Дауылы, жауынымен ерегесіп,
тұрды бір ауламызда терек өсіп,
жел жұлқып жапырағын, ойнаушы еді
үстінен ақша бұлттар өре көшіп.
Қалпында омырауын далаға ашқан,
біріне көңіл бөліп, қарамастан,
бабымен баяу ғана теңселеді,
өзі де еңселі еді бар ағаштан.
Қызығып қарағандай кең өлкесі,
бұтағы бітік өскен ел еркесі,
ішетін, тамыр алып, тереңнен су,
түсетін күндік жерге көлеңкесі.
Бұйырып мандайына – тұрмау ықта,
оңаша өсіп еді құмдауытта.
Көз салып,
Көңіл бөліп қарамады,
оралған аяғына шырмауыққа.
Күніге көлеңкелеп кесек ерді,
шырмауық бірте-бірте өсе берді,
бағдарлап ана жақты,
мына жақты,
танымай бара жатты кешегі елді.
Аспанға шыққан емес ол атылып,
бәйтерек балағына оратылып,
мінсем деп қиялдады мойынға әлі,
шырынын бойындағы сора тұрып.
Көрмеген зәндемі еді күліп кесек,
соңынан мұндайлардың жүріп пе өсек,
ақырын қолтығына кіре берді,
болды да жатып жастық,
тұрып төсек.
Көзінің алар ма деп қиығына,
асылып, еркеледі, иығына,
айнала әмірінің бәрі жүріп,
болмады Тәңірінің тыйымы да.
Айнала ағаш біткен қуарғалы,
жетіліп,
шырмауық та «жуандады».
Көрді ме енді өзінің талайынан,
Терек те маңайынан қуа алмады.
Қыңқ етпес жабылса да барлық алып,
қуаты кетейін деп қалды ма анық, –
сол еді шырмауықтың күткені де
бір күні алқымынан алды барып.
Аясын әзәзілдей шіркін кімді,
айырылмай, қыл мойыннан қылғындырды.
(Тағдыры тәлкек етсе, бәйтерек те,
болмайды-ау қолындағы шырпың ғұрлы!)
Қызыға қарағанда күллі теңі,
шырылдап, шырмауыққа тіл бітеді:
«Шіркіннің, діні қандай берік еді,
көрсетпей келіп еді күнді, тегі!
Қасқиып тұрғандығы кімге керек.
Несіне баяғыдан жүргем елеп?
Ысырып гүлді шетке, түрлі шөп те, –
қысылып, көптен бері үндемеп ек!
Не заман іштен тынып, тіл қатпадық,
қашанғы тұра бермек сымбаттанып.
Қыл бұрау қылша мойнын қиып бір күн,
құлайды тамырынан қурап барып.
Десек те биік өскен терек еді,
жетпей ме елдің де осы елегені.
Мезгілсіз қурап қалған бәйтеректен
жақсырақ көреді жұрт бөренені!»
Келеңсіз кергенімен көкіректі,
бекерге шырмауық та көкімепті.
Ақыры бәйтеректі кесіп алып,
біреулер қыста жағар отын етті.
Сәкен Иманасов