Бас имек ем байырғы босағама,
орны ғайып болыпты,
ошағы – ада.
Кеше ғана киелі мекен еді,
ата-бабам сүйегі осы арада!
Қасыма ерген қаршадай қос ұланға,
ауылым бар, деуші едім, осы маңда.
Түп көтеріп әкеткен қандай пәле,
түгелімен түсінен шошыған ба?!
Ескі ошақтың орны жоқ,
болды ғайып,
қайда барып байыздап,
орнығайық!
Үркіп ұшқан көңілдің көгершінін,
енді қалай орнына қондырайық?
Алмақ едім аунатып құмдағыңа,
не бетімді айтамын ұлдарыма?
Алдымызда болғандай күнәлі анық,
жылап ағып барады жылға мына.
Көп жыл салып араға,
үзіліспен,
келіп едім, –
асқанда қызым үштен.
Теріс қарап аға ма Тентек өзен,
тұнығынан тұлпарым жүзіп ішкен?
Қаншама жыл қаперсіз күндер кешіп,
елім бар деп осында, жүргем бөсіп,
Баяғыда бәріне пана болған,
«Бес ағашты» әкеткен кімдер кесіп?
Ділге берік жер еді, тілге бекем,
қоныстарың ендігі мүлде бөтен,
Ауылымды,
ел аман, жұрт тынышта,
Жылы орнынан қозғаған кімдер екен?
Өзенім де өгейсіп,
өткелдерім,
өкінішпен қарайды көк белдерім.
Жарамаған екен де,
зиялы ата
зиратынан жырақтау кеткендерің!
Өкпелерім кім бүгін,
кінәларым? –
жарамаған, жігіттер, мыналарың!
Суаларын, кім білген, дәл осылай,
тасты жарып жататын тұмаларым
Сәкен Иманасов