күңіреніп жатқаным!
Көз алдынан өтер ме
Күйінгенім,
күлгенім,
Қылыш сілтеп бекерге,
қиналып та жүргенім!
Жақсыларға жолыққан,
жамандықтан торыққан.
Айтқан кезім асқақ ән,
Қайтқан кезім жорықтан…
Жарқырап та жанып ем,
Жарық қылып түндерді –
Осылардың бәрінен
Қалмап па екен бір белгі?
Жалғыз қаздың үніндей,
Жетпеді ме дауысым?
Өтпеді ме дүбірлей
Дүрліктіре тау ішін?
Қалмап па екен қадірім,
алданбап ем азға мен, –
айтып едім әділін,
ақиқатын жазған ем!
Көкейінде бір ырғақ
құйқылжыр ма оның да, –
Шындық болып шырылдап,
тұрар ма екен қолында!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *