Күркіремей жүрсің неге,
қайда сонау асқақ үн? –
Ақыры кеп құр сүлдеге
айнала да бастадың.
Үнің қайда бұрынғы өктем,
дүрілдеткен мұндайда?
Аңсай күткен қырың көптен
ағыл-тегіл жыр қайда?
Асқақ тұрар бас пайдадан,
өшті неге отты үнің?
Тәуекел деп тас шайнаған
екпінің де жоқ бүгін!..
Сексеуілдің қозасындай,
жылтырайсың аздап құр,
Басымыздан сөз асырмай,
жүрмеуші ме ек маздап бір!
Айқай десе – бұрын кетіп,
көкіректе жоқ тыным,
Айналаны дірілдетіп,
тұрушы еді-ау өткір үн!
Елді ықтырып түрің, кейпің,
кеше неге желіктің.
көкірегің гүрілдейтін
қызуындай көріктің.
Қайғың асып жатқан бастан,
қаншама азап шекпедің,
Соның бәрін ақтармастан
жүре берем деп пе едің?
Әлде барлық асау ырық
бұғауланып білекке,
Балтыр сыздап, бас ауырып
бағынбай ма жүрек те?
Жалындап бір жанбайсың да,
Көтермейсің еңсеңді,
Қоламта боп қалмайсың ба,
Сілкініп те көрші енді.
Бұйырмағаны маңдайыңа
өртену ғой ежелден, –
Шаң жұқтырып шалғайыңа,
Қыр соңыңнан сөз ерген
Шырқашы енді тынбай барып,
дүр сілкініп сен демде, –
Біржолата күлге айналып,
сөнеді ақын – сөнгенде!
Сәкен Иманасов