Таңғы шықтай тамғалы тұрған әрең,
тамағында дірілдеп бір қара мең,
Қаз омырау қашырып дегбірімді,
қарап қойып отырдым ұрлана мен…
Алтын сәуле төсіңнен тарап өңге,
жүгіреді сан-саққа сана демде.
Еркімді алып,
есімді,
сұрымды алып,
діріл қағып қояды қара мең де…
Ақ қағаздың бетінде қалған үтір
секілденіп,
қара мең тамғалы тұр…
Іліп алып,
жұтып-ақ қойсам деуге,
қайтейін-ай, қарағым, бармады тіл…
Тамғалы тұр қара мең,
тамғалы тұр…
Сәкен Иманасов