Әппақ таң.
Күнде осындай нұрлы ма едің!
Келесің құшып-сүйіп қырдың елін.
Асығыс суырады Іле-дария
Алатау басып қалған бір білегін.
Бел асып,
Бері қарай күн биіктеп,
Жадырап сала берді тұңғиық көк.
Жадырап жасыл енді жаратылыс,
Тамылжып,
Таңғы әуенге тұрды ұйып тек…
Дүние-ау,
Күнде осындай нұрлы ма едің?
Жүрегім жиі соғып тұрды менің.
Аймалап әппақ сәуле
Көз алдымда
Келеді құшып-сүйіп қырдың елін!
Шалғайға шақыра ма шыңдар ымдай,
Шырқап та кеткім келіп тұрғанымды-ай!
Жаз өлкем,
Жақын тартып барасың-ау,
Өзімнің осы жазған жырларымдай.
Сәкен Иманасов