Тентек

Тау етегін бойлап аққан,
орағытып өз елін,
жағасында ойға батқан,
қой да баққан, өзенім!
Бүгінгідей келте ме едің
кемелденген кезіңде? –
Осы өңірге еркеледің,
тентек едің өзің де.
таудан төмен құлап таңда
ақтың
елді аралай,
кішігірім бұлақтарға,
құрақ,
талға қарамай…
Алакөлдің бақша,
бағы,
аузын ашып ақ таңда,
айдынында ақ шабағы,
асыр салып жатқанда;
асыр салып ақ көбігің,
айбыныңа таң қалып,
ағайынның ат көлігін
арбасымен аударып;
ара-тұра долыланып,
толып ағып арнаңда,
арыстандай болып анық
атылғанда жардан да;
күтіп алып қырдағы елі,
құтты
өзенім –
қойны асыл,
жағаңда
сан тұрған еді
қызығыңа тоймас ұл!
…Сол сөзіме сенбей барған
Сенімсіздеу құрбыммен,
тобығымнан келмей қалған
Суды
кешіп тұрмын мен.
Екі көзі жылтыраған
жетім лақ секілді, –
шығып жатқан бір тұмадан
суға жудым бетімді.
Қала берген желкедегі
қараймын да жарға анау, –
өзен аты Тентек еді,
деуге де тіл бармады-ау!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *