Жаралы құс

Жанары жәудіреген жаралы құс,
жалғанға жалғыз ғана қара дұрыс!
Асқақтай да алмадың ақырғы рет,
апыр-ау, қайда тастап барады күш?!
Қарашы айналаңа соңғы рет бір, –
аспан да айрықша мөлдіреп тұр!
Әлгінде,
міне, мынау
Көкте самғап,
өтінде жүр едің-ау желдің өткір.
Жеткенде осы араға жер түбінен,
жеңілем деп пе ең, сірә, сен тіріден?
Әп-сәтте азаттығың адыра қап,
апыр-ай, қалай ғана мертігіп ең?
Жүр едің жаңа ғана шарлап көкті,
дүние бұлаң қағып,
алдап кетті.
Қарқылдап қарға-құзғын қаптай берді,
бұйырса –
сенен де бір –
алмақ кекті.
Ызалы,
іште бұққан сезімді үрлеп,
тірліктен біржолата безіндірмек,
шуылдап жетті қанша
жүргендер де
зуылдап ұшқаныңның өзін күндеп.
Бар ма деп, бойында бір әл құтқармақ,
жүр бәрі
төңіректеп,
аңдып,
барлап,
Кешегі жел жағыңнан жүре алмаған
байғұстар да басыңа саңғып қалмақ.
Ағы да,
аласы да,
қарасы да,
сұңқылдап келіп жатыр бәрі асыға,
Дүние шуылдаған шіріктердің
Шынымен қалдыра ма табасына!
Жанарың жанып-сөніп, жаралы құс,
Әл кетіп, азайып-ақ барады күш,
Жаманға жалбарынбай,
ақырғы рет,
жалғанда жалт етіп бір қара дұрыс.
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *